«Балаларды зорлау» дерегі көбейді: Орталық басшысымен шағын әңгіме

cover

Балаға қиянат жасайтындардың саны артқан, десе де тағдыры талқандалған жасөспірімнің болашағына алаңдайтындардың қатары көбеймей тұр. «Зорландым» деген балаға жұдырық алып жүгірмей, алақан ашып қарсы алып, психикалық, моральдық тұрғыдан көмек көрсететін оңалдыру орталықтары саусақпен санарлық. Соның бірі – «Көмек» дағдарыс орталығы.

Түркістан облысы және Шымкент қаласында зорлық-зомбылық көрген жүзге жуық адам осы орталықта паналап отыр. Олардың тағдыры әртүрлі, сан қилы. Орталық басшысы соңғы кезде зорлық-зомбылық көрген балалар көбейгеніне алаңдайды. Orda.kz Малика Жүсіповамен әңгімелесіп көрді.

–  Дағдарыс орталығына кімдер келеді және олардың саны қанша?

–  Түркістан облысынан – 48 адам, Шымкент қаласынан – 47 адамды қабылдадық. Олар іріктеліп алынған, жағдайы өте қиын тұрғындар. Күйеуінен бөлек ата-енесінен зәбір көргендер, жылдар бойы көрген қорлығына шыдап, төзімі таусылғандар кездеседі. Олардың бәрінде дерлік «балаларымды қалай асыраймын?» «туған-туыс, ел-жұрттан ұят болады» деген қорқыныш бар. Ұрыс-керіске әбден дағдыланған, зорлық-зомбылыққа шыдап келгендер.

  –  Қиын жағдайға тап болғандарды жиі көресіз. Олардың ішінде жүрегіңізге қатты тиген оқиғаларды айтып берсеңіз. 

–  Иә, тағдырлы адамдар көп қой. Қазір орталықта 54 жастағы әйел жатыр. Сол әйелдің жайы мені алаңдатады. 5 баласы бар. Бәрі отбасылы. Бар өмірін күйеуіне, отбасына арнаған. Немерелі. Соңғы уақытта күйеуі үйінен жиі шығып кететін болған. Бір күні келіні енесіне «апа, атам күнде қайда барады?» деп ой салады. Мұны күйеуіне күліп, тігісін жатқызып жеткізеді. Күйеуі не істейді дейсіз ғой. Әйелімен бірге келінін де ұрып тастайды.

Түбі күйеуінің екінші отбасы, онда екі баласы бар екені белгілі болады. Онымен қоймай «бала баққаннан басқа ештеңе бітірмедің» деп әлгі еркек бәйбішесін үйінен қуып шығады. Бірде бір баласы анасына араша түспейді. Тек тұрмысқа шығып кеткен қызы анасын қолына алмақ болады. Анасы келіспей отыр. Оның күйіп кеткені төрт ұл баласының бірде-бірі қолына алып, демеу болмағаны. Қазір күйзелісте, бөлмесінен шықпайды.

Ең қиыны балалардың арасында «зорлау» дерегі көбейіп жатыр. Сол жаныма батады. Мысалы, Сарыағашта 6 бала мектепке енді барған баланы зорлауға әрекет жасаған. Мамандар бұл оқиғаға байланысты  жұмыс істеп жатыр. Егер расталса қылмыстық іс қозғалады. Десе де мұндай істер көбіне жабық қаралады. Бұл әрекеті үшін күдіктіні қалай жазалау керек екенін ашық айта беру керек.

 - Сарыағаш ауданында оқушыны көрші ауылдың тұрғыны зорлап, іс қозғалды деген де ақпарат расталған болатын. Бұл адамдар орталықтан көмек сұрап келді ме?

- Келді. Бірақ бала да, оның анасы да ешкіммен сөйлеспейді.

- Бейресми ақпарат бойынша, «зорланды» деген оқушының денсаулығы жоқ дейді. Бұл қаншалықты рас ақпарат?

 - Көпшілік «баланың зорланғанына» емес, «баланың денсаулығы жоқ екен» дегенге көңілі ауып кетті. Мәселе «зорланды ма, әлде зорланбады ма?»  дегенде болуы керек. Зорлыққа ұшыраған балалардың ата-аналары ашық күресуден қорқатыны содан. Сарыағаштан бөлек Ордабасы ауданында 13 жастағы баланы өз туысқаны көлікпен алып кетіп, «зорлады». Ер баланы. 1992 жылы туған жігіт 13 жастағы баланы зорлайды. Анасы баласын емханаға алып барғанда бізден көмек сұрап шықты. Көп өтпей осы іс жабылды. Анасы полициядан арызын қайтарып алды. Сөйтсек «зорлады» деген күдікке ілінген адам туысы екен. Анасы өз баласын аямады. Соңына дейін күреспеді. Сонда да баланың құқығы, тағдыры үшін тоқтамай тұрмыз. Туысқанын аямаған адам бұл әрекетке қайта бармауына, тағы бір баланың өмірін күл талқан етпейтіндігіне ешкім кепілдік бере алмайды. 

Бұдан бөлек Түркістан облысындағы бір ауылда «өгей әкесі кәмелет жасқа толмаған қызын зорлапты» дегенді естігеннен, іздеп бардық. Сөйтсек бір түнде отбасымен бірге басқа елге көшіп кетіпті. Іздеп таппай жатырмыз. 

Әуелде «зорлық» көргендердің ішінде балалар аз болатын. Қазір көбейді. «Балаларды зорлау» дерегі көбейді. Арасында қыздармен қоса ұлдар да бар. Саны қанша екенін айта алмаймын, орталықты паналап отырғандардың ішінде 9-14  жас аралығындағы «зорлық» көрген балалар бар. Олар ата-аналарымен бірге жатыр.  Оларға сот тергеуі біткенше көмек беріледі. 

 - Әңгімеңізге рақмет!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар