Биыл халық шошына күткен қандай ақша аударымдары «күдікті» саналады

cover Фото: gov.kz

Биылдан бастап елімізде миллион теңге болатын жүз және одан да көп тұлғадан үш ай қатарынан түскен аударымдар «күдікті» деп есептеледі, дәл осы тұс көпшіліктің көңіліне күдік ұялатқаны анық, ал енді біз осыны таратып, түсінікті тілде саралап тарқатайық.

2025 жылдан бастап кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар мобильді аударымдарды алған барлық жеке тұлғалар елдегі салық бақылауында болды.

Өткен жылдары жалпыға бірдей декларациялауға қатысушылар ғана тексерілді.

Мәселе мынада, кейбір жосықсыз кәсіпкерлер жеке тұлғалардың шоттарына ақшалай ауқымды аударымдарды кірістерін өз қызметінен жасыру үшін пайдаланған. Яғни, төлемдерді осылайша қабылдау чек берілмей жүргізіледі және жалпы алғанда заңсыз болып есептеледі.

Осыған байланысты Қазақстанда азаматтар алатын ұтқыр аударымдарды кезең-кезеңмен тексеру басталды. Оған кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар транзакциялар ғана ұшырайды.

Жаңа салық кодексімен бірге 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа бұйрыққа сәйкес тексеру жүргізу шарттары сәл жаңартылды.

Енді тұрғындар өзінің жеке шотына әр үш айдың ішінде жүз және одан да көп әртүрлі тұлғалардан ақшалай аударымдар алса, осы кезеңдегі қорытынды қаражат 1 020 000 теңгеден асатын болса, кәсіпкерліктен табыс алған деп күдіктелінетін болады. 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 000 теңге болды.

Қарапайым халық қорқа бермеуі үшін түсінікті тілмен баяндайық. Тексеруге ілігетіндер мына төмендегідей критерийлер мен шарттарға сәйкес келсе:

  •  жоғарыда аталған сома бір жеке тұлғаның шотына немесе жеке шотына келсе;
  • бір айда 100 түрлі адамнан аударым түссе және бұл үш ай қайталанса;
  • үш айдың ішінде олардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асса тиісті тексеруге ілінеді.


Еске салайық, өткен жылдары жалпы қаражат сомасы бойынша шектеу болмаған. Сондықтан тексеруден құтылу одан да оңай болды.

Сонымен белгілі болғандай жиі ақша аударымдарын жеке мақсаттары үшін қабылдайтын қатардағы адамдар көбінесе салықтық тексеруге ілінбейді. 

Мысалы, үй шаруасындағы әйелге көбінесе күйеуі мен балалары ақша аударады. Олар күніне 100 аударым және айына бірнеше миллион ақша жібере алады, бірақ мұндай операциялар өлшемге жатпайды, себебі ақша жүзден немесе одан да көп түрлі тұлғалардан емес, бірнеше адамнан түседі.

Мысалы мектептегі ата-аналар комитетінің төрағаларына да қатысты алсақ, олар үнемі экскурсияларға, балаларға сыйлыққа қаражат жинайды. Сыныпта көбінесе 30 адам болады - мұндай сан өлшемге жатпайды.

Тағы біздегі көп қайталанатын жағдайдың бірі –  той-томалақ мәселесі, мысалы, қызын ұзатып, ұлына той жасаса, мерейтойын атап өтсе 100-ден астам туыстары, достары мен таныстары оған сыйлық ретінде жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам ақша жіберді дейік. Бұл да күмәнді болмайды, себебі олар үш ай қатарынан аударым жібермейді, ақша бірнеше күн бойы болса да бір рет қана түседі.

Егер 2026 жылы жүз түрлі адам үш ай қатарынан жеке тұлғаның жеке шотына ақша аударатын жағдай туындаса, бірақ олардың жалпы сомасы осы үш айда 1 020 000 теңгеден аспаса, онда мұндай аударымдар да «күдікті» болмайды, себебі жаңа шарт орындалмаған болып есептеледі.

Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда айтылған барлық критерийлер бір уақытта жұмыс істеуі тиіс. Егер жеке аударымдарға тексеру жүргізілсе де оларды қабылдаған адам мемлекеттік кіріс органдарына олардың шығу тегін түсіндіре алады. Шын мәнінде кәсіпкерлік қызметпен айналыспаса және осылайша табысын жасырмаса, онда ешқандай салдары болмайды.

Егер аударымда кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері болса, мемлекеттік кіріс органдарына бұл туралы банктердің өздері хабарлайды. Негізінен олар мұны жылына бір рет істеп, алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) ғана беріп отырған.

Енді тоқсандық және жылдық есепті кезең болып есептеледі. Банктер есептік кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей мемлекеттік кіріс органдарына кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар аударымдарды алушының ЖСН-ін және олардың жалпы сомасын беретін болады.

Осылайша, ел тұрғындары туыстары мен таныстарынан аударымдарды жеке мақсаттары үшін қабылдаудан қорықпауы керек. Ал кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тиісті шот ашып, клиенттерден түсетін төлемдерді соған қабылдаған жөн.

Айтпақшы, 2026 жылдан бастап Қазақстанда қоғамдық тәртіп бұзғандар қомақты айыппұл арқалайды. Аузыңызға ие болмасаңыз - қалтаңыз қағылады: айыппұл көлемі өсті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар