Кабул тұрғынымен сұхбат: Талибан билігіндегі Ауғанстан жағдайы қалай?

cover

15 тамызда (Қазақстанда тыйым салынған) Талибан қозғалысы Ауғанстанда өз билігін орнатты. Сол күні президент Ашраф Ғани елден қашып кетті. Оның үкіметі құлап, үкімет бақылауындағы соңғы қала содырлардың қарамағына өтті. Елорданы Талибандар басып алған кезде Батыс елдердің дипломатиялық миссиялары өз қызметкерлерін эвакуациялады. Кейбір тұрғындар үрейленіп, елден кетуге жалғыз қалған порт Кабул әуежайына жүгірді. Өкінішке қарай, барлығы елден шығып кете алмады.

Orda.kz редакциясы қазір Түркияда жүрген, ал Кабулда отбасы мен достары бар Ауғанстан азаматымен байланысқа шықты.

Кабулдың 25 жастағы тұрғыны Джавид Рашид 2021 жылдың маусымында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін экономист мамандығы бойынша оқуын бітіріп, осы жазда Анкарада магистратураға оқуға түскен.

- Мен кеткенде бұлай болады деп ойламаппын. Бәрі қалыпты болар дедім. Дипломымды алып, туған жерге оралып, жұмыс істеймін деп армандадым. Маусымда кейбір провинцияларда шайқастар болып жатты, бірақ ірі қалаларда бәрі тыныш болды. Соңғы 2-3 аптада Талибандар ірі қалаларды басып алды. Үкіметтік әскерлерде қару-жарақ болды. Бірақ білуімше, оларға атуға рұқсат берілмеді, - дейді Джавид.

Қазір Түркиядағы жас жігіт Кабулда тұратын жақындарын уайымдап отыр. Ол сондай-ақ неге жергілікті тұрғындар Талибаннан қорқатынын түсіндірді.

- Бүгін (15 тамыз) мен олармен сөйлескенмін. Оларды бәрі жақсы, тыныш. Сағат сайын хабарласып тұрамын. Жалпы Кабулда бәрі тыныш. Бірақ халық әлі де Талибандардан қорқады. Бүгін адамдар көшеге қарай безді, кейбірі соғыстан қорқып жаппай азық-түлік сатып ала бастады, - дейді ауған азаматы.

Неге тұрғындар Талибандардан қорқады?

Оның айтуынша, әйелдер мен этникалық және діни азшылық өкілдерінің құқықтарына қатысты халық пен талибандар арасындағы қарым-қатынас жиі шиеленіседі. Ауғандықтар жаңа үкімет әйел құқығын бұзады деген ойда: оларға үйден тыс жерде жұмыс істеуге және үйлерінен шығуға тыйым салынуы мүмкін, ал қыздар ерте тұрмыс құруға мәжбүр болуы мүмкін:

- Ұлттық азшылықтарға парламентте жұмыс істеуге рұқсат берілмейді. Олар жоғары лауазымдарды, мысалы, министр бола алмайды. Жалпы, демократиялық республика болмайды. Бүгінге дейін бәрі жақсы болды: әйелдер парламент мүшесі бола алды. Халық Талибанды қолдамайды. Оларды Ресей, Иран, Сауд Арабиясы және кейбір араб елдері ғана жақтайды. Ең қатты қолдау көрсететін – Пәкістан. Тәліптер Пәкістанда әскери дайындықтан өтеді.

Ол сонымен қатар ауған халқы АҚШ-тың «оларды тастап кеткендеріне» ренжігенін айтты.

Джавид жастардың болашағына да алаңдайды. Оның айтуынша, Ауғанстандағы қазіргі жастар білімді, озық және зайырлы көзқараста.

- Көбісі шетелде оқуды армандайды. Бірақ тәліптер келгенде оларға шетелде оқуға рұқсат берілмейді. 1996-2001 жылдары солай болған. Мен содан бері көп нәрсе өзгергеніне сенімді емеспін (Талибан идеологиясында), - деп алаңдады Джавид.

- Менің жанымда Ауғанстаннан шетелге оқуға кеткен достарым бар, бірақ олар аз. Көбіне үкіметте жұмыс істейтін адамдардың отбасыларында ғана мұндай мүмкіндік бар. Көбінің жағдайы жетпейді, ақшалары жоқ. Олар не болса да, Ауғанстанда қаламыз дейді. Қайтсін? Қорқынышта болсын өмір сүреді, басқа амал жоқ, - деп Джавид отандастарының қазіргі күйімен бөлісті.

Армандарымен қош айтысуға тура келеді

Жігіт отбасының болашағына алаңдаулы. Оның мектеп пен жоғары оқу орындарында оқитын әпкелері бар, кейбірі дипломын алып үлгерген.

- Әркімнің үлкен амбициясы мен арманы бар, олар жақсы жұмысқа орналасуды армандаған. Оқып, жұмыс істегісі келді. Менің ойымша, оларға бұл армандарымен қош айтысуға тура келеді. Енді ештеңе де бұрынғыдай болмайды, - дейді Джавид.

15 тамызда alarabiya.news телеарнасы Талибандар әйелдерге ерлерсіз жүруге және жұмыс істеуіне, үйлерінен шығуына рұқсат береді деген мәлімдемесін таратқан.  Тіпті, БАҚ өкілдеріне елдегі жағдайға баға беруге рұқсат етілген. Алайда Батыс БАҚ Талибандар басып алған аймақтарда, уәделер орындалмай жатқанын хабарлады. Джавид бұл жаңалыққа ұстамдылықпен және күмәнмен қарады.

- Менің ойымша, олар бүкіл әлемді сендіргісі келіп отыр. Бірақ болашақта олардың не істейтіндері ешкім білмейді. Бұл (мәлімдеме) олардың насихаты, - дейді ауғандық.

15 тамызда әлеуметтік желілерде сұлулық салондарының жарнамасындағы әйелдердің бейнесі боялғаны туралы ақпарат тарады. Джавид бұл ақпаратты растады. Бірақ оны Талибандар емес, «жергілікті халық қорқыныштан істеді» дейді.

Джавидтің айтуынша, Талибандар қыздарға жоғарғы оқу орнына бармақ түгілі, сұлулық салондарына да баруға тыйым салады. Барлық салондар жабылады, ал иелері жазалануы мүмкін.

Джавидтің әлі Ауғанстанға оралғысы келмейді. Дегенмен, ол елде бәрі тыныш болады деген үмітте.

- Егер Ауғанстанда бәрі тыныш болса, онда мен, әрине, қайтып оралып, Отанымның игілігі үшін жұмыс істеймін. Бірақ соғыс тоқтамаса, онда Түркия рұқсатымен мұнда қалудан басқа амал жоқ. Мен елге қайтып оралсам Талибандар мені ұстап, неге шетелге барғанымды сұрайды. Қазір көп елдер Ауғанстанмен шекараларын жапты. Ешкім виза бермейді, біздің халқымыздың барар жері жоқ. Бізді ешкім естімейді. Біз бақытсыздықпен жалғыз қалдық, - деп ашынады Джавид Рашид.

Еске салсақ, 15 тамызға қараған түні Талибан содырлары үкімет әскерінің бақылауындағы ірі қала Кабулға кірді. Сол күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті, оның үкіметі құлады. Талибандар елорданың үлкен бөлігін бақылауға алып, президент сарайын басып алды.

Батыс дипломатиялық миссиялары өз қызметкерлерін эвакуациялай бастады. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы елшіліктің жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады, бірақ қазақтар елден кетті.

Авторы: Бағдат Асылбек

Аударған: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар