Баласының еміне деп елден жылу жиған Тотақановтарды торына түсірген кім?

cover Фото: Instagram/ @tolkyn.totakanova

2025 жылғы 24 шілдеде Астанада ерлі-зайыпты Тотақановтар баласының еміне жиналған 1,3 млрд теңгені жеке пайдаларына жұмсады деп айыпталды. Биыл 9 қаңтарда Астананың қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотында ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақанованың ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Екеуі де 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Отағасының қолына сот залында кісен тағылса, жұбайының жазасы 2 жылға кейінге шегерілді. Ең қызығы ерлі-зайыпты өздеріне айып тағылған күннен бастап жазықсыз екенін айтып, соттан ақтап алуларын сұрады. Ал екі күн бұрын Толқын Тотақанова әлеуметтік желідегі парақшасында бар шындықты жайып салды. Orda.kz тілшісі Тотақановамен байланысқа шықты. 

ТОТАҚАНОВАНЫ БІР ШЫБЫҚПЕН АЙДАҒАН КІМ?

Толқын Тотақанова ұлы Альтаирды Түркияда, Өзбекстанда, Әзірбайжанда және Ресейде емдеткен. Басында жиылған жылу нақты Алтаирьдың еміне жұмсалып жүрген. 

«Емдеуге қазір айтылып жүргендей 6 миллион теңге емес, шамамен 160 миллион теңге жұмсалды», — дейді әділдік іздеген ана. 

Бірақ Тотақанова бопсалаудың құрбаны болған. Баланың еміне жиналған барлық ақшаны Зарлыханова Жадыра, Сұлтанов Алмат және Сұлтанов Болатбек қалталарына басып отырған көрінеді. Бес жыл бойы Тотақанованы торында ұстаған бұл адамдар оны қорқытып, үркітіп, ақша бопсалап келген.

«Мен ұлымды емдеу үшін ғана 45 миллион теңге қарыз алдым. Нәтижесінде бұл адамдар 700 миллион теңгеден астам қаржыны иемденді. Бұл жай сөз емес — мұның бәрі аудиторлық тексерумен және іс материалдарымен расталған», — дейді Тотақанова. 


Баласы науқас анаға удай ақшаны бере салған Алмат және Жадыра есімді ерлі-зайыптыларға тоқталайық. 

Тотақанова Зарлыханова Жадырамен 2015 жылы Астанада танысады. Олар құрбы ретінде араласып жүреді. Барлық сұмдық 2020 жылы басталып отыр. Толқын Жадырадан баласын емдетуге 5 млн теңгені айына 30 пайыздық үстемесімен қарызға алады. Тотақанова қарызын уақытында қайтара алмайды. Ал қарыздың пайызы өсе береді. Көп өтпей ақшаны Жадыраның күйеуі — Алмат Сұлтанов сұрай бастайды. 

«Басында бұл ақшаны «көмек» деген болатын. Кейін пайызы қосылды. Ақыр соңы қорқытып-үркітетін болды», — дейді Тотақанова. 


Ең қызығы, емге ақша іздеген әйелдің мұндай қарызы туралы күйеуі де, туыстары да, ата-анасы да білмеген. 

«Күйеуім Дәулет менің «пайызшылардың» құрбаны болғанымды тек сот барысында білді. Оған дейін ол тек «сбор» жүріп жатқанын ғана білетін. Бірақ менің жеке банк шотымды ешқашан тексермеген. Жолдасым ақшаның нақты қайда және қалай жұмсалып жатқанынан хабарсыз болды. Себебі барлық қаржылық операциялар менің атымнан жүргізілген». 

Кейін бұл іске тағы бір пайызға ақша беруші Алмат Сұлтановтың ағасы — Болатбек Сұлтанов қосылады. Ақыр соңы, қарызға қомақты қаражат берген ерлі-зайыпты Тотақановадан банк картасын алып қояды. Ал ол картаға Альтаирдың еміне деп күн сайын жылу түсіп отырады. Ол ақшаның бәрін сол күннен бастап Жадыра иемденген көрінеді. Ерлі-зайыпты Толқынды «жоғарыда таныстары көп екенін» айтып қорқытады. 

«2025 жылғы 20 ақпанда мен осы адамдарға қатысты арыз жаздым. Тергеуші фактілердің бар екенін өзі растады және арыз жазуға кеңес берді. 31 мамыр күні мен қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылдым. Алайда іс Нұра ауданына беріліп, ешқандай тергеусіз, беттестірусіз тоқтатылды. «Қылмыс құрамы жоқ» деген уәж айтылды. Мен ұсынған барлық дәлелдерге — аудиожазбаларға, хат-хабарларға, аудит қорытындыларына  ешкім қараған да жоқ», — деді ол. 

Тотақанова бопсалаушылардың кесірінен денсаулығынан айырылады. Әйелде ауыр экзема басталып, шашы түседі.

«Физикалық тұрғыдан шыдай алмағандықтан, күн сайын басымды қырып жүруге мәжбүр болдым», — деді Альтаирдың анасы. 


ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ ҚҰМАР ОЙЫНДА 

Толқын Тотақановадан 2025 жылдың қаңтарында Жадыра Зарлыханова банк картасын алып қояды. Сол күннен бастап  «Әлем» сауда үйінде өздері ақшаны шешіп алып отырған.

«Менің жолдасым ешқашан казино ойнамаған. Ал 1XBET платформасына 4 күн бойы ( 16,17,18,19 апрель 2024 жыл) Зарлыханова Жадыра менің телефонымды және банк картамды пайдаланып өзі ақша салған. Бұл менің әрекетім емес», — деді Тотақанова. 

СОТТАҒЫ СОРАҚЫЛЫҚ

Тотақанова  өзінде элиталық пәтердің, қымбат көліктердің, брендтік киімдердің жоқ екенін тағы да айтты. 

Олардың бар болғаны бір ғана қарапайым екі бөлмелі пәтері бар екен. Оның өзі банктің кепілдігінде.

«Тергеу органдары бізде үш пәтер мен бес автокөлік бар деп жазып отыр. Олар қайда? Неге оларды сотта ешкім көрсетпеді, тәркілемеді, құжаттарын ұсынбады? Себебі ондай пәтерлер мен көліктер мүлде жоқ. Тіпті соттың өзінде бұл пәтер тәркілеуге жатпайтыны айтылды. Жер телімі Зарлыханова Жадыраның атына рәсімделген. Олар оны бізден қарызды сылтауратып тартып алды», — деді ол. 

Осындай шиеленісті жағдайлардан соң науқас баланың халі не болды деген сұрақ туындайды. Оның еміне ай сайын 2 млн теңге жұмсалады екен. 

«Альтаир баламның емін ешқашан тоқтатқан жоқпыз, қазіргі уақытта да ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда жолдасым СИЗО-да отырғандықтан, баламның емін әрі қарай жалғастырудің өзі қиын болып тұр», — дейді әділдік іздеген ана. 

Айта кетейік, Дәулет пен Толқын Тотақановтардың сотын осы сілтемеден оқи аласыз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар