Еркін Рақышев: «10 жыл өміріңізді аман сақтап қалыңыз»

cover

Көпшілікке «Жетімдер», «Менің де атым Қожа», «М-Агент», «Жаралы сезім» фильмдерімен танымал Еркін Рақышевтың жүрегі неге жаралы? Бұл біздің асыра сілтегеніміз емес, тура мағынада режиссер, сценарий авторы Еркін Рақышов осыдан бірнеше жыл бұрын 20 шақты рет дәрігер шақыртып, үш жылда бес рет ауруханада жатып шыққан болатын.

Талай жылдар бойы жүрек ауруынан айыға алмаған ол ауруымен күресу үшін шетел асып, жапон халқына сапар шегіп, сұрақтарына жауап тауып келген болатын. Ендеше, бүгін біз сол Еркін Рақышевпен сұхбат жүргізіп, ауырып жүрген жүрек еміне бірге дауа іздейтін боламыз!

Осыдан бірнеше жыл бұрын жүрегіңіз ауырып, ауруханаға түсіп қанша емделсеңізде өз бетіңізше ізденбейінше, толығымен айықпадым деген екенсіз. Бұл сөзіңіз сонда еліміздегі медицина сапасының сын көтермейтініне дәлел болғаны ма?

— Алғашында 3 жылда 20 шақты рет дәрігер шақыртып, бес рет ауруханада жатқанымда, бесінші рет дәрігерлерге өкпемді арқалап кеткен едім. Оларға қатты ренжідім. Себебі, олар мені дұрыс емдей алмағандықтан, қайта-қайта ауруханаға түсе бердім. Сол күннен бастап мен жүрек аурулары жолдарын өз бетімше іздей отырып, Жапония медицинасын негізге алдым. Өйткені, әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін ұлт – жапондар.

Жапон кардиологтарымен сөйлесе келе, біздің дәрігерлердің мені неге толық емдей алмағандықтарын түсіндім. Бәрімізге мәлім, біздің елімізде жүрек ауруларын тек дәрі-дәрмекпен, не болмаса отамен ғана емдейді. Сөйтсек, жүрек ауруларынан жазылудың 30%-ы ғана дәрі-дәрмекке, қалған 70%-ы аурудың алдын алуға, профилактикаға байланысты екен.

Өкінішке қарай біздің елде аурудың алдын алуды ЖОО-да оқытпайды, ол бойынша емдемейді де. Бүгінгі таңда жүрек ауруынан елімізде жылына 40 мыңнан астам адам қайтыс болады екен. Ал профилактиканы енгізгенде бұл көрсеткіш төмендер еді. Себебі, Америка, Израил, Финляндия сияқты мемлекеттерде жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу бағдарламасы қабылданғаннан кейін, инфаркт және инсультпен ауыратын адамдар саны 60-65%-ға дейін төмендеген. Демек, бұған басты кінәлі дәрігерлер емес, елдегі емдеу жүйесі.

Елдегі медицина жағдайы жалпақ жұртқа мәлім. Қалай ойлайсыз, бұған жауапты кімдер? Дұрыс медициналық білім бере алмаған оқу орындары ма, әлде білім алуға құштар емес жастардың өзі ме?

— Мысал ретінде, дамыған елдерде аурудың шығу себептері мен алдын-алу жолдарын оқытады. Ал біздің ЖОО-да ауырғаннан кейінгі емделу жолдарын ғана оқытып жатады. Оның себебімен емес салдарымен күреседі. Сонымен қатар, бұған Қытайдың ықпалындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тікелей қатысы бар. Ол ұйымнан былтыр Американың өзі шығып кеткен. Ондағы мақсат — халықты емдеу емес, өздерінің бизнесін жүргізу.

Неге Жапонияға бардыңыз, басқа мемлекетке емес?

— Себебі, Жапонияның медицинасы жақсы дамыған, сонымен қатар адамдарының орташа өмір сүру жасы — 84 жас. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш — 64 жас. Олардың ұзақ жасау сырлары теңіз балдырларын, балықтарын жегеннен деп ойлағам. Жапонияда жүрек ауруларының алдын алу ол жақта жақсы дамыған болып шықты.

Жапония халқынан үлгі алу керек жерлеріміз?

Бүгінгі биліктің жүргізіп отырған саясаты – қараңғыда жолсыз жолмен жүріп келе жатқан көлікке ұқсайды. Ол көліктің не жарығы, не рөлі жоқ. Бірақ, жүргізушісі екеу. Біреуі тежегішті басып отырса, екіншісі газды басып озады. Біздің бүгінгі экономикалық саяси ахуалымыз дәл осындай болып тұр. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Оған себеп бүгінгі биліктің халықты емес өзін ғана ойлауы болып отыр.

Ауырмайтын жол іздеуді білмейтін қазақтар, жанымыз қысылғанда бірақ ем іздеп жатамыз. Қазақтар өзі нені дұрыс білмейді?

— Біздің бойымызда кеңестік дәуірде қалыптасқан, ауыра қалсақ дәрігер емдейді деген көзқарас бар. Бұл мүлде дұрыс емес. Дәрігерлер өздерінің қолындағы бар мүмкіншілікті ғана пайдалана алады.

Өмірден өтіп бара жатқан ақын- жазушы, ғұламалар тағы сәл ғана өмір сүру үшін бар байлықтарын беруге даяр екенін айтады екен. Ал адам баласы, жүрегі ауырмай тұрып, алдын алса өмірін 15 жылға дейін ұзарта алады.

Медицинаға сенбейтін халық көп, ауыра қалса емшілердің босағасын тоздырып әлек. Осы орайда, уақытты емшілерге емес, қалай тиімді етіп өткізуге болады?

— Емшілердің де дәрігерлерден еш айырмашылығы жоқ. Олар да ауырған кезде бірақ емдейді. Алдын-алуды үйретпейді. Адам баласы бәрінің, әсіресе жүрек ауруларының алдын алуы керек. Мәселен, сіз бір гүл ектіңіз делік, бірақ оған уақтылы күтім жасауды ұмыттыңыз. Ол бір күні қурап, өле бастағанда жалма-жан су құйдыңыз. Гүлдің жартысы шіріп кеткендіктен, оның тек 30 пайызы ғана күзге дейін әрең шыдайды екен. Денсаулықта дәл сондай күтімді қажет етеді, егер сіз денсаулығыңызға уақтылы күтім бермесеңіз, ол зақымданған кезде ғана емдей бастасаңыз, қалған ғұмырыңызды дәрі ішумен өткізесіз.  

Жапон халқының ұзақ өмір сүруінің сыры неде?

— Жапондықтар, жасы 50-55 тен асқан, жүрек ауруларының алдын алмайтын адамның қанының сапасы 10 жыл бойы көліктің маторының майын ауыстырмағанмен бірдей дейді. Сол себептен жапондықтар жүрек қан тамырларының алдын алуда үш бағыт бойынша күтім жасайды.

— Біріншісі – дұрыс тамақтану. Жүрек қан тамырлары ауруының шығуының басты себебінің бірі, адамның қаны қоюланып, тамырлар тарылады. Ал қан дұрыс тамақтанбағандықтан қоюланады (ащы, тұзды, майлы, қуырылған). Оның орнына қанды сұйылтатын, тамыр түтікшелерін тазалайтын тағамдар жеу керек. Ол тағамдардың құрамына балық, бұршақтұқымдас өнімдерді жиі қолданып, газдалған сусындар мен майонез, маргарин, фуд өнімдерден бас тартуымыз керек. Алма, мейіз, өрік жүрек ауруы бар адамдардың үстелінен үзілмегені абзал.  

Екінші — жаттығу жасаңыз. Бұл жапондықтардың сүйікті әдеті десек те болады, себебі, олар сондай тынымсыз әрі еңбекқор халық. Олар жүгіру, кешкі серуен, жалпы дене жаттығуларын жиі жасау арқылы денсаулықтарын нығайтып отырады.  

Үшінші — 10-15 минут жылы ванна қабылдаңыз. Ересек, жасы 45-55 тен асқан жапондықтардың барлығы дерлік кешкісін 10-15 минут бойы жылы ваннада отырады екен. Себебі, жылы су тамырды кеңейтеді. Ал кеңейген тамырдан қан жақсы айналады. Ал ванна болмаған жағдайда, жатар алды аяғыңызды жылы суға салып барып жатыңыз.

Кітабыңыз жүректің жұмыс істеуінің тиімділігіне арналған екен. Біздің қазақтың орташа жасы 64 жасты құраса, бұл кітаптағы жаттығуларды уақтылы жасау арқылы өмір жасымызды ұзартуға үміт бар ма?

— Денсаулық сақтау саласының аурудың алдын алуға қарағанда емдеуге бағытталғандығы айқын, көп жылдар бойы қалыптасқан бұл бағдарды тез арада профилактикалық бағытқа бұрудың да оңай еместігі түсінікті. Бұл кітаптың мақсаты — халықтың өлім-жітім саны бойынша бірінші орында тұратын жүрек ауруларының алдын алу профилактикасын халық арасында кеңінен тарату. 

Ақиқатында, адамның барлық дене мүшесі түнде адаммен бірге ұйқыға кетеді екен. Тек жүрек қана 24 сағат бойы адам баласына үздіксіз қызмет көрсетеді. Ендеше, жүрегіміздің айтқанын тыңдап, оған әркез тыныштық сыйлайық.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар