Елес кезген мекен: өлі риза болмай, тірі байымайды

cover

Тақырыпты зерттеу барысында сол бір қайталанатын аңыз, тылсымға толы сол бір мекенді кездестіруге болады. ORDA. өзінің оқырмандарын бәріне аян, бірақ құлақ естімеген жерлермен таныстырып, мамандардың пікірін топтастырды.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген шын ба?

Жансая Есенова, Ақши ауылының бұрынғы тұрғыны:

«Мен кіші қызымды алып кетуге Ақши ауылына барғанмын. Жанымда анам, құрбым және туысқанымның баласы болған. Құрбым көлік жүргізді. Ауыл әкімдігі болса, жақында Әулие Белағаш Ақұлының ескерткішін орнатты. Ары-бері өткен қонақтар ішіне кіріп құран оқып, жеті шелпек таратып кететін. Оны жиі үлкендерден еститінбіз. Кішкентайымнан естіген сөз құлағыма сіңгендіктен, еш ойланбастан ересектердің айтқанын істейтінмін.

Алайда, осы жолы қызыма асықтым ба, жолдан жалықтым ба жәй ғана өтіп кеттік. Кенеттен 500 метрден кейін құрбым көлікті басқара алмай қалды. Дөңгелек жарылды ма білмейміз. Бәрі тез болып кетті. Көзімді ашсам шудың даусын естідім, жан-жақта толған адам. Көзімді жұмып, ұйықтап кетіппін.

Осылайша 2,5 ай жан сақтау бөлімінде жаттым. Екі жылдай емделдім, апат салдарынан бірнеше ашық сынық алдым. Есімді жыйсам, ауруханада екенмін. Кейіннен маған жанымыздағы бір жасар бүлдіршін апатта мерт болғанын айтты. Анам басынан жарақат алған екен, ал өзім екі айдай ес-түссіз жатқам.

Осыдан кейін Әулие Белағаш Ақұлы есіме түсті. Білуімше, онда жол көлік апаты жиі орын алатын. Сұрастырып көрген едім, жол апатының көпшілігі кенеттен, еш себепсіз болатын көрінеді. Осыдан кейін Әулие жерлерге деген көзқарасым бір бөлек».

Белағаш Ақұлы – өз заманынының белгілі тұлғасы, батыр, би, емі шипалы тәуіп. Ол Жетісу жерінің Күрті топырағындағы Ақши атырабында дүниеге келген. Әулие Сарыүйсіннің Қалша деген тайпасынан шыққан. Алайда ол жатқан маңайда жиі жол көлік апаты орын алады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әулие атаға құран бағыштап өту керек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ауыл тұрғындары тіпті 2007 жылы Белағаш Ақұлының басына ескерткіш орнатты. Айта кетсек, желіде әулие баба туралы мәліметтер кездеспейді , тек аты аталады.

Исламда өлілер әлемімен байланыс болмайды

Қазба жұмыстарымен айналысатын археологтар тылсым дүние фантазерлардың туындысы деген ойда. Алайда, дінтанушылар жындар әлемін жоққа шығаруға болмайды дейді.

Асылбек Ізбайыров, дінтанушы:

«Ғылым тылсым дүниеге жауап бере алмайды. Бірақ мұндай дүниелерді жоққа шығаруға да болмайды. Олар бар. Мысалыға, құран бойынша жын әлемі деген кездеседі. Исламда өлілер әлемімен байланыс жоқ. Тек жын әлеміндегі кәпір жындар адам өмірімен әрекеттеседі. Сондықтан, әулиелер зираты адам өміріне әсер ете алады деген қате түсінік.

Аталған жын әлемінде де өзіндік процестер орын алады. Көптеген заттарды осы процестермен түсіндіруге болады. Ал жол бойында тұратын елестер өтірік болуы мүмкін, ол туралы ештеңе айта алмаймын».

https://www.youtube.com/watch?v=CutK6whjzP0

Еске салсақ, 2020 жылдың қарашасында Батыс Қазақстандағы елес қыз түсіп қалған видео ғаламтор қолданушыларын елең еткізді. Бірақ кейіннен анықталғандай видео жалған, яғни аталған өңірге қатысы жоқ екені расталды.

Естігеніңнің ешқайсысына, көргеніңнің жартысына сен

Желіде жүрген елестер мен тылсым дүниеге кезіккендер оны түсіріп әлек. Деректі тамашалаған көрермендер ұзақ уақыт ойда жүреді. Үрейге бой алдырып, тітіркенеді.

https://www.youtube.com/watch?v=gRICc2LAEgA

Әсел Жәнібекова, 10 ышқамауданының тұрғыны:

«6-сынып оқып жүргенімде, ағам қалаға көшіп кетті. Інім 3 жаста болғандықтан, үйлеріне жиі барып тұратынмын. Ағам мен жеңгем жұмыста. Інім екеуміз үйде. Күніне екі рет далада серуендейтінбіз. Осындай күндердің бірінде, қирап тұрған ғимаратты көрдік. Қызық көріп, ішіне кірдім. Інім қорқып, сыртта қалып қойды.

Бос тұрған ғимарат бастапқыда тартымды көрінді. Іші лас екен. Осылай ғимараттың екінші қабатына көтерілдім. Ғимаратты күйе басқаны болмаса, жарамды күйде екен. Ішін біраз аралап шықтым, арасында адамдар ішін дәл мен сияқты аралайтындығы көрінді. Ішінде жүргенімде, күйсандықтың даусы естілді. Бастапқыда мән бермедім, дауыс алыстан жақындай берді. Дауыстың қайдан шыққанын білгім келді, кенеттен екінші қабаттан бірінші қабатқа бір зат құлады. Жүрегім дір ете қалды. Далаға қалай ытқып шыққанымды білмей қалдым.

Ұзақ уақыт естіген әуен мен кенеттен шыққан дүрсілді ұмыта алмадым».

Қараусыз қалған балабақшалардың бірі туралы тұрғындар арасында аңыз бар. Ғаламторда ол туралы еш мәлімет жоқ. Ғимарат Алматыдағы 10 ықшам ауданында, Шаляпин көшесінің бойында орналасқан. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, ол жерде бұрын балабақша тұрған. Кезінде өрт болып, балалар мен тәрбиешілер зардап шеккен. Ішінде мерт болғандар да бар көрінеді. Тәрбиешілердің бірі алған жарақаттан, ұзақ уақыт есін жия алмаған. Кейіннен ол сол ғимараттың ішінде тұрып, ит асыраған. Тұрғындар «тәрбиеші алжасқан, серуендеуге шыққан балаларға иттерін жіберетін» дейді. Анықталғандай, кейіннен апайдың балалары аналарын күштеп өз үйіне әкеткен. Бірнеше күн өтпестен тәрбиеші тұратын пәтерде өрт болып, ол көз жұмған.

Бірі ескі балабақша ғимаратында қайтыс болған бүлдіршіндер жүр десе, бірі тәрбиеші өзін кінәлап, өткен-кеткен адамдардан ғимаратты күзетіп жүр дейді. Ал тылсым дыбыстар балабақша қабырғасындағы оқиғалардың жаңғырығы.

Ең тылсым дүние – сол жерлер

Жоғарыда айтылғандай, ғылым тылсым дүниені мойындамайды. Ескі ғимараттардағы дыбыстар мен жаңғырықтар, «елестер»-ді өз тәжірбиесінде жиі кездестіретін – сталкерлер (ешкім естімеген немесе өмірге қауіп тудыруы мүмкін жерлерді зерттеушілер –  ескерту ORDA).

Сталкерлер ұйымының жетекшісі, Владимир:

«Біздің топ Сарышаған полигонына барып, түнеген. Ол жер туралы түрлі аңыздар бар. Сарышаған полигоны туралы аңыздар санада жатталғаны соншалық біздің топтағы балалар қорқып, түрлі дауыстар естіді. Біреу келе жатқандай болды. Кейін ұйықтап жатқандарды оятып, жағдайды оңалтуға тырыстық. Сүйтсек, ғимараттың бұрышында сиырлар жайылып жүр екен. Оны тек жарықты қосқанда білдік. Оған дейін дауыстар естіп, бұталардың арасынан жылтыраған көздерді көрдік. Қасқыр ма, не ол деп қорықтық. Сүйтсек, жәй ғана сиыр екен.

Негізі ғимараттардағы кез келген дыбысты түсіндіруге болады. Ғимарат неғұрлым ескі болса, соғұрлым шулы болады. Секунд сайын бәрі үгітіліп, өзгеріске түсіп жатады.

Мен көптеген аңыздар бар жерлерде болғанмын. Тіпті, таныстарым елді шулатқан Медеудегі елестері бар үйге барып көрген. Осы салада жүргеніме 5-6  жылдай болып қалды, бірақ тылсым ештеңе кездестірмедім. Ешқандай жарық, тылсым жаратылыстарды да кездестірмедім.

Мен кездестірген ең тылсым дүние – сол жерлердің өздері, себебі олардың ішінде тарих жатыр. Ол дегенім, сен бір жерге келсең, осыған дейін онда не болғанын және қалай болғанын елестетесің. Тылсымдығы осында жатыр деп ойлаймын. Сен барған жеріңе толығымен сүңгисің.

Соңғы кездері өзімде зерттеулер жүргіздім. Дым жоқ, бәрі бос. Тіпті ғылымда әлі күнге дейін ешнәрсе дәлелденбеді. Кез келген ғылыми мақаланы ашып қарасақ, олар елесті дәлелтейтін деректер жалған дейді. Әсіресе қазір жалған ақпаратты тез анықтауға болады.

Ғаламтордағы мейлі ол Қазақстан болсын, мейлі басқа елдердегі кез келген фото-видеоны жоққа шығаруға болады. Оның барлығы қаралым жинау үшін ғана керек. Өзіңіз ештеңе ойламай барсаңыз, тылсым ешнәрсенің жоқтығына көз жеткізуге болады».

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар