Айфоннан да арзан сәби: адам болмысы 950 мыңға бағалана ма?

cover

1996 жылы алғаш «пробиркадағы баланың» өмірге келуі туралы айтып, адамдарға үміт отын сыйлаған Экомед орталығының ғылыми директоры Салтанат Байқошқаровамен эксклюзивті сұхбатты Orda.kz ұсынады.

ЭКҰ-ға жастар қаншалықты жиі жүгінеді? Олардың қиындықтары неде?

Қазір ЭКҰ-ға жастар да, үлкен кісілер де келеді. Қанша бедеу жұп барын біз нақты айта алмаймыз. Себебі, Қазақстанда оны тіркеуге алатын электронды регистр жоқ. Осы бойынша біз Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс тастағанбыз, олар оны қабылдап, электронды тіркеумен айналысатын бөлімге табыстаған. 2021 жылдың соңына қарай қажетті бағдарлама іске қосылуы керек.

Тіркеудің жоқтығынан ЭКҰ-ға келетін адамдардың жастары мен қандай ерекшеліктері барын нақты айта алмаймыз.

салтанат Байқошқарова

Бұрындары орталыққа 40-тан асқан 50-лер шамасындағы кісілер келетін, жалпы орташа жастары – 38 болған. Ал қазір сауатты жастар репродуктологке ертерек жүгініп, кеңес алып жатыр. Олардың барлығына ЭКҰ жасалмайды.

Қазір қалай болады?

Жаңадан шаңырақ көтерген жастар бір жыл ішінде балалы болмаса, бірден репродуктологтың көмегіне жүгінеді. Негізі бұл дұрыс. Ал шалғай ауданда тұратын жастар көбіне емшілерге барып, 7-8 жыл уақыттарын кетіріп жатады. Алайда, адамның жасы ұлғайған сайын ұрық азаяды, нашарлайды, сапасы төмендейді. Сондықтан, ұзақ уақыт білікті маманға бармай, уақыт созып алған адамдардың түп мақсаты нәтижесіз болып жатады.

ЭКОМЕД

Уақыт созбай репродуктолог маманға жүгінсеңіз:

  • Күйеуі спермограмма тапсырады.
  • Жұбайын узи-да тексереді.
  • Дәрігер екеуінің ауру тарихын зерттейді.
  • Керекті анализдер тапсырады.
  • Рентген арқылы жатыр түтікшелерінің өткізу қабілетін тексереді.
  • Осылайша, не себепті жұптың бала көтере алмай жүргендіктері анықталады.
  • Егер мәселе жеңіл шешілетіндей болса, репродуктолог ультродыбыстық зерттеудің арқасында мониторинг жасап, табиғи жүктілікке қол жеткізуге тырысады. Көбіне жұптардың қиындықтары осылай шешіледі. Олар түрлі ем қабылдайды: дәрі-дәрмек, стимуляция, гормон, операция, т.б.
  • Емнің өзі 1-2 жылда көмектеспеген кезде немесе бірден ЭКҰ-ға жүгінетіндер де бар. ЭКҰ-ға бірден жатыр түтікшелері бітеліп қалған, жатыр түтікшесінен айрылған, операция кезінде аналық бездері кішірейіп кеткен, ұрығы азайған адамдар жүгінеді.

Репродуктолог дәрігерлер – гинекологтар, бірақ заманауи бедеулікті емдейтін, зерттейтін, диагностикасын білетін арнайы мамандар.

Репродуктолог тапшылығы

Қазақстанда мұндай мамандарға тапшылық бар. Олар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты метрополистер мен облыс орталықтарында кездеседі. Болмаса, көп жерде жоқ. Біздің өзімізде 10-ға жуық емханамыз бар. Онда гинеколог мамандарды іріктеп алып, осы репродуктолог бағытына оқытамыз. Барынша адамдарға көмектесуге тырысып жатамыз.

Бұл мәселені өз тарапымыздан шешу үшін, біз ЭКО клиникаларын Қазақстанның өзге облыстарында ашуға күш салдық. Қазір ЭКОМЕД желісінде10-нан астам қалада орналасқан емханалар бар. Онда жұмыс басталғанда, гинеколог мамандарды іріктеп алып, осы репродуктолог мамандығына оқытамыз. Осылайша еліміздің көптегенелді-мекендеріндегі, қалаларындағы жұптарға көмектесуге тырысып жатырмыз.

Қаражат тапшылығы

Көбіне жас отбасылардың ЭКҰ жасатуға қаражаттары жетпей жатады. Оларға квота алу әлдеқайда жеңіл, себебі жастарға квота жиі беріледі. Репродуктолог маман тексеріп, қорытынды шығарады. Егер жастардың бала көтеруге мүмкіндіктері жетіп тұрса, беріледі. Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасымен ЭКҰ-ға 7 000 квота берілді. Бастамасы басталды, біраз әйелдер бала көтеріп үлгерді.

Жастардың ұрықтары көп, әрі сапалы болғандықтан, олардың бала көтеру мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да оларға квота алу жеңіл. 30 жасқа дейін балалы болуға мүмкіндік көп болса, 35 жаста мүмкіндік азаяды, ал 35 жастан асқаннан кейін біраз қиындықтар туындайды. Жастарға көмекке уақтылы жүгінген абзал.

Жыныстық сауатсыздық бедеулікке әкеле ме?

Әрине, жыныстық сауатсыздық бедеулікке әкеледі. Қазіргі кезде жасөспірімдер ерте, кейде кездейсоқ жыныстық қатынасқа түседі. Оған интернетте жүрген небір ұятсыз дүниелер психологиялық түрткі болады.

  • Интернетте көрінген затты көріп алған жасөспірімдер неге көрмеске деп ойлап, ойсыз әрекеттерге барады. Нәтижесінде жүкті болып, баласын алдыртады. Артынша бедеулікке тап болады.
  • Одан бөлек жыныстық өмірі бар бойжеткендер бала көтеру қаупін сейілту үшін дәрі-дәрмектерге жүгінеді, ол да бедеулікке әкелер жол.
  • Тағы да жыныстық сауатсыздықтан инфекциялық аурулар тарайды. Ол екеуін де бедеулікке әкелуі мүмкін. Тіпті, бедеу болмаған күннің өзінде жыныстық инфекциялық ауруды емдеу үшін қабылданатын антибиотиктер ертеңгі ұрпағына әсер етеді.

Сауатты жастар ерте немесе кездейсоқ жыныстық қатынасқа түспеуге тырысады.

Салтанат Байқошқарова

Жасөспірімдердің сауаты

Ал жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығына келер болсақ, олармен ата-аналарының сөйлескені дұрыс. Шешесі қызына, әкесі ұлына барлығын түсіндіріп беру керек. Бұрындары мектепте валеология деген сабақ болатын, кейін оны алып тастады. Қазір мектеп бағдарламасында 8-9 сыныптарда анатомия сабағында 1-2 тақырып қана жыныстық сауаттылыққа арналған. Бала мектептен, үйінен қажетті ақпаратын ала алмай, интернетке жүгінеді, көшеден естиді. Солай жүріп бірдеңеге ұрынады.

Бірнеше жыл бұрын Прибалтикаға осы тақырып бойынша конференцияға қатысқанмын. Сөйтсем онда балалардың жыныстық сауаттылығына үлкен ден қояды екен. Сәйкесінше жыныстық қатынасқа түсудің орташа жасы – 16,5. Ал бізде ше? Сол кездері орташа жас – 14 болған, қазір 13-ке жеткен шығар. Осы тұста жыныстық сауаттылығы бар жасөспірімдер ақ пен қараны ажыратып, сақ жүреді деуге болады.

Бала көтеру үшін қанша уақыт емделу керек?

Әр адамда әрқалай болады. Біреулер мамандармен сөйлесіп, ішкі құсасынан айрылып, қанаттанып, бір барғаннан бала көтеріп жатады. Ал біреулері 2-3 ай емделіп мақсаттарына жетеді. Кейбіреулерінде жағдайлары қиын болып, бірнеше жыл емделулері мүмкін.

иЭКҰ-ға келер болсақ, бір процедурада жастардың бала көтеру мүмкіндігі 40-50 пайызды құрайды. Салыстырмалы тұрғыда алсақ, мысалы 20 жастағы қыздың табиғи жолмен бала көтеруі 20 пайыз делік. Сондықтан жас отбасылар бір жыл табиғи жолмен балалы болуға тырысады. Ал 30 жаста бұл мүмкіндік 10 пайызды құрайды, 40 жаста 5 пайыз ғана болады. Бір рет жыныстық қатынасқа түсіп, балалы болу ықтималдығы, ЭКҰ-ның бір процедурасының ықтималдығынан әлдеқайда төмен. Алайда, сәттілік формуласы әркімде әртүрлі. Біреуде бір күн, біреуде бір ай, біреуде бір жыл. ЭКҰ-ның нәтижелігі бұған дейін ғылымда дәлелденіп кеткен.

Оның құны қанша?

Квота бойынша мемлекет бір процедураға 950 мың теңге бөледі. Оның 500 мыңы дәріге кетсе, қалғаны технологияға кетеді. Қарап тұрсаң сонда балалы болуға небәрі 950 мың кетеді. Ол – сұмдық арзан! Себебі, сіз көліктің өзін 7-8 млн-ға сатып аласыз.

ЭКҰ дүниежүзі бойынша біздің елде ең арзан болып табылады. Дәрі қымбат, осы жағынан қиналып жатамыз. Сондықтан мемлекет квота бөліп отыр. 7000 квотадан болжамды түрде 2500-2700 сәби дүниеге келу керек.

Көпшілікке қол жетімді ме?

Еуропадағы ғылыми регистр бойынша орташа 3,5-4 процедурадан кейін бала көтеріп жатады. Сонда біреуге 1 рет, біреуге 3 рет, ал біреуге 5 рет процедура жасалынады. Айтқым келгені орта есеппен бала сүю үшін 3 рет ЭКҰ жасату керек, ол дегеніміз бізде 3-4 млн тұрады. Мұндай қаржыны барлығының қалтасы көтере бермейді, бірақ мүмкіндіктің өзі керемет қой. Адамның болмысы да 3-4 млн-мен бағаланбайды.

Бізге келетін адамдар бірден бала көтере алмай, налиды. Ізденген адам мақсатына жетеді. Техникалық тауарды сататын сатушылардың айтуынша, соңғы үлгідегі айфонды шалғай аудандардағы жағдайы мәз емес адамдар да алады екен. Бәрімізге белгілі айфонның бағасы миллионға жетіп тұр. Сонда бала айфоннан да, көліктен де арзан болып тұр.

Бірақ оның өзінде мұндай қаражаты жоқ нәтижелі топқа жататын азаматтар мемлекеттен Денсаулық сақтау министрлігінің 272 бұйрығы бойынша квота ала алады.

Өткен жылы алынған 100 пайыз квотаның 60-70 пайызы бала сүйді. Сонда мемлекеттен бөлінген 100 млн-ның өзі дүниеге сәби әкелуге үлкен көмек қой.

Әйел ана атану үшін бәріне барып жатады, орталыққа жалғызбасты әйелдер келе ме?

ЭКҰ көмегіне әдетте жұптар жүгінеді. Кейде азаматтық некедегі жұптар да келіп жатады. Ал жалғызбасты аналар өте сирек келеді.

Әйел бақыты – ана атану дейді, осыған келісесіз бе?

Әрине, келісемін. Өз басын ғана ойламайтын әрбір саналы әйел уақтылы отбасын құруға тырысады. Ол өзі ұнатқан адамға тұрмысқа шығып, ұрпақ сыйлауды армандайды. Кейде олар табиғи жолмен бала сүйе алмай, медицинаға жүгініп жатады. Ана болғысы келіп, жұбайымен жоспар құрған әйел үшін ұзақ уақыт бала сүйе алмау қайғы-қасірет. Бір перзент сүюді армандап жүрген әйелдер көп.

Өз басымнан да бұл жағдай өткен. 7 жыл зарығып күтіп тұңғышымды дүниеге әкелдім. Артынан 15 жыл күтіп екінші балам дүниеге келді. Сондықтан да, мен үшін ең үлкен бақыт – ана бақыты.

Салтанат Байқошқарова

Болашағын ойлаған әрбір қыз бала уақтылы отбасын құрып, уақтылы ұрпақты болуды көздеу керек. Өмір деген зырғып өтіп кетеді. Оқу мен маңсап ешқашан бітпейді. Ертеңгі күні бедеу болып, емделіп, уақытын кетіріп, қаражатын құртып, жүйкесін тоздырып, жастығын жасқа толтырғанша, саналы түрде уақтылы ұрпақты болуға қадамдар жасау керек. Адам өмірі қысқа. Ал репродуктивті өмір одан да қысқа. Балалы болатын уақыт тіптен қысқа. Сондықтан алғашқы 1-2 баласын 30 жасқа дейін дүниеге әкелген дұрыс.

Әйел адамның өмірдегі негізгі миссиясы – ана атану.

Салтанат Байқошқарова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар