Басты міндет – ел талабын орындау - Нартай Сәрсенғалиев

cover Фото: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев төменгі палатаның жалпы отырысында су тасқыны туралы өтініштің көп екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz порталы.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді.  Шынымен, жұмысына салғырт  қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы», - деді депутат. 

Мәжіліс депутаттары Құлсары мен Батыс Қазақстан аймақтарына барып келген болатын.

«Құлсарыда 2900 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жалпы Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге  қарай жөңкілеп келеді. Жайық өзені БҚО-ның 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек, келе жатқан судың биіктігі еліміздегі Жайық өзенінің ең биік нүктесінен 3 метрге жоғары. Өзен бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес», - деді депутат. 

Депутат  Атырау өңіріндегі бөгет тұрғызу жұмысының жұмыла атқарылып жатқанын да тілге тиек етті.

«Бұқар жыраудан: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деген сөз қалған. Расында, батысқа болысқан елдің көмегін, жанұшырып барып бөгетті бекітуге тырысқан жандарды көргенде қазақтың бірлігін ешкімнің ешқашан бүлдіре алмайтынына көз жетеді. Елмен кездесуге барғанымызда сондағы әйел кісінің үш кішкентай баласымен бірге құмды қапқа салып жатқанын көрдік. «Неге қапшық көтеріп жүрсіз балалармен, ауыр ғой» деген сөзімізге: «Әкеміз вахтаға кетті, бізге «елге көмектесіңдер» деді» деп жауап берді. Бұл біз көп айтатын бірлік деген сөздің нағыз көрінісі болды»,- деді ол. 

Сондай-ақ ол су ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұрғанын атап өтті.

«Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. «Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол» дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде. Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған», - деді Сәрсенғалиев. 

Депутаттың айтуынша, елде ғылым саласына тиісті жағдай жасалмаған.

«Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған. Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар. Арнасынанадасып аққан судың астында қалған ағайынның мәселесін бір депутаттық сауалға сыйғызу мүмкін емес. Өңірден келген депутаттар әр проблемамен жеке-жеке айналысады. Шешуге мұрындық болады, себебі басты міндет – елдің талабын орындау», - деді ол. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар