Ауғанстан: Қазақстан екі оттың ортасында қалайын деп тұр

Ауғанстан халқының оқ даусымен оянып жүргеніне ұзақ уақыт болды. Елді талибан* өкілдері басып алғаннан кейін ел астанасында бейберекетсіздік орын алып, ел тұрғындары жаппай шетелге қашуға асықты. Ауғанстандағы талан-таражға түскен тағдырлардың ертеңгі күні бұлыңғыр. Талибанға қарсы шығып, ел мүддесін қорғаймын дегендер де жоқ емес көрінді. Оның түбі жеңіс пе, жеңіліс пе белгісіз, бірақ келісім болары анық.
Orda.kz журналисі саясаткер Әміржан Қосанмен Ауғанстан тақырыбы туралы әңгіме өрбітті.

Саясаткердің айтуынша, босқындарға қатысты ортақ құжат қабылданса, БҰҰ мүшесі ретінде біз ауған босқындарын елге қабылдауымыз мүмкін.
– Ауғанстандағы жағдайға қатысты бізде екі түрлі көзқарас бар екені рас.
Бірі – «Ол елдің бізге қандай қатысы бар? Күл болмаса, бүл болсын! Ортақ шекара жоқ. Ол жақта отыз шақты қазақ отбасы тұрады, қайтамын десе, көшіріп алайық, сонымен іс тәмам!» деген түсінік. Ол да дұрыс шығар, бірақ та Қазақстан – халықаралық ұйымдар мүшесі ретінде аймақтық процестерге араласуы шарт. Оған қоса, қандай да бір идеологиялық ықпал алыс-жақындық және ресми шекараның бар-жоқтығына қарамайтынына заман куә. Ол ғаламдық, өркениеттік үрдістерден Қазақстан тыс тұра алмайды. Мәселен, біз БҰҰ-ның босқындар туралы Конвенциясына қосылған елміз, сондықтан да ертеңгі күні ауғандық босқындарға қатысты ортақ құжат қабылданып жатса, БҰҰ мүшесі ретінде біз ұйым алдындағы міндеттемелерімізді орындауға тиіс боламыз.
Сол себепті екінші көзқарас та бар. Өз басым соны қолдаймын. Оның мәнісі мынада: «Ауғанстан алыс емес. Геосаяси да, өркениетті де, діни дүниетаным да, ғаламдық апиындық транзит тұрғысынан да ол бізге жақын! Ол қауіп-қатерлерді ескермесек, ертең опық жеп қаламыз!».

Әміржан Қосан соғыс алаңына айналған елдің ішінде басталып жатқан кіші Ахмад Масуд пен талибандар* арасындағы соғыс жалпыауғандық процеске өз әсерін тигізетінін айтады.
– Ауғанстандағы ішкі жағдайға келсек, менің түсінігімше, әр ел өз тағдырын өзі шешуі керек! Ел ішіндегі әртүрлі саяси һәм өркениетті, діни, аймақтық әрі ұлтаралық ұстанымдар сыртқы ықпалдан тыс өзара келісімге, ортақ, жалпыауғандық компромиске келу керек деп санаймын. Ақыр соңында солай болары да хақ, әйтпесе, өз шешімін тапасса, ішкі қайшылықтар біртұтас елді ыдыратып, быт-шытын шығарып жіберуі әбден мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда Панджшер провинциясының тәліптерге бағынбауы да жалпыауғандық процеске өз әсерін тигізері сөзсіз. Бәлкім, алғашқы кезеңде ол аймақ белгілі бір дәңгейде автономиялық мәртебе алар. Оның бәрі үш жайтқа – провинцияның өзінің әскери әлеуетіне, тәліптердің провинцияға қатысты ұстанымына және халықаралық қауымдастықтың реакциясына байланысты.

Байденнің қылығы...
– АҚШ-тың 20 жылдан кейін ол жақтан әскерін алып кеткенін дұрыс деп санаймын. АҚШ салық төлеушілерінің қалтасынан екі триллион доллардай шығын шығарып, 2 мыңға жуық солдатынан айырылған елдің ол таңдауы дұрыс! Сондықтан да осындай шешім қабылдаған Байденді сынаудың не реті бар?! Әрине, әскерін елге қайтарудың соңғы фазасын дұрыстап ұйымтастыру керек еді. Бірақ ол саяси емес, техникалық мәселе.
Әміржан қосан

Саясаткердің пікіріне сәйкес, экстремистік ұйым ретінде тіркелген Талибан* өкілдерін тану кезінде Қазақстан екі оттың ортасында қалады.
– «БҰҰ, Еуроодақ және біз ресми түрде экстремистік деп таныған «Талибан» ұйымын тану не танымау жағы қалай болады?» деген де сауал туындайды. Меніңше, осы жағдайда ресми Қазақстан екі оттың ортасында қалайын деп отыр.
Еуроодақтың тәліптерді ресми түрде мойындайтын түрі жоқ (әрине, гуманитарлық апатқа ұшырап жатқан елге халықаралық қауымдастық көмек беру үшін тәліптермен қарым-қатынас жасауға мәжбүр болады, бірақ ол саяси мойындау емес). Ол уақыт еншісінде болса керек. Оның үстіне тәліптер үкіметінің де өкімет ретіндегі қимыл-әрекетіне де көп нәрсе байланысты болмақ.
Ал Ресей осы жағдайдан бұрын да тәліптердің делегациясын Мәскеуде қабылдап, келіссөз жүргізген болатын. Мыңжылдық дипломатиясы бар Қытай да тәліптермен қарым-қатынас орнатып, олармен әріптес болатын сыңай танытып жатыр.
Осы тұрғыдан алғанда, өкінішке қарай, ресми Астана дербес көзқарас ұстана алмай, Мәскеудің шылауында кетеді-ау деймін. Өйткені, кезінде қол қойылған еларалық үлкен келісім-шартта «екі ел келісілген сыртқы саясатты ұстанады» деген бап бар. Оның үстіне біз Ресеймен бірге бірқатар ұйымдардың мүшесіміз, ол жақта да өз мойнымызға алған міндеттемелер бар.
Талибан* – Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым.
Жаңалықтар
- Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын босатылмайды
- Семейде қылмыс әлемінің серкесі Лёха Семипалатинскийге ескерткіш орнатылды
- Ақтөбеде түнде полиция бөліміне рұқсатсыз кіргендер қамалды
- Қайрат Қожамжаровтың тобы: Бас прокуратура Олеся Кексельдің ұсталғанын растады
- Перизат Қайрат сотында Головкиннің 10 млн теңгеге сатылған қолғаптары сөз болды
- Павлодарда көлік ұрлап қашқан ер адам апатқа ұшырап, оқиға орнында көз жұмды
- «Кінәсін мойындамады»: Перизат Қайрат сотқа Бауыржан Байбекті шақыруды талап етті
- Руслан Желдібай халықаралық ұйымдағы жаңа қызметке тағайындалды
- Перизат Қайрат ісі: прокурорлар алаяқтық схемасын жария етті
- Антикордың бұрынғы басшысы Талғат Татубаев екі айға қамауға алынды
- Елімізде 700-ден астам талапкер негізгі ҰБТ емтиханынан өтпеді
- Бір тамшы су көрмеген: Түркістандағы егіндер қурап, шаруалар шаш етектен шығынға батып қалды
- Сәтбаев қаласында әкімдік қызметкері құмар ойын ойнағаны үшін жұмысынан қуылды
- Қостанайдағы президент резиденциясы балаларды оңалтатын орталыққа айналады
- Президент резерві: Тоқаев бюджеттен миллиардтарға жедел қол жеткізе алады
- Халық игілігі үшін: Алматы облысында қайтарылған қаржыға амбулаториялар салынып жатыр
- Гүлнар Бажкенова: «Ордадағы» ахуал, Ақордадағы жанжал және Нью-Йорктегі «қосалқы алаң» туралы
- «Барлау жүйесін іштен бұзу»: Трамп командасы АҚШ арнайы қызметтерінің хаттамаларына қол жеткізбек
- Алматы тауларында туристер мен балалар шұғыл эвакуацияланды
- Израиль соққысы кезінде Иран президенті жараланды