Қазақстанда әр бесінші бала темекі тартып көрген

cover

Қазақстанда зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде әр бесінші бала темекі өнімдерін қолданып көргені анықталды.

Бұл туралы Orda.kz хабаралайды.

ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы  бірлесіп жүргізген зерттеуге 10 мыңнан астам жасөспірім қатысты.

Зерттеуде 13-18 жасқа толған жеткіншектер шарап, сыра ішкенін жасырмаған.

Сауалнамаға қатысушылардың. 34,2% өмірінде бір рет алкоголь ішкенін жазған. 14,4% алғашқы сырасын 13 жасында ішіпті, осы жаста 9,7% алғаш шарап ішіп  шалқыса,  13 жасқа толмай 5,2% спирттік сусынның дәмін татқан екен.

Респонденттердің 10% - ға жуығы  (9,7%) кем дегенде бір рет мас болғанын мойындаған. Олардың  3% - ы  13 жасқа толмаған жеткіншек.  

Зерттеу нәтижесінде елімізде  әрбір бесінші жасөспірімнің  (сауалнамаға қатысушылардың 20,8%) өмірінде темекі шеккені белгілі болды.  Ұлдар мен қыздар арасында  айырмашылық бар. Мысалы, ұлдардың төрттен бір бөлігі кәмелет жасқа толмай  шылымды бір рет аузына салған болса, қыздардың тек 17% жағымсыз әдетке  бой алдырғанын мойындаған.  

Жасөспірімдердің 3% - ы  30 күнде күніне кемінде бір темекі, ал респонденттердің 0,5 күніне 10 немесе одан да көп темекі шегетіні белгілі болған. Ал 10,5 % ерте жаста (13 жас немесе одан аз) шылымға әуес болғанын жасырмаған.

Сауалнамаға қатысушылардың  5%-ы насыбайдың дәмін татыпты. Ал респондеттердің  3,1%  алкоголь, темекіден басқа  психобелсенді заттарды тұтындым деп жауап берген.

Қуаныш Алтынбеков

Зерттеу жүргізу барысында  БҰҰ ЕҚБ-нің әртүрлі елдердің  мектептерде жүргізілген  зерттеулердің тәжірибесіне негізделген  әдістеме, сондай-ақ алкоголь және басқа да есірткі бойынша  ұлттық контекстке бейімделген Еуропалық жобасы (ESPAD) таңдалды.   

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығының мамандарды барлық өңірге барып, облыс әкімінің орынбасарлары, білім басқармасы басшыларымен, мектеп, колледж директорларымен кездесті.

Жиналыста осы зерттеуді жүргізудің мақсаты, міндеттері және әдістері талқыланды. Аймақтағы психикалық денсаулық орталықтарының  мамандарын оқыттық.

Мектеп оқушыларының спирттік сусындар, темекі және   есірткі тұтыну көрсеткішін анықтау бойынша  соңғы он жылда бірінші рет  жүргізілген зерттеу нәтижесі жаңа деректерге, пайдалы  мағлұматқа толы, - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық орталығы бас директорының орынбасары Қуаныш Алтынбеков.  

Сауалнамада респонденттің демографиялық профилі туралы ақпарат, бос уақыттағы қызметі, темекіні, алкогольді және басқа да психобелсенді заттарды пайдалану туралы ақпарат; ПБЗ қолдануға қатынасы, ПБЗ болжамды қолжетімділігі; ата-аналар мониторингі және кейбір қосымша деректер қамтылған.    

Зерттеуге  жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары және 13-18 жас аралығындағы орта арнаулы оқу орындарының (колледждердің) 1-2 курс студенттері қатысты. Сауалнамаға барлығы 192 оқу орны , соның ішінде 128 мектеп және 64 колледж, лицейден  320 сынып қатысты.  Оқушылардың  немесе  ата-аналардың зерттеуден бас тарту оқиғалары өте сирек болды.

Зерттеу географиялық стратификацияны және кластерлік іріктеудің екі сатылы әдісін қолданды. 16 аймақтағы мектептер кездейсоқ үлгіні қолдана отырып таңдалды. Карталарды қолдана отырып, әр қала төрт сегментке бөлінді және әр сегменттен екі мектеп және бір колледж таңдалды (өйткені Қазақстанда колледждерге қарағанда мектептер көп).

Екінші кезеңде таңдалған мектептердің сыныптары рандомизацияның ұқсас әдісін қолдана отырып таңдалды. Әр колледжден бір сынып және әр мектептен екі сынып іріктелді,- дейді Қуаныш Алтынбеков .

Зерттеуге қатысушылардың 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін ескере отырып, зерттеу жүргізу кезінде мамандар кәмелет жасқа толмағандардан және олардың ата – аналарынан  рұқсат алды.

Бақытжан Нұрәлиев

Бұл зерттеуде жасөспірімдер арасындағы психологиялық ахуалды зерделеуге, олардың мінез -құлқына әділ баға беруге, отбасындағы жағдайдың қандай күйде екенін, баланың ата-анасымен, құрдастарымен , сынып жетекшісімен қарым -қатынасын анықтау және баланы күйзеліске ұшырауға себеп болатын түйіткілдерді , балалар мен жасөспірімдар арасындағы синтетикалық есірткі заттарын тұтыну бойынша деректер анықталд .

Зерттеу нәтижесі бізге  профилактикалық шаралар бойынша жаңа бағдарламалар қабылдауға,  есірткіге тәуелділіктің    алдын -алудың тетіктерін   қалыптастыруға мүмкіндік береді, - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми практикалық      орталықтың бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты  Бақытжан Нұрәлиев.

Респонденттердің 7,2% - ы құрбыларымен  салыстырғанда әлеуметтік және эмоционалдық  қолдауға мұқтаж екенін жасырмаған.

Ата -ана мен бала арасындағы  алшақтық, жылулықтың болмауы оны есірткіге үйір болуға итермелейтіні сауалнама қорытындысы көрсетті дейді мамандар. Дегенмен  әке шешесінің қамқорлығына бөленген жеткіншектердің де  арасынан есірткіге әуес жүгермектер анықталыпты.  

Сондай-ақ,  балаға бақылаудың әлсіздігі немесе мүлдем жоқтығынан  , саяқ жүргенде  бос уақытын кіммен және қайда өткізетінін, демалыс немесе мереке күндері қайда жүргенін білмейтін отбасында тәрбиеленген ұл-қыздың есірткі тұтынуға бейім және оның арбауына тез байланып қалатыны байқалған.    

Сауалнамаға қатысушылардың 7,5%-ы үйден кем дегенде бір рет қашқан , 21,1%-ы "өздеріне зиян келтіру туралы ойлаған" деп мәлімдеді. Шамамен 10% - ы өз өмірін қиюға  тырысқанын хабарлады.

Мамандардың айтуынша психобелсенді  заттарды қолданған кезде суицидтік ойлар мен өз өмірін қиюға деген құлшыныс артады.

Жасөспірімдердің жат қылықтарға үйір болуға отбасы мен достары тарапынан  әлеуметтік және эмоционалды қолдаудың жеткіліксіздігі, ата-ананың бақылауының төмендеуі, психобелсенді заттарды пайдаланушыларға қатысты бейтарап немесе оның қаупі аз деген көзқарастың болуы , өзін-өзі бағалаудың төмендеуі және  бос уақытта достарымен көше кезуі түрткі екенін зерттеу нәтижесі бағамдап берді. Енді мамандар осы түйіткілдерді жүйелі түрде шешу мақсатында және онымен күресу үшін  ауқымды бағдарламалар әзірлеуге бекініп отыр. 

Авторы: Жазира Бегалы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар