Мемлекет басшысына бейне үндеу жолдаған мұнайшы осындай мәлімдеме жасады.

Өзін «Теңізшевройлдың» бұрынғы қызметкері деп таныстырған ер адам компаниядағы жемқорлық пен улы қалдықтарға назар аударуды сұрады.

«Мен 2016-2019 жылдар аралығында «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істеп, айына бір миллион теңгедей жалақы алдым. Бірақ айналамда тамыр-таныстық пен жемқорлық жайлап кеткендіктен өзімді бақытсыз сезіндім. Барлық қызметкер біреудің туысқаны болды. Салауатты бәсекелестік болған жоқ. Одан бөлек, экологияға да біраз залал келтірілді. Мен қоршаған ортаның ластануына және жемқорлыққа қарсы болдым. Олар шындыққа шыдамай мені себепсіз жұмыстан шығарып жіберді. Мен мынаны сұрағым келіп отыр: неліктен біздің елде қарапайым қызметкердің құқығын қорғайтын заң жоқ? Неліктен ірі компаниялар қызметкерлерін себепсіз жұмыстан шығарып жібереді?», – деп, экология проблемасына баса назар аударуды сұрады.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, экология министрі, мұнай және газ министрі! Теңізде қанша қалдық шығарылатынын білесіздер ме? Есепте басқа нәрсе айтылады, ал іс жүзінде ол екінші Чернобыльге айналуы мүмкін. Күкіртсутек, аммиак, радиация және басқа да көптеген химиялық зат шығады. Біздің мамандар бұл бойынша жұмыс істегілері келмейді және басшылықта қабілетсіз адамдар отыр. Олар шешім қабылдай алмайды, себебі ол жаққа парасыз жұмысқа орналасу мүмкін емес. Шара қабылдап, улы қалдықтарға тексеріс жүргізуді сұраймын», – деді ол.

Экс қызметкердің бұл ашық мәлімдемесіне қатысты:

«Теңізшевройл» өкілдері «барлық сынамаларды іріктеу мен талдауды заманауи және сертификатталған құралдармен жабдықталған аккредиттелген зертханада білікті мамандар жүргізеді. 2000 жылдан бастап ТШО қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған шараларға 3 миллиард доллардан астам қаражат жұмсаған, бұл өндірілген мұнайдың бір тоннаға шаққандағы шығарындыларын 74%-ға төмендетті. ТШО 2009 жылы ілеспе газды үнемі жағуды толықтай тоқтатты және бүгінде ілеспе газдың 99% -дан астамы кәдеге жаратылады. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау үрдісі ашық және меритократия қағидаттарына сүйене отырып негізделген, ТШО барлық әлеуметті үміткерлерге тең қол жетімділікті қамтамасыз ететін компанияның сыртқы веб-сайтындағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды қоса, тиісті жұмысқа қабылдауды жүзеге асыруға көмектесетін егжей-тегжейлі процедуралар әзірледі», – деген жауап берілді.

Ал Атырау облысы бойынша экология департаментінен алған мәліметтеріміз «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде осы жылдың өзінде 2 штаттан тыс жағдай орын алғанын көрсетеді. Ол мұнайдың өртенуі және алауда газды рұқсатсыз жағу деректері және нормадан тыс сарқынды су төгу фактілері. Осыған сәйкес жүргізілген тексерулер нәтижесімен компанияға 1 589 166 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, 728 007 843 теңге көлемінде қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру мақсатында нұсқама берілген.

Табиғат жанашыры Арман Хайруллин Президентке үндеу жолдаған мұнайшының пікіріне қосылатынын айтады.

«Қоршаған ортаны қорғауға 3 миллиард доллар бөлдік дейді. Ол өзінің технологиялық жобасына сәйкес жасау керек жұмыстар. Нақты атмосфералық ауаны тазартуға, оның ішінде көгалдандыруға қаражат аяп отыр. Жер сілкіністеріне, тиктоникалық ауытқуларға ТШО-ның әсері бар деп есептеймін. Өйткені мұнай алған жердің орнын жеткілікті дәрежеде толтырмай жатыр. Асисмикалық аумаққа жатқызылып келген Солтүстік Каспий қазір алыстағы дүмпулерге өте сезімтал болып отыр», – дейді қоғам белсендісі.

Ұзақ жылдардан бері өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге атсалысып жүрген «Глобус» үкіметтік емес ұйымының төрайымы Галина Чернова «ТШО» экологиялық қылмыскер кәсіпорын, біз оны бұрыннан қара тізімге енгізуді сұрап келеміз дейді.

Галина Чернованың айтуынша, облыс бойынша 85 пайыз жалпы шығарынды көлемінің 70 пайызы ТШО еншісінде көрінеді.

«Сараптама нәтижелері соңғы 5 жылда ТШО табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға қомақты қаражат игеріп жатқанын көрсетеді. Бірақ қоршаған ортаны сақтауды, өзінің қауіпті, зиянды шығарындыларын  жоюды ойламайды. Есептерге сәйкес өткен жылдары ТШО арнайы тазалаусыз атмосфераға 70 мыңнан астам тонна шығарынды лақтырған. Өйткені компанияның арнайы қондырғысы жоқ. Сондай-ақ соңғы жылдары ТШО зауыттарында атмосфераға шектен тыс шығарынды лақтыру, шикі газды айдау фактілері жүйелі түрде қайталанып қана қоймай, қайтымсыз сипатқа ие болып келеді. Өйткені соңғы 6 жылда кәсіпорын зауыттарында 700-ден астам барлық белгіленген нормативтен тыс зиянды заттар шығарылып, 100 мың тоннаға жуық газ жағылған», – дейді ол.

«Үкіметтік емес ұйым төрайымын ТШО-ның жылдан-жылға ауқымды эмиссия талап етіп отырғандығы қынжылтады. Үлкен лимит  олардың атмосфераға зиянды қалдықтарды лақтыруларына қолайлы жағдай туғызады. Бұл ретте халықтың денсаулығына қауіп төнетіні айтпаса да түсінікті», – дейді ол.

Айта кету керек қазіргі кезде облыс бойынша онкологиялық ауруларға шалдыққан 4100 адам тіркелген.

Авторы: Эльмира Тунгатарова

Атырау