АҚШ Жоғарғы соты Трамп енгізген жаһандық баж салығының көбін заңсыз деп таныды

cover Фото: Pixabay

АҚШ Жоғарғы соты Дональд Трамп енгізген жаһандық кедендік баж салығының басым бөлігін жойды. Сот алты судьяның қолдауымен, үшеуінің қарсылығымен Ақ үй басшысы өзге елдерге қарсы енгізген импорттық тарифтердің бір бөлігін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Orda.kz.       

Судьялар Трамптың Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңды (IEEPA) пайдалану арқылы өз құзыретін асыра пайдаланғанын алға тартты. Олардың пікірінше, бұл заң дағдарыс жағдайында сауданы реттеуге мүмкіндік береді, алайда кедендік тарифтер енгізуге құқық бермейді.

Әңгіме 2025 жылы енгізіле бастаған ауқымды тарифтер туралы болып отыр. Алдымен баж салығы Қытай, Мексика және Канадаға қарсы қолданылған, кейінірек әлемнің көптеген елін қамтыды. Мөлшерлеме тіпті 10 пайыздан 50 пайызға дейін жеткен. Президент бұл шараларды есірткі трафигімен күрес және ел экономикасына төнген қауіптермен түсіндірген.

Тариф төңірегіндегі дау тек экономикалық емес, саяси сипат та алды. АҚШ Конгресі өкілдері Конституцияға сәйкес сыртқы сауданы реттеу құқығы парламентке тиесілі екенін айтып, президент заң шығарушы орган өкілеттігін иемденіп алды деп мәлімдеген. Жоғарғы сот осы ұстанымды қолдады.

Енді америкалық компаниялар төленген баж салығын қайтаруды талап етуге мүмкіндік алды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл шамамен 150 миллиард доллар болуы мүмкін. Алайда сот шешімі болат, алюминий, автокөлік және ағаш материалдарына салынған тарифтерге әсер етпейді.

Трамп шешімді қатаң сынға алып, оны «масқара» деп атады. Оның айтуынша, әкімшіліктің импортқа қысым жасаудың балама тәсілдері бар, бірақ оларды іске асыру күрделі болмақ.

Сондай-ақ жуырда Трамп Гренландияны сатып алу жөнінде келісімге қол жеткізгенге дейін Еуропаның сегіз еліне жаңа тариф енгізуді жоспарлағаны айтқан еді. Алайда кейін бұл ойынан бас тартты.

Тақырыпқа қатысты мәлімет:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар