Әміре мен сегіз жастағы Жасмин Қазақстанды «Интервидение-2025» байқауында таныстырады

cover Фото: Фото: Envato

2025 жылдың 20 қыркүйегінде Мәскеуде 23 елдің өнерпаздары қатысатын халықаралық музыкалық «Интервидение-2025» байқауы өтеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Қазақстан атынан бұл байқауға әнші Әміре (Ернар Садырбаев) қатысады. Ол — «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және «Славян базары» байқауының жеңімпазы. Сахнада ол ақын Саяқ Рахымжановтың сөзіне жазылған «Дала таңы» әнін орындайды.

Нөмірдің ерекшелігі — Әміренің сахнада Қазақстан делегациясының ең жас қатысушысы, сегіз жастағы Жасмин Қайратқызымен бірге дуэт орындауы. Қыз бала жүздеген үміткер арасынан ауқымды кастинг арқылы таңдалған. Қойылымның егжей-тегжейі әзірге құпия сақталуда.

«Бұл ән тек осы жерді емес, барлық қатысушылардың жүрегін жаулап алды — олар қосылып шырқап, әннің әуенін айтып жүр. Ең басты мақсатымыз — бұл ән Қазақстанда да хитке айналып, Отанға деген сүйіспеншілікті жеткізетін керемет патриоттық әндердің біріне айналғаны», — деп атап өтті Қазақстан делегациясының бас продюсері Алтынбек Рахметов. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар