Қазақстандағы аграрлық сала жыртық көрпе кейпінде

cover

2021 жылы Қазақстанда қауын мен қарбыз қымбаттады. Жетісайлық шаруалар қарбыз жинап, алғашқы өнімнің 120 тоннасын Ресейге экспорттап үлгерген. Айта кетейік, шаруалар үшін биылғы егіс науқаны қолайлы болмады. Оған себеп – күн райының бұзылуы мен қуаңшылық.

Бақша дақылдарының қымбаттауына не себеп болғанын Orda.kz журналисі зерттеп көрді.

Биыл тыңайтқыштың да бағасы айтарлықтай өскен көрінеді. Бұл әрине бақша өнімдерінің бағасына әсер етеді. Қазіргі күні орта есеппен қарбыздың келісі 140 теңгеге бағаланып тұр. Бұл баға өткен жылмен салыстырғанда 30 теңгеге қымбат.

Қазақстанның қай бөлігінде қауын, қарбыз, бақша өнімдеріт көп өседі?

Қарбыз – асқабақ тұқымдасына жататын бір немесе көпжылдық бақша өнімдерінің бірі. Сондай-ақ, әлемде ең көп тараған бақша дақылы ретінде де танымал. Дүниежүзінде 500-ден аса қарбыз сорттары өсіріледі екен. Қарбыздың ерекше һәм жабайы түрлерін Африка, Иран, Орта Азия, Ауғанстанда кездестіруге болады.

Қазақстанда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында көбірек өсіріледі. Қарбыздың жақсы өсуіне топырақ ылғалдылығы мен ауа райы әсер етеді. Сол себепті әр аймақтағы қарбыз сорттары әртүрлі болады.

Асқабақ тұқымдасына жататын бақша өнімдерінің бірі – қауын. Қауынды бұдан 2 мың жыл бұрын Кіші және Орта Азия жерінде мәдени дақыл ретінде өсірген. Құрамында 4,5 – 18% қант, 0,6% белок, С, РР витаминдер болатын қауын адамдарға өте пайдалы.

Қауын Шымкент, Мырзашөл, Шардара, Сарыағаш, Шәуілдір, Түркістан аймақтарында көп өсіріледі.

Санитарлық талаптар қандай?

Жаз айлары бастала салысымен көпшілік қауын мен қарбыз жеуге асығады. Дәрігерлердің айтуынша, жаз айларында табиғи витамин алудың бірден-бір жолы – бақша өнімдерін тұтыну. Бұл уақытта қауын мен қарбызды тиеп алып, сатумен айналысатын алыпсатарлар да көбейеді. Ал олардың барлығында зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты бар деп айту қиын. Байқасаңыз, қауын мен қарбыздың басым бөлігі жерде домалап жатады. Бұл сату талабына сай келмейді.

Бақша өсімдіктерінің құрамындағы нитрат мөлшерін зерттеу жүргізу арқылы анықтауға болады. Қарбыздағы нитрат мөлшері келісіне 60 миллиграмнан болса, ал қауында 90 миллиграмнан аспайды.

Мамандар бір адамның өзі жылына картоптың 70 келісін, көкөніс пен бақша дақылдарының 100 келісін тұтынатынын айтады.

Бақша өнімдеріне қоятын сатушы бағасы қандай?

Алматы қаласы бойынша «Magnum» дүкендер желісінде қарбыздың келісі – 216 теңгеден сатылып жатыр.

Ал қауынның бағасы бір келісіне 432 теңгені құрайды. Базар маңында бақша өнімдерін алушылар көптеп кездеседі.

Қазақстандық қауын мен қарбыздар ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жіберіліп отырады екен.

Азық-түлік бағасы мен көкөністердің қымбаттауына байланысты экономист, ҚР Ауыл шаруашылығының экс-вице-министрі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру Орталығы» КеАҚ Басқарма Төрағасы Төлеутай Рақымбековпен тілдесіп көрдік.

Төлеутай Рақымбеков

Төлеутай Рақымбеков айтуынша, ауылшаруашылық өнімдерінің тиісті жүйесін құра алмау және статистиканың өтірігі азық-түліктің қымбаттауына негізгі себеп болып отыр.

Азық-түлік бағасының қымбаттауының екі негізгі себебін атаймын.

Біріншіден, Тәуелсіздіктің 30 жылында және нарықтық экономика жағдайында біз ауыл тұрғындары өндірген ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу, сақтау, өңдеу және тасымалдаудың тиісті жүйесін құра алмадық.

Екіншіден, ауылшаруашылық өндірісінің кеңестік кезден бері сақталған, бірақ ондаған есе өскен көлемін жариялау, - дейді экономист. 

Қазақстан көкөніс импортына тәуелді

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан бүгінде 1991 жылмен салыстырғанда көкөністерді шамамен 5 есе, ал картопты 2 есе көп өндіреді. Бірақ 30 жыл бұрын көкөніс және картоп өндірумен қуатты совхоздар мен колхоздар айналысқан.

Менің есептеуім бойынша, бүгінде отандық өндіріс көкөніске деген ішкі қажеттіліктің 40% -дан азын қамтиды. Яғни, 60% немесе одан көп мөлшерде Қазақстан көкөніс импортына тәуелді. Нақты сандар одан да аз болып шығуы мүмкін.

Коронавирустық пандемия халықаралық саудада көптеген шектеулер туғызды - елдер карантиндік талаптарды күшейтті, азық-түлік тауарларының экспортын шектей бастады және т.б. Мұның бәрі жемістер, көкөністер мен картоптың қымбаттауына әкеп соқтырмауы мүмкін емес, - деді Төлеутай Рақымбеков

Соңғы уақыттары маған журналистер мына сұрақты жиі қояды: «Кейбіреулер айтқандай, Қазақстанға жұт қаупі төніп тұр ма?». Мен оларға, «жұт» сөзін босқа қолданбаңыздар деймін. 19-шы және 20-шы ғасырларда жұттың кесірінен мал ғана емес, адамдар да қырылды. Екіншіден, біз қазір ХХІ ғасырда, нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатырмыз.

Orda.kz журналисі картоп пен сәбіз, қауын мен қарбыз бағасының өсуіне байланысты экономика ғылымдарының докторы, ауыл шаруашылығының маманы Атамұрат Шәменовпен де әңгімелесіп көрді.

Атамұрат Шәменов

Атамұрат Шәменовтың айтуынша, еліміздегі аграрлық сала жыртық көрпе кейпінде. Бірін тартсаң бірі жыртылады. Атамұрат Шәменов Қазақстанды екі жыл ішінде азық-түлікпен түгел қамтамасыз етіп, бағаны түсіру жолын білетінін айтты.  

Өткен жылдары орамажапырақ, кеше картоп пен сәбіз бағасы шарықтады, сіз қауын-қарбызды айтып отырсыз, мен оған нан бағасын қосар едім. Лимон, мандарин, апельсин сатып алғанда әрдайым Қызылорданың қауынын еске аламын, жұдырықтың жартысындай мандариннің кішкентай жапсырмасы бар, ал аттың басындай сыр өңірінің қауынын мәпелеп экспортқа шығара алмай жүрміз.

Бала күнімізде қауынбаза деген болатын, сонда мектеп оқушылары жәшік шегелеуге көмек жасайтынбыз, естуімізше Қызылорданың сарала қауыны сібірге жөнелтіледі екен. Ал нарық заманына кіргеннен бері бұл жұмыс үдемек түгіл өшіп қалған сияқты, бұл өңірге бал татыған қауынды сыртқа шығаратын басшы келмей-ақ қойды, - деді Атамұрат Шәменов.

Өзбектер Нью-Йоркте дүкен ашып, жеміс-жидегін сатып жатқанын естігенімде ішім күйеді.

Өзбектер Нью-Йоркте дүкен ашып жеміс-жидегін сатып жатқанын естігенімде ішімнің күйгенін жасыра алмаймын. Азияның жемісі демекші, Баяғыда Францияда керемет абрикостарды мароккандықтар сатады екен, қызығып алғанбыз, бірақ су татиды.

Мұндай проблемалар әлі де шыға береді. Енді ет қымбаттайтын барлық негіз бар. Өйткені аграрлық сала жыртық көрпе кейпінде, бірін тартсаң бірі жыртылады, ол әлі жалғаса береді. Оны не тоқтатады? Тоқтататын тек «қалайы тостаған».  Өйткені, аграрлық саланы қалай дамыту керектігін көп айтқан адамның бірі мен.

Ұсыныстар орындалмады, өйткені үкіметте оны түсінетін адам жоқ, тіпті еститін құлақ та жоқ сияқты. Мен айтар едім Қазақстанда екі жыл ішінде азық-түлікпен түгел қамтамасыз етіп, бағаны ойсырата түсіруге болады. Қалай? Оны мен білемін, - деді ауыл шаруашылығының маманы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар