ЮНИСЕФ басшысы: Қазақстанда балалар денсаулығы жақсы қорғалған

cover Фото: ҚР ДСМ

ЮНИСЕФ басшысы Орталық Азия елдері арасында Қазақстанда балалар денсаулығын қорғау жағдайы озық екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.      

ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвармен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын, сондай-ақ Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Министр ЮНИСЕФ-тің әмбебап прогрессивті патронаждық бақылау моделін (ӘППБМ) дамытуға қосқан маңызды үлесін атап өтіп, балалар мен отбасыларға алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жетілдіруде ұйымның қолдауының маңыздылығына тоқталды.

 

Қазақстанда Орталық Азия өңірінде балалар өлімі көрсеткіштері төмен. Көрші елдермен айырмашылық 1,5–3 есе аралығында, бұл біздің елдегі денсаулық сақтау жүйесінің деңгейін, медициналық көмектің қолжетімділігі және ресурстық қамтамасыз етудің қолжетімді екенін білдіреді.

Атап айтсақ, ЮНИСЕФ, БҰҰ, ДДСҰ, IGME және Дүниежүзілік банк тобының бірлескен есебіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда неонаталдық өлім көрсеткіші 3,9‰ болды. Бұл — Орталық Азия елдері арасындағы ең төмен көрсеткіш. Дамыған елдермен салыстырғанда, бұл көрсеткіш іс жүзінде АҚШ-пен (3,7)  теңескен.

«Қол жеткізген жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Балалардың игілігі жолындағы жұмыс табандылықты, жүйелі тәсілді және тұрақты назарды талап етеді. Сіздерде бұл үшін қажетті күш-жігер бар. Халқы кең аумаққа шашырап орналасқан осындай үлкен елде ана өлімін төмендету — өте күрделі міндет. Сіздердің тәжірибелеріңіз бірегей, өйткені ол тек елеулі ресурстарды ғана емес, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Сіздерде халықаралық деңгейде бөлісуге болатын құнды тәжірибе бар», — деп атап өтті ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы. 

Кездесуде балалардың ерте дамуы, психикалық денсаулықты нығайту, бала құқығын қорғау, сондай-ақ балалар мен жастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ақпарат пен қызметтерге қолжетімділікті кеңейту мәселелері қаралды.

2026–2030 жылдарға арналған Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің жаңа Елдік бағдарламасы талқыланды. Бұл бағдарлама балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін растады. Ынтымақтастықтың басым бөлігі ретінде педиатриялық көмек сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ерте ержету, балалар семіздігінің алдын алу шараларын іске асыру, сондай-ақ балалардың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету қаралды.

Еске салсақ, ЮНИСЕФ (UNICEF) - Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (United Nations Children's Fund), БҰҰ қамқорлығымен жұмыс істейтін халықаралық гуманитарлық ұйым. Ол 1946 жылғы 11 желтоқсанда екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі балаларды қорғау үшін құрылды. Қазір бала құқығы мен денсаулығын қорғау мақсатында 190 елде жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар