«Дұшпанмен өткен өмір»: Зорлыққа қарсы шыққан фотограф 

cover Коллаж Orda.kz

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық өнерде, кинода, музыкада сонымен бірге фотографтардың жұмысында да көрініс тауып жатады.

Orda.kz зорлық-зомбылық жайлы тайсалмай айтқан фотограф өмірі жайлы және бір әннің тарихы жайлы ақпаратты назарларыңызға ұсынады.

Донна Феррато Фото: instagram / donnaferrato

«Жәбірленушілер үйінде»

Қадірлі оқырман, зорлық көрген әйелдердің үйінде түнеп қана қоймай,  оларға арналған баспаналардың табалдырығын тоздырып, полиция рейдтеріне еріп, жылдар бойы зерттеу жасаған Донна Феррато атты фотографтың суреттерін назарларыңызға ұсынамыз.

 

 Донна Феррато осындай суреттерді жинап, «Дұшпанмен өткен өмір» атты кітабын шығарады.

Бұл кітабы — отбасындағы зорлық-зомбылықты ашып көрсеткен, қоғамның назарын дәл осы әділетсіздікке аударған маңызды еңбек болды. Кітапта бұдан басқа суреттер де жетерлік. Солардың бір ерекшесі күйеуінің соққыларына шыдамай, өліп кеткен әйелдердің суреті.


Тарихтағы ең ықпалды 100 фотосурет

1980 жылдардың басында басталған жоба үйде ғана болып, жұрт көзінен тасада, қауқарсыз қалғандарға жасалған сұмдықтарды көрсетті.

 
Бір ер адамның әйелін аяусыз соққыға жығып жатқанын өз көзімен көрген соң, Ферратоның «отбасылық өмір» деген ұғымға көзқарасы түбегейлі өзгереді. Көпшілік оны осы еңбегінен кейін таныды.

Ол Юджин Смит қорының гранты және гуманистік фотосурет үшін Роберт Кеннеди сыйлығының иегері болды. Оның зорлық-зомбылық сәтін түсірген фотосуреті Time журналының «Тарихтағы ең ықпалды 100 фотосурет» тізіміне енді.

«Дұшпанмен өткен өмір» тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген стереотипке толы көзқарастарды өзгерткен маңызды мәдени артефакт болды. Сондай-ақ, Ферратоның фотосуреттері зорлық-зомбылықтың сұмдығын ғана емес, сонымен бірге құрбандарының төзімділігін де көрсетті. 

 

Қылмысты өршітетін көзқарас

«Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген,

 Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?

Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ».

 37 қара сөз, Абай.

«Дұшпанмен өткен өмір» сөзінің өзі Қазақстан қоғамында болып жатқан сұмдықтарды көрсететін секілді. Соңғы уақытта өршіп кеткен бұл қылмыс жайлы жаңалықты үнемі көзіміз шалатын болды. Бұның себебі неде? Бәлкім біздің қоғамның көзқарасын өзгерту керек шығар? Мысалы, ер адам «ұрып-соғуға қақылы» деп билік беретін сөздер бар. Әйел «отбасын сақтап», «қандай жағдай болса да көнуі керек» деген ойлар қазақ қоғамының қанына сіңіп кетті.

Әйел құқығын шектейтін, зорлық-зомбылықты өршітіп тұрған таптаурын ойлар ашық айтыла береді. Мұндай түсініктердің бірі — «тілінен тапты» деген ой. «Қатынды бастан» деп кете беретін ұшығы жоқ, ескі түсініктің ар жағында егер әйелге қол көтерген болса, бұл әйелдің өз кінәсі деген ой жатыр.
Соның нәтижесінде жұрт физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың отбасында болуын әдеттегі жағдай деп ойлайды. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Ажырасудан Қазақстан алдыңғы орындарды бермей тұр. Егер қауқарсыз жылап жүрген, зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдің мойнына «отбасын сақтап қалуы керек», «қайтып келген қыз жаман», «тілінен тапты» деп арқасына жүк артып, айып таға беретін болсақ, Конституциядағы «мемлекеттің ең құнды қазынасы — адам» деген жолдарға қайшы келгеніміз.

«Оның ұрғаны  - сүйгеніндей»

Қазірдің өзінде бұл қасірет туралы шығармалар жазылып жатыр. Мысалы, Қазақстанда жұбайы Салтанат Нукенованы өлтіріп, 24 жылға сотталған экс-министр Бишімбаев ісі үлкен резонанс тудырды. Жұрт қол жинап, тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасағандарға заңды күшейту жайлы өтініш жолдады. Ақыры халық арасында «Салтанат заңы» аталған заң 16 маусымда күшіне енді. Салтанат Нүкеноваға ресейлік әнші, продюссер Максим Фадеев ән арнаған болатын. Әнді тыңдасаңыз, ашық түрде зорлық-зомбылыққа қарсы жазылғанын ұғасыз. Ал «He hit me» атты әдемі әнді тыңдасаңыз, бірден не айтқысы келгенін пайымдай алмауыңыз да мүмкін. Біраз жанжал туғызып, зорлық-зомбылыққа елдің назарын аударған ән жайлы сөз қозғамақпыз.

«Ол мені жақсы көреді»

Таптаурын ойлар айнала жұртта ғана емес, зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарда да бар. Мысалы, ең көп таралғаны — жәбірленушілердің  күйеуінің төпелеп, сабағанына қарамай, «ол мені жақсы көреді» деген сөздері. Бұл күй психологиядағы стокгольм синдромына ұқсайды. Стокгольм синдромы (ред. ағылшын тілінде Stockholm syndrome) — қорғану үшін бейсаналы түрде жәбірленуші мен агрессор арасында туындайтын өзара немесе біржақты жақындық. Бұл байланыс тұтқынға алу, алып қашу немесе зорлық-зомбылық сынды сәттерде болады.

Бұл күй «Ол маған қол көтерді, онысы сүйгені сияқты сезілді» деген әнді есімізге түсіріп отыр.
1962 жылы шыққан Crystals тобының «Ол маған қол көтерді» («he hit me») әнін тыңдап көрсеңіз, «it felt like a kiss» деген сөздерді естисіз. Тікелей мағынасында «бұл сүйіс сияқты сезілді» дегенді білдіреді. 

«Ол маған қол көтерді» әні неге жанжал тудырды?
(«He hit me (It felt like a kiss»)

Әннің авторлары Джерри Гоффин мен Кэрол Кинг «He Hit Me (It Felt Like A Kiss)» әнін бірлесе жазған болатын. Әнді жазуға себеп болған олардың үйіндегі бала күтушісі Ева Бойдтың оқиғасы еді. Ева Бойд жігітінің ұрып-соққанына қарамастан оның бар қылығын көтереді. «Неліктен қорлыққа төзіп жүрсің?» деген сұраққа, Ева жігіті өзін жақсы көрген соң ұратынын айтады. 

Тhe Crystals тобы Фото: britannica.com

 Ойнақы әнді адамдар зорлықты дұрыс деп санап, әспеттейтін, жақтайтын ән деп қабылдады. Сондықтан толығымен радиолардан алып тастады.

Егер адамдар бұл әннің тарихына үңілген болса, көзсіз махаббаттың қандай жағдайға алып келетінін меңзегенін ұғар еді. Шын мәнінде бұл қатыгездікті мақұлдау немесе мадақтау емес еді.

Тағдырға ұласқан ән

Бұл ән поп-музыка тарихындағы ойнақы, көңілді, бірақ астарында мұңды сыр жасырған ән болды. Зорлық-зомбылық көргендердің өзін-өзі алдап, құр қиялға берілуін көрсететін әнді жазған авторлар қоғамда дау туған соң, бұл әнді жазғанына «өкінетіндерін» мәлімдеді. Кейін ән авторының бірінің басынан да осы оқиға өтеді. Кэрол Кинг үшінші рет тұрмыс құрады. Жұбайы Рик Эверс оны қорлап, бірнеше рет зорлық-зомбылық көрсетеді. Ән авторының тағдырына ұласқандай әсер қалдырады. 

Қандай жағдай болмасын, қарым-қатынастағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты қылмыс деп кесіп айту керек. Донна Ферратоның «Дұшпанмен өткен өмір» кітабында түсірген оқиғалары талай шаңырақта үнсіз, қауқарсыз ішқұса болғандардың тағдырын ел-жұртқа ашып көрсетті. Азап пен үмітсіздікке толы бұл фотосуреттер көрген сәтте-ақ көңіліңді  қалдырады.

Өзіңіз болмаса жақыныңыз зорлық-зомбылықты бастан кешіп жатқан болса, жалғыз емес екеніңізді біліңіз. Қол ұшын беруге дайын ұйымдар мен адамдар бар. Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Үндемегенің — өтірік айтқаның» деген сөзі бар. Сіз шындықты айтпаған соң, әділетсіздік орнап, қиянат салтанат құрады. Сондықтан фотосурет пен музыка өнерінде көрініс тапқан бұл зорлық-зомбылық тақырыбы қоғам болып, жеке-жеке адам болып төзбейтін, ашық айтып, күресетін дүние.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар