Ақбөкендер аштан қырыла ма? Ресейге өтіп кеткен жануарлар орала ма — ғалымның пікірі

cover Фото: Экология министрлігі

2020-жылдары Қазақстанда бір дәстүр қалыптасты — әр екі жыл сайын ақбөкендер туралы қызу пікірталас басталады. 2025 жылы 2023 жылғы жағдай қайталануда — фермерлер дала жануарларын атуға шақырып отыр. Бұл жолы ауыл шаруашылығы өкілдеріне кейбір депутаттар да қосылды. Экобелсенділер болса, оларды сақтау мен көбейту үшін көп күш жұмсалғанын, оларды қайтадан қыра салуға болмайтынын айтып, қарсы уәж білдіруде. Бұл пікірталаста киіктерді ғылыми тұрғыда зерттейтін ғалымдардың үні елеусіз қалып жатады. Orda.kz осы олқылықтың орнын толтыруды ұйғарды.

Ақбөкен тақырыбына байланысты сарапшыны табу үшін Orda.kz тілшісі 5 маусымда өткен «Орталық Азия биоалуандылығын сақтау мәселелері мен болашағы» атты форум ұйымдастырылған Ұлттық ғылым академиясына барды. Себебі Қазақстанда киік популяциясын сақтау – биоалуандылықты сақтаудың да мысалы болады.

Біздің сұхбаттасушымыз – ҚР Зоология институтының сүтқоректілерді зерттейтін зертханасының меңгерушісі Алексей Грачёв. Бұл зертхана сайғақтарды қоса алғанда, түрлі сүтқоректілерді зерттейді.


—  Алексей, киіктердің санын реттеу керек пе, жоқ па деген дау — қазіргі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі. Ғалым ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

— Білесіз бе, Австралияда кенгуру — елдің символы. Бірақ олардың саны көбейіп кеткені сонша, экологиялық апатқа әкеп соқты. Сол себепті оларды атуға мәжбүр болды. Ұлыбританияда бұғылардың, Солтүстік Америкада әртүрлі жануарлардың санын реттейді. Бұл — қалыпты нәрсе. Әсіресе бұл жануар белгілі бір табыс әкелуі мүмкін болса, оның ішінде жергілікті халыққа пайдасы тисе, реттеу орынды. Киіктердің саны неге азайды? Себебі халық тіршілік ету үшін амал іздеді, әсіресе мұнай мен газ жоқ өңірлерде. Біреулер қалаға көшті, ал қалғандар браконьерлікпен айналыса бастады. Сондықтан реттеудің еш оғаштығы жоқ.

Жалпы ақбөкен  — Қазақстандағы негізгі әрі экономикалық жағынан маңызды кәсіпке пайдалануға болатын аңдардың бірі. Бұл жануар 1990-жылдарға дейін, яғни әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, қорғау әлсірегенге дейін 40 жылдан астам уақыт бойы кәсіби түрде пайдаланылған. Сол кезде браконьерлік күрт артты, өйткені ақбөкенге, нақты айтқанда оның мүйізіне сұраныс жоғары болды, бірақ қадағалау мен қорғау болмады. Ақбөкендер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. 2000-жылдардың басында мемлекет бұл мәселеге назар аударып, қорғау шараларын күшейтті. Қазір сайғақ саны бұрынғыдан бірнеше есе көп.

— Дегенмен реттеу дегеніміз — бәрін жаппай ату емес қой?

— Бір кезде Зоология институты ақбөкендерді ұтымды пайдаланудың экологиялық негіздерін әзірледі. Бұл үшін бір топ ғалым мемлекеттік сыйлық та алды. Ақбөкендерге қатысты  белгілі тарихында олар бірнеше рет жойылудың аз-ақ алдында болған. Соның бірі — ХХ ғасырдың ортасы. Бірақ сол кезде ғылым да қарқынды дамыды. Мен қазір басқарып отырған зертхананың негізін қалаған Аркадий Слуцкий ақбөкендердің көбею, мінез-құлық, таралу, көшу ерекшеліктерін зерттеді. Ол олардың санын, қай жерде және қаншасын жою керек, жынысы мен жасына қарай қалай реттеу керек — бәрін есептеп, үлгі жасаған. Сонда ақбөкендер популяциясының жыл сайынғы өсімі 20-80 %, орта есеппен 40 % болатыны анықталды. Яғни, популяциядан 20 % алып тастасаңыз да, ол өсуді жалғастырады. 20 % алып тастасаңыз — ол тағы 20 % көбейеді. Әрине, бұл қолайлы жағдайларда. Егер 10 % ғана алынса, популяция 30 % өседі. Қорғау дұрыс жүргізілсе, ақбөкендердің саны тез қалпына келеді.

Естеріңізде болса, 2015 жылы Бетпақдала популяциясы жаппай қырылып қалған. 250 мың басынан тек 20–30 мыңы ғана тірі қалған. Яғни 90 % популяция жойылды. Бірақ қазір Бетпақдаладағы сайғақтар саны 1 миллионнан асты.

– Ал қазір Қазақстанда қанша сайғақ бар? Екі жыл бұрын олардың саны екі миллион болған еді. Сол уақыттан бері көбейді ме?

– Ресми деректер әзірге жарияланған жоқ. Бірақ біз мемлекеттік есепке алуға қатыстық және олардың саны төрт миллионға дейін жетуі мүмкін деп болжадық. Әрине, егер жаппай қырылу сияқты төтенше жағдайлар болмаса. Биыл сондай қауіп болды. Көктемде Қарағанды және Ұлытау облыстарында шамамен 20 мыңға жуық ақбөкен қырылып қалды. Біз ол жаққа зерттеушілер тобын жібердік, және сараптама нәтижесінде олардың асқазанынан құм, саз, және топырақ табылды. Яғни, олардың жейтін ештеңесі болмаған. Олардың саны сонша көбейіп кеткенде жайылым жетпей қалады.  Ақбөкендерден жыл сайын тұрақты 40% төл алуға болады, енді бұл төлдер де қысты өткеруге тырысады. Бірақ егер азық жетіспесе, олар қыстан аман шықпай қалуы мүмкін.

– Яғни, келесі көктемде біз одан да көп өлекселерді көруіміз мүмкін бе?

– Иә, себебі олардың саны артады, ал ауа райы қолайлы болған күннің өзінде, мысалы, қыс жайлы болса және басқа да жақсы жағдай болса да бүкіл популяцияға азық жетпейді. Олар жай бәрібір аштан қырылады.

– Интернетте сайғақтардың шектен тыс көбеюіне олардың табиғи жаулары — қасқырлардың болмауы себеп болды деген пікір бар. Себебі қасқырлар да жаппай атылып жатыр. Қасқырлар ақбөкендер санын реттей ала ма?

– Иә, Қазақстанның жазық бөлігінде қасқырлар қатты азайып кетті. Ал олар ақбөкендермен де қоректенеді және шын мәнінде белгілі бір бөлігін реттей алады. Бірақ ол шешім емес. Олар әдетте әлсіз, жараланған немесе ауруға бейім жануарларды таңдап аулайды. Бірақ ақбөкендер саны миллиондап тұрған жағдайда қасқырлар популяцияның 20%-ын да реттей алмайды. Өйткені соншалықты қасқыр болмайды да. Олар жыртқыш қой, саны шектеулі. Бірақ қасқырлардың болмауы мәселеге шын мәнінде әсер етеді. Себебі олар ауру, соның ішінде жұқпалы дертке шалдыққан аңдарды аулап, табиғи сұрыптау қызметін атқарады. Ал популяция тығыз болғанда және жануарлар бір-бірімен жиі байланысқа түскенде, бұл жаппай өлімге әкелуі мүмкін. «Қасқыр — орман санитарлары» деп айтады ғой, бұл жағдайда олар – дала санитары.

– Қазақстанда ақбөкендерді  ату кезеңі әлі басталған жоқ, бірақ ресейлік БАҚ-та дәл осы ату салдарынан жүздеген мыңы Қазақстаннан Ресейге өтіп кетті деп жазылып жатыр. Шын мәнінде, осындай жағдай болып, олар Ресейге өтіп кетуі мүмкін бе?

– Ақбөкендердің Ресейге өтіп кеткенінде тұрған ешқандай тосын жайт жоқ. Бұл – оралдық популяция деп аталатын топ. Ол Еділ мен Жайық өзендерінің арасында орналасқан. Сондықтан оны Еділ-Жайық популяциясы деп те атайды. Егер Қазақстан картасына қарасақ, біздің шекаралар Еділге дейін жетеді. Яғни, бұл онша үлкен аумақ емес, ал ақбөкендер үшін бұл – табиғи жайылым. Жазда ақбөкендер қашан да солтүстікке қарай қозғалады. Бұрын олардың саны аз болғанда, көшу аумағы да аз болатын. Қазір көп болған соң, Ресейге өтетіндері де сондай көп болуы мүмкін. Қыс келеді, қар түседі – ақбөкендер оңтүстікке қарай «қоныс аударады». Олар тек қар болмай қалған жағдайда ғана сол жақта біразға дейін қалуы мүмкін.

Бірақ ол жақта да ауыл шаруашылығына байланысты қиындықтар жетерлік. Ресейде ақбөкендерді қорғау деңгейі бізге беймәлім. Бірақ біздің «Охотзоопром» сияқты арнайы қорғаныс қызметтері әлем бойынша саусақпен санарлық. Яғни, нақты бір түрді қорғауға маманданған құрылымдар аз. Ресейде дәл сондай жүйе бар деп ойламаймын. Сондықтан біз «біздікі» деп есептелген ақбөкендердің бәрі қайта оралмауы мүмкін. Әсіресе, Жайықтың кіші саласы — Кіші Өзенді кешіп өту кезінде жүздеген жануардың қырылғаны туралы хабарлар келіп жатыр. Сайғақтар жақсы жүзеді, бірақ мүмкін оларды біреу қуып жүрген шығар. Қалай болғанда да, ресейлік ғалымдардың бұл жағдайға қатысты кәсіби пікірін білу қызық болар еді. Себебі біз оралдық популяцияны біздің ақбөкендер деп есептейміз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар