25 тамыз күні Алматы қаласында Демократиялық партия бастамашыл тобының белсенділері «Бауыржан Байбекке садақа» акциясын ұйымдастырып, тұрғындардан қаражат жинады. Жиналған ақша Байбек пен Мамай арасында болған сот процесінің шығынын жабуға арналған.

Orda.kz тілшілері оқиға орнына барып қайтты.

Естеріңізге сала кетейік, 15 маусым күні Алматы қаласының №2 Әуезов аудандық азаматтық істер соты Байбектің Мамай мен Иманбаеваға қатысты талабын қанағаттандырды. Сот жауапкерлерді «Байбектің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін» материалдарды жоққа шығарып және өшіруге міндеттеді.

16 тамыз күні саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваның Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жеңген бірінші сатыдағы соттың шешіміне шағымдануы сәтсіз аяқталды.

Жанболат Мамай «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасарына жеңіліп қалған сот бойынша 951 мың теңге айыппұлға қаражат жинау үшін «Бауыржан Байбекке садақа» деп Facebook парақшасында жариялаған болатын.

— Алматының көшелерінде, әлеуметтік желілер арқылы жинаймыз, – деді Мамай.

Осыған орай, Демократиялық партияның бастамашыл тобының белсенділері «Бауыржан Байбекке садақа» деп ұрандатып, айыппұл қаражатын көшеге шығып жинауға бел буды.

«Саяхат» автовокзалының маңында басталған бұл шара Арбатқа дейін жалғасты. Қызығы «Мамай, сот шешімін орында, Мамай, халықты алдама» деп плакат ұстап ұрандатқандар да табылды. Белсенділердің айтуынша, плакат ұстаған ер адамдар жиналған қаражатты қорабымен бірге алып кеткен.

Алматыда «Бауыржан Байбекке садақа» акциясы өтті
Фото: Orda.kz

Демпартия бастамашыл тобы белсенділерінің айтуынша, «Бауыржан Байбекке садақа» акциясы айыппұл қаражаты жиналғанша болады. Азаматтық белсенді Абзал Достияров «Бәле-жаланың бәрі Байбекпен кетсін» деп акцияны аяқтады.

Бек Байтас

Ильдар Адильченов

Бөлісіңіз: