Қоғам талқысына түскен Әліппенің оралуы мен ондағы жаңа өзгерістер

cover Фото: Orda.kz

2021-2022 оқу жылы оқушылар мен ата-аналарды қуанышты хабармен қарсы алды. Себебі, көптен күткен «Әліппе» қайта мектеп бағдарламасына енгізілді. Неге Әліппе жаңартылды? Жаңа оқулықта не өзгеріс бар?

Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Orda.kz анықтады.

2020 жылы 21 шілде күні ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жақсылықтың жаршысы болған жаңа «Әліппенің» қолдануға дайын екенін өзінің Facebook-інде айтты.

Фото: Instagram/aimagambetov

Араға бір жыл салып, оқушылар көптен күткен оқулықтарын қолдарына алды. Неге көптен күткен? Себебі, «Әліппе» орнына «Сауат ашу» оқу бағдарламасына кірмей жатып, көпшіліктің наразылығын тудырып, сынға алынды. Бірақ қаржы бөлінді. Таудай жұмыс атқарылды. Көнбеске амал қалмады...

Әліппе қайда кетті?

Фото: Адырна

2017 жылы 1 сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» оқудың орнына «Сауат ашу» пәнін өтетіні белгілі болды. Ол ата-аналар мен мұғалімдердің ашуына тиді. Көпшілік 1912 жылдан бері қолданыста жүрген Әліппе кімнің ала жібін аттағанын түсінбеді. Сол кездегі мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 2017 жылы білім министрі болған Ерлан Сағадиевке сауал жолдады. Онда ол жаңа Сауат ашу оқулығындағы қателерді тізуге дайын екенін айтып, 1 сынып оқушыларына ақпаратты 7 сынып оқушыларына бергендей етіп ұсыну «рухани қаскүнемдік» деп сынға алды.

Ерлан Сағадиев бұл жағдайда ештеңе істей алмайтынын айтқан. Себебі, 2015 жылы қабылданған оқу бағдарламасында «Әліппе» мен «Ана тілінің» орнына «Сауат ашу» пәні бекітілген. Ал Сағадиев министр болып тек 2016 жылы тағайындалған. Ол келген кезде 300-ге жуық оқулық басылып, 5000 маман оқулық жазу ісіне тартылған. Министр бұл механизмді тоқта алмаймыз деген. Жаңа оқулық, яғни, «Әліппе» қайта қатарға тек 2019 жылы қосыла алады. Себебі, Қазақстанда оқулықтар төрт жылда бір рет басылады.

«Сауат ашуды» енгізудегі мақсат не болды?

Фото: коллаж Orda.kz

2015 жылы оқу бағдарламасына өзгерістер енгізген сол кездегі ҚР Білім министрі Аслан Сәрінжіпов ешқандай мәлімдеме жасамаған. Оның орнына келген Сағадиевтің айтуынша, балалар 12 сынып оқитын болғандықтан, «Әліппені» бала 0-сыныпта өтуі керек. Осылайша, 1-сыныпқа оқушы әріп біліп барады. Бұл уақытты үнемдеуге көмектеседі.

Бірақ мұнда министр «Сауат ашу» пилоттық жоба екенін еске салуды ұмытып кеткендей. Бұл ақпарат тек соңғы жылдары айтыла бастады. 2015 жылдан басталған пилоттық жобаға мемлекет қанша қаражат бөлгені белгісіз, тек өте көп күш жұмсалғаны айтылған.

2019 жылы қатарға қосылуы керек «Әліппе» неге жоспарды айналып өтті?

Фото: zhaikpress

2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дайындалған оқулықтардың бірнеше нұсқасы барын, бірақ барлығы да сын көтермейтінін айтқан. Осылайша, оқушы мен Әліппенің қауышуы екі жылға шегерілген.

Оқулықтарды басып шығудан бұрын олар алты ай сайтқа талқылауға салынады, сол бойынша қателер жөнделеді. Қандай өзгертулер енгiзу керектiгi тұрғысында әр адамның ұсыныс жасауға құқығы бар.

Ерлан Сағадиев, 2017 жылы

Жаңа «Әліппеде» қандай өзгерістер бар?

Фото: Orda.kz

2021 жылғы оқулықта 2003 жылғы оқулықтағыдай басы сөйлем, сөз, буындардан басталады. Ешқандай өзгерістер жоқ.

2003 жылғы оқулықта тақырып «Бағдаршамның түстері» болса, 2021 жылғы оқулықта «Мен оқушымын» деген тақырыптан басталған.

Фото: Orda.kz

Бірақ көзге қатты түскен айырмашылық шартты белгілерде. Себебі, бұрынғы оқулықта олардың саны 9 болса, қазір 20-ға жеткен.

Фото: Orda.kz

Өскелең ұрпақты қандай жаңашылдық күтіп тұр?

Фото: Orda.kz

Бұл оқулықтағы жалғыз өзгеріс емес, жаңа кітаптарда сондай-ақ QR-кодтарды көруге болады. Ол сабаққа қатысты видео не аудиофайлды ұялы телефонның камерасын кодқа қойып, көріп, тыңдай алады.

Мұндай жаңашылдық ата-аналарды бір сілкіп алды. Олар 1-сыныпқа енді аяқ басқан баласына смартфон алып беруге дайын емес, оқушының бағалы мүлкіне мектеп әкімшілігі жауап бермейді. «Баланың ісі шала» дейді ата-аналар бір ауыздан.

Балалар берілген QR-кодсыз, кітаптағы тапсырмалармен бағдарламаны меңгере алады. Ол балаға смартфон алып беруді міндеттемейді.

ҚР Білім министрлігінің Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Елдос Нұрланов

Сырты жаңа Әліппе, іші ескі Сауат ашу

Фото: Orda.kz

1-сынып оқушысының анасы Әсемнің жаңа «Әліппе» оқулығына көңілі толмады.

– Менің ойымша, жаңа оқулықтың сырты өзгермесе, іші сол баяғы «Сауат ашу». Балам әріп өтпей жатып, сөйлем құрып, оны мұғаліміне ауызша айтып беруі керек. Әріп танымайтын бала, қалай мәтін құрып, оны жатқа айтып бере алады?

Бұрындары І, ІІ тоқсан бала әріптерді меңгеріп, III, IV тоқсанда «Ана тілін» өтіп, мәтін құрып, мазмұн айтып, үйренетін. Ал қазір қыркүйекте енді мектеп табалдырығын аттаған бала мәтінді қалай құрсын? - деді Әсем.

Оқу жылының басталғанына 2 апта ғана өтті. Ата-аналардың оқулықтарға көңілі әлден толмай жатыр.

Жаңа оқулыққа түскен шағымдар қаншалықты орынды?

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сатбекова мен педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Айкерім Тасыбектің айтуынша, Сауат ашу мен Әліппе оқулықтарының арасында ешқандай ұқсастық жоқ.

– 2021-2022 оқу жылына енгізілген «Әліппе» және 2018 жылы жарық көрген «Сауат ашу» оқулықтарын салыстырғанда ұқсастықтар байқалмайды. Оның дәлелі ретінде:

1) Сауат ашу оқулығы І, ІІ бөлімнен  тұрады, 1 оқу жылына жоспарланып дайындалған. 1-3 тоқсанда әліппеге дейінгі кезеңнің, ал 4-тоқсанда әліппеден кейінгі кезеңнің материалдары оқытылады.

2) «Әліппе» оқулығы алғашқы 13 сағаты әліппеге дейінгі кезең, 77 сағаты әліппе кезеңі, 6 сағаты әліппеден кейінгі кезеңнің мариалдарын оқытуға жоспарланған. Оқулық Ахмет Байтұрсынұлының «жалпылаулы-жалқылау» әдісіне неігзделіп дайындалған. Онда оқушы мұғалімнің көмегімен бірінші сюжетті сурет бойынша мәтін құрайды, мәтіннен сөйлем, сөйлемнен сөз, сөзден буын, буыннан жаңа өтілетін әріпті айырып алады, әріпке дыбыстық талдау жасайды. Яғни жалпыдан жалқыға өтеді. Келесі кезекте мұғалімнің көмегімен оқу әрекеті, саралауға берілген тапсырмалар орналасқан, тыңдалым материалымен жұмыс жасайды, соңында жұмыс дәптеріндегі тапсырмамен сабақты бекітеді. Тыңдалым материалдары цифрлық сауаттылықты жүзеге асыру мақсатында QR код арқылы тыңдалып орындатылады. Тыңдалым материалдарының барлығы да ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауыз әдебиетінің жаңылтпаш, мақал-мәтел, жұмбақтарынан тұрады.   

3)  «Әліппе» оқулығында әріптердің берілу реттілігі оқушыға оқуға жеңіл, ашық, тұйық буындар құрауға оңай реттілікпен құрылған. «А» әрпінен кейін «р» әрпі берілген. Ал, «Сауат ашуда» «А» әрпінен кейін «н» әрпі берілген. Мұнда оқушыларға дыбысты оқу мен жазу, дыбыстауда қиналатыны байқалады.    

4) Баланың қол ұсақ маторикасын дамытушы әріптердің сұлбасын қолжетімді материалдардан (асық, жіп, ермексаз, түйме, қарындаш, санағыш) жасауға тапсырмалар берілген. Мұнда оқушылардың логикалық ойы, ұқсатуы, өз жұмысына сыни көзбен қарап баға бере білу дағдылары дамиды.

5) 2021-2022 оқу жылында оқу мақсаттарының саны қысқартылып оқу нәтижелерімен алмастырылды. Оқу нәтижелері Ахмет Байтұрсынұлының салып кеткен сара жолы мен оқушылардың жас ерекшеліктерін, әлемдік стандарттар мен ұлттық құндылықтарды ескере отырып дайындалаған, - дейді Айгүл Сатбекова.

Неге Сауат ашу оқулығы 1-сынып оқушылары үшін игеруге қиын?

Фото: ашық дереккөзден

– Сауат ашу оқулығында тыңдалым материалдарының көлемді болуы. Ұзақ мәтін тыңдалым дағдысы қалыптаспаған оқушыға қиын, сонымен қатар мәтін мазмұнын есте сақтап кері байланыс жасауда қиындық келтірді. Сондықтан осы ескертулер «Әліппе» оқулығында есепке алынған. «Сауат ашу» оқулығында зертеушілік бағыттағы тапсырмалар жиі кездесетінін жақсы тәжірибе деп алу қажет. Қиындық келтіруіне тағы да, әріпті танып-біліп келіп отырған оқушыларға бір әріпке 2 сағаттан берілуінде, - деп түсіндірді Педагогика ғылымдарының докторы Сатбекова.

Сондай-ақ, профессор Айгүл Сатбекова жаңа оқулық оқушыда тұлға қалыптастыруға септігін тигізеді деп сендірді.

– Биылғы 2021-2022 оқу жылына енгізіліп отырған оқулықтың ерекшелігі  «Әліппені» оқу мен оқытуда білім алуға ынталы, дыбыспен жаттығу арқылы әріп тану білігі бар, оқу мен жазу жолдарын білетін, бастапқы тілдік ұғымдарды, сөйлеу әрекетінің түрлерін меңгерген, байланыстырып сөйлей алатын тұлғаны қалыптастыру қағидасына негізделген. Оқушылардың бойында бұл қасиеттерді қалыптастыру мақсатында оқулықтағы тапсырмалар 1) оқытудың коммуникативтік (қатысымдық) тәсілдемесі;  2) зерттеушілік тәсілдеме; 3) белсенді іс-әрекеттік тәсілдеме; 4) ұлттық құндылықтарға бағытталған тәсілдеме; 5) дамыта оқыту технологиясы; 6) саралап оқыту технологиясы; 7) дыбыстық әдіспен оқыту технологияларын басшылыққа ала отырып ұсынылған. Бұл қоғам мен заман талабына жауап беруге және бәскеге төтеп беретін оқулық, - деді сарапшы.

Сәтбекованың айтуынша, оқушылар бірыңғай оқулықтан білім алуы керек.

– 1-сынып оқушылары үшін бірыңғай оқулық болғаны дұрыс деп есептейміз. Оның бірнеше себебін атап өтуге болады. Біріншіден, Жалпыға міндетті білім беру стандартына негізделген білікті ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздардың кәсіби тұрғыда дайындаған оқулығы мұғалім, ата-ана, қоғам қайраткерлері жалпы қоғамның сүзгісінен өткен оқулық болуы тиіс. Бекболат Тілеуханов айтқан «торғай сойса да - қасапшы сойсын» деп, осы дәл айтылған пікірді негізге ала отырып, әрбір істі өз маманы жүргізгені дұрыс деп ойлаймыз. Мұндай оқулық жан-жақты талқыланып, ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып толыға түседі. Екіншіден, ата-аналар белгілі себептермен оқу орнын ауыстырған жағдайда оқушыларға бір жүйеге түскен оқулықты жалғастырып алып кету оңайға түседі. Оқушының да жағдайын ескерген жөн, олар өзгеріске бейімделе алмай үлгерімінде тежелулер болады да үлгерімі төмендейді, - деп профессор алаңдаушылық танытты.

«Әліппе» оқулығы ұлтымыздың мақтанышы, біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлының «жалпылаулы-жалқылау» әдісіне негізделіп, ұлттық болмысымызды көрсететін оқулық ретінде жазылған.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сатбекова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар