Елімізде такси қызметі 17%-ға қымбаттады

cover Фото: freepik.com

2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айлары аралығында Қазақстанда такси қызметін 174,5 млн жолаушы пайдаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Ал 2023 жылдың қаңтар–желтоқсанымен салыстырғанда 3,5 есе артық. 2026 жылдың қаңтар айында 22,9 млн адам тасымалданған. Бұл 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,1 есе көп. Яғни, жыл сайын такси қызметіне жүгінетіндер көбейіп келеді, деп хабарлайды Orda.kz Energyprom сайтына сілтеп. 

Алайда такси нарығы Қазақстан өңірлері бойынша біркелкі емес. 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында ел бойынша тасымалданған 174,5 млн жолаушының 60,7 миллионы немесе үштен бірінен астамы Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Көш басында Алматы қаласы тұр. Мегаполисте 33,2 млн адам такси қызметіне тапсырыс берген. Ал екінші орында — Астана. 27,6 млн адам.

Одан кейін Алматы облысы — 13,7 млн адам, Маңғыстау облысы — 12,1 млн адам, Шымкент — 10,4 млн адам. Ең аз жолаушы тасымалданған өңір — Ұлытау облысы. 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында небәрі 1,4 млн адам такси жалдаған. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (2,7 млн адам) және Шығыс Қазақстан (3,5 млн адам) облыстары тұр.

2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында Қазақстан бойынша такси кәсіпорындарының табысы 186,1 млрд теңге болған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда бір такси қызметінің орташа құны 1,1 мың теңге. Ал Алматы мен Астанада 1,4 мың теңге. Өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша такси қызметтері бір айда 1,8%-ға қымбаттаған. 2025 жылы бағалар ай сайын дерлік өсіп отырған. Тек тамыз айында ғана 0,3%-ға аздап төмендеген. Жылдық есеп бойынша такси бағасы 17%-ға өсті. 

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар