Қазақстандағы ауған: «Талибанға қарсы санкциялар қажет»

cover Фото: RT

Талибан билікке қайта оралғаннан кейін, ауғандықтар Кабул әуежайынан басқа елдерге қаша бастады. Қазақстан босқындар легін күте ме? Ауғанстандағы жағдайға не істеуге болады?

Осы және басқа да сұрақтарға Orda.kz редакциясы сарапшылардан сұрады.

Саясаттанушы және Орталық Азиядағы қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Рустам Бурнашев Қазақстан билігі ықтимал босқындарға қатысты жағдайды бақылауға қабілетті деп санайды. Қазақстан Ауғанстанмен шектеспейді, сондықтан бізге жету үшін ауғандықтар көрші елдердің мемлекеттік шекарасынан өтуі керек: не Өзбекстан, не Тәжікстан.

- Тіпті, бұл ағым оңтүстіктегі көршілер үшін жеткілікті көлемді және нашар бақыланатын болса да, бұл процесс Қазақстан үшін күтпеген жағдай болмайды. Қазақстан оған дайындалуға мүмкіндік алады, - деді Бурнашев.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан сол босқындарды қабылдауы ықтимал, олардың келуі құзырлы органдармен алдын ала келісіледі.

- Процесс бақылауда болады. Егер солай болса, онда ол, әрине, теріс немесе оң әсер етпейді. Босқындар болады. Бұл жағдай мүлдем бейтарап, - деп санайды сарапшы.

Қазақстандағы ауған диаспорасының өкілі, «Ариана» ауған мәдени орталығының жетекшісі Васток Ахмадулла «Қазақстан босқындарды қабылдамауы керек» деді. Ахмадулланың айтуынша, Қазақстан ауғандықтарға баспана берсе де, Ауғанстанның ішкі мәселелерін шешпейді.

Көмектессек бәріне бірдей көмектесу керек

- Ауғанстанда барлығы 35 млн адам тұрады. Талибаннан басқаның бәрі елді тастап кеткісі келеді, өйткені олар есі ауысқан, сезімі жоқ, жүрегі жоқ Талибан лаңкестерінің өткір пышағының астында қалғысы келмейді. Қазір Ауғанстаннан кетуге әрекеттенбейтін адам жоқ. Егер сіз құтқарсаңыз, онда сіз бүкіл халықты құтқаруыңыз керек, бірақ бәрін қабылдау мүмкін емес, - деді ауған диаспорасының өкілі.

Ахмадулланың айтуынша, халықаралық санкциялар Ауғанстандағы жағдайға әсер етуі мүмкін. Мысалы, егер әлемдік қауымдастық Талибанға бойкот жариялап, Ауғанстан Ислам Әмірлігін мойындаудан бас тартса, бұл жаңа үкіметке ауғандықтардың құқығын бұзудан сақтандыруы мүмкін.

АҚШ пен Ұлыбритания билігі талибандар халықтың құқығын бұзып, Ауғанстанды «лаңкестердің панасына» айналдыра бастаса, оларға қарсы санкция енгізе алатынын жариялады.

- Пәкістанға олар Талибанға көмектеспеуі үшін қысым жасау керек. Ал Талибанға қысым көрсету, оларды Ауғанстан Ислам Әмірлігі ретінде мойындамау үшін оларға қарсы санкция қолдану қажет. Бұл мәселенің шешімі болады, - дейді Ахмадулла.

Бірақ Бурнашев Қазақстан бірден екі бағытта жұмыс жасай алады деп есептейді. Біріншісі - туған жерінде өміріне, денсаулығы мен бостандығына қауіп төнген босқындарды қабылдау. Екіншісі - Ауғанстандағы шиеленісті реттеуге үлес қосу.

- Шын мәнінде бұл процестер бір-бірімен байланысты. Бірақ бұл процестердің шешімі мен жұмысы басқаша. Біз бір ел босқындарды қабылдайды деп айтсақ, бұл елдің қақтығысты шешу бойынша қандай да бір ұсыныстардан, қандай да бір дипломатиялық немесе басқа жұмыстан бас тартатынын білдірмейді, - деп түсіндірді саясаттанушы.

Бұл арада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «ұзақ мерзімді қақтығысты ауған халқының өзі шешуі тиіс» деп мәлімдеді. Қазақстан барлық қатысушы тараптарды биліктің бейбіт жолмен өтуін қамтамасыз етуге шақырады. Ауғанстанның жаңа үкіметімен диалогты бастау үшін олар инклюзивті және өкілетті үкімет құруы, ұлттық азшылықтар мен әйелдердің құқықтарын құрметтеуі, халықаралық құқық нормаларын сақтауы және басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеуі қажет.

Авторы: Диана Матвеева

Аударған: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар