Алматыда 20 шақты кітапхана ашылады

cover фото: pixabay.com

Алматыда 2030 жылға дейін 20 жаңа кітапхана ашылады. Бұл ретте басты назар қаланың тапшылығы бар шалғай аудандарына бағытталады. 

Ендігіде саябақтарда, скверлерде және сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары пайда болады. Аппарат тек кофе ғана емес,  кітап та ұсынатын болады.

Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық статистикалық базаның деректеріне сүйенсек, Алматыда  2023 жылдың 1 қаңтарында 33  кітапхана тіркелген. Оның ішінде үш кітапхана филиалы тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін қолайлы жағдайлар жасалған: кітап қоры үнемі жаңартылып отырады, жылдам әрі тегін интернет жұмыс істейді, компьютерлер, жаңа жұмыс үстелдері мен дивандар бар. Көру қабілеті нашар және зағип оқырмандар кей кітапханалардың қызметтерін пайдалана алады. 

«Біз қаламыздың зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз байланыстамыз. Бұған қоса, балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, ол үшін біз тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шараларды ұйымдастырамыз, қонақ ретінде жұлдыздар мен жазушыларды шақырамыз. Бізде барлығы 140-қа жуық үйірме бар. Жалпы, қалалық кітапханалардың 95% - ы жөндеуден өтті. Біздің кітапхана - балалар мен ересектерге бірдей жан-жақты дамуға арналған орталық. Осының арқасында қалалық кітапханаларға келушілер саны жыл сайын 3 миллионнан асады», — деп атап өтті Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.                       

Қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады, оның 18% - ы цифрлық форматқа енген. Сонымен қатар, кітап каталогы ОКЖ сайтында орналастырылған және барлық тілек білдірушіге қолжетімді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі тестілеу үстінде. 

№ 10 кітапхана меңгерушісі Надежда Тен халықаралық ынтымақтастық хақында сөз сөйледі. Айта кетейік, Алматы кітапханашылары биыл Швейцария, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Грузияның жетекші кітапханаларында біліктілікті арттыру  бойынша тағылымдаман өтті.

«Қала басшысы мен Алматы мәдениет басқармасы біздің саламыздың дамуына, әсіресе қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Біз алғаш рет әлемнің жетекші білім беру орталықтары мен кітапханаларында оқуға мүмкіндік алдық. Өзім Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Біз Старфилд, Намсан сияқты әйгілі кітапханаларға, сондай-ақ университет пен балалар кітапханаларына бардық. Елге келгеннен кейін жиған-терген білімімізді салыстырдық, әсерлеріміз туралы пікір алмастық. Шетелде алған идея мен ойға жиған білімді әкімдік қалалық кітапханалардың жүйесіне енгізе бастады. Бұл қуантарлық жағдай», — деді Надежда Тен.

Қазір қалалық кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылды, оны енгізумен мынадай мүмкіндіктер пайда болды: электрондық оқырман билетін беру, оқырмандардың сұраныстарын өңдеу, қажетті әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру және резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру және қайтару, кітапханалық-ақпараттық технологияларды кешенді автоматтандыру.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар