«Әке, анамды ұрмашы»:  Оңалту орталығындағы әйелдердің хикаясы 

cover Көмек оңалту орталығын паналаған балалы әйел. Шымкент, 15 ақпан 2023. Фото авторы - Дилара Иса.

Шымкенттегі «Көмек» оңалту орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан соң қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалар уақытша өмір сүреді. Орталықтан күніне 2-3 адам көмек сұрайды.

Көмек оңалту орталығының ғимараты. Шымкент, 15 ақпан 2023. Фото авторы - Дилара Иса.

«Бес балам шетінеп кетті»

40 жастағы Гүлім - 5 баласымен бірге оңалту орталығын паналаған жалғызбасты көпбалалы ана. Ол 10 жылдан аса күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін айтады. 

Оңалту орталығы Шымкенттегі шеткі аудандардың бірінде орналасқан. Қазір онда елуге жуық адам паналап отыр. Екі қабатты ескі үйдің бірінші қабатында орталық қызметкерлерінің жұмыс кабинеттері мен асхана орналасқан. Асханада әйелдер кезекпен ас әзірлейді. Екінші қабатта зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалар өмір сүреді. Мұнда бөгде адамның кіріп-шығуына тыйым салынған. 

Гүлім Жаңабаеваның (аты-жөні өзгертілді) тұңғышы – 15 жаста. Кенжесі – екі айлық бөбек. Ол бес баласымен бірге шамамен 20 шаршы метрлік бөлмеге жайғасқан.

Көмек оңалту орталығының есігіне ілінген ескерту тақтайшасы. Шымкент, 15 ақпан 2023. Фото авторы - Дилара Иса.

Оңалту орталығындағы әйелдердің көбі көңілсіз, мұңды. Жүріс тұрысынан-ақ олардың күйзеліске түскені байқалады. Олар бөтен адамдарды көргенде үрке қарайды. Өзара шүйіркелесіп әңгімелесіп жүргендер аз. Бөлмесінде бүк түсіп жатқандар бар. 

Гүлім балаларымен бірге орталықта жатқанына алты айдан асқан. Бесінші баласын осында босанған. 

- Міне, осы бөлмеде бе-е-ес баламмен жатамын, - деді Гүлім екі қолын жайып тұрып тар бөлмені кең етіп көрсеткісі келгендей. Бөлменің іші жылы. Кереуеттер қатар-қатар қойылған. Бір бұрышта киім жинайтын сөре бар. Оның бетін шыт матадан перде іліп жапқан. Терезеде қолдан салынған суреттер ілулі тұр. «Екінші қызым – суретші. Мына суреттерді қызым салған. Ол қазір сабақта» дейді Гүлім суреттердің бетін кезек-кезек сипап. Оның төрт баласы жақын маңдағы мектепте оқиды.  

Бөлме ортасындағы бала арбасында Гүлімнің екі айлық нәрестесі жатыр. Бұл нәресте оның екінші күйеуінен туған баласы. Анасын көрген ол шықылықтап күле бастады. Бөпесін қолына алған Гүлім оны еркелетіп, әлдилеп ұйықтатты. 

Көмек оңалту орталығының дәлізінде жуып жайылған киімдер. Шымкент, 15 ақпан 2023. Фото авторы - Дилара Иса.

Гүлім Түркістан облысы Сарыағаш ауданында туған. Отбасында 16 баланың кенжесі. Мамандығы - мұғалім. 15 жыл бұрын ерікті түрде өзінен үш жас үлкен Ерденге тұрмысқа шыққан, 10 жылдан кейін ажырасқан. 

- Өткен өмірім есіме түссе әлі күнге денем түршігеді, - деп әңгімесін бастады ол.

- Зорлық-зомбылықтың неше түрін көрдім. Ұрғанда, тепкенде, қылқындырғанда ауырсынғаннан денем құрысып қалатын еді. Бірінші рет қол көтергенде ренжіп, үйден кеттім. Үш күннен кейін ұят деп қайта келдім. Уақыт өте таяққа көндіктім. 

Гүлім мен Ерден ата-енесінен бөлек тұрған. Гүлім Ерденнің өзін неге жек көріп, ұрып-соққанын әлі күнге түсіне алмайды. 

- Ерден пысық жігіт. Малтабар. Бірақ мінезі шатақ. Тырнақ астынан кір іздейді. Мысалы, пияз жемейді. Тамаққа салсаң кесесімен бірге лақтырады. Басымызды бұғып үлгереміз. Балаларымның жүрегін алып қойған, дауыс көтергеннен зәре-құты қалмай далаға қашады... Себепсіз қорлайды. Таяқтан денемнің бәрі көгеріп, ісіп кетеді. Қорқыныш, үрейден ішкенім – ірің, жегенім — желім еді, - дейді ол күрсініп.  

Гүлім 10  жылда 9 құрсақ көтерген. Ұрыс-керіс кезінде бес рет түсік тастаған.

«Мола басында буындырды» 

Дәуленбай ата мазараты. Түркістан облысы Төле би ауданы, 6 наурыз 2023 жыл. Фото авторы - Дилара Иса.

Гүлім баяу сөйлейді. Басынан өткен оқиғаларды айтқан сайын екі қолын қайта-қайта қысады, дауысынан діріл байқалады.     

- Балаларыма обал болды. Өзіммен бірге олардың жанын жарақаттап алғанымды кеш түсіндім, - деді көзіне жас үйіріліп. 

- Олар менімен бірге көп қорлық көрді. Әсіресе, күйеуім қыздарыма тыныштық бермейтін.  Бір күні ерте жұмысқа кеттім. Түске жақын екінші қызым жылап хабарласты. «Анашым, әкем ұрып жатыр» деді. Жүрегім ұшып, үйге қарай жүгірдім. Балаларымды аямай ұрып тастайтын. Қызым кино жазылған дискіні алып ойнаған ғой. Оны көрген әкесі «неге аласың?» деп басына қамшымен бірнеше рет ұрған. Дискіні бөліп, аузына тыққан. Қызым оны шайнап отырып қорыққаннан кіші дәретін жіберіп қойған. Не керек басы ісіп, аузы тілініп кеткен қызымды әкесінің таяғынан әрең арашалап алдым. Өкініштісі, қанша емдетсем де қызым бұрынғы қалпына келмеді. Мінезі тұйық, ешкіммен ашылып сөйлеспейді. Әкесі есіне түссе жылай береді. Тек сурет салады.

Гүлім өз басынан өткізген қорлық пен зорлықтың бір себебін мінезінен көреді. Момындық пен көнбістік, жалтақтық, өзін-өзі сыйламағанына өкінеді. 

- Ерденнің ашуы қашан, қалай келетінін білмейтін едім. Өйткені кез-келген сәтте өзгере салатын. Мысалы, бір күні бала-шағаммен көлікте келе жаттық. Бір сәтте көңіл-күйі алай-дүлей бұзылды.Көліктің жылдамдығын қатты асырды да, жол бойындағы молаға кірді. Мені сүйреп сыртқа шығарды. Допша тепті, ұрды, соңында қолым сынып кетті. Көлік ішінде қалған балаларымның шыңғырған дауысы шықты: «Әке, анамды ұрмашы» деп жылап жатты. Осы кезде буындыра бастады, ауа жетпей талып қалдым. Есімді жиғанда көлік ішінде балаларымның алдында жаттым. Олардың үнсіз тұншығып жылағанын көріп қайта талып қалдым, - дейді ол.

Қайта жүріс жасағанын естігенде аялдамаға асылып қалдым

Ленгер қаласы. Түркістан облысы Төле би ауданы, 6 наурыз 2023 жыл.

Гүлімнің күйеуі 44 жастағы Ерден Мұсағалиев (аты-жөні өзгертілді) Шымкенттен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Түркістан облысы Леңгір қаласында екінші отбасымен өмір сүреді. Ол бала-шағасының оңалту орталығына түскенінен хабардар. 

Ерден күнделікті нәпақасын такси жүргізушісі болып табады. Оның екінші некесінен 2 жасар баласы бар. Ол Гүлімнің тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетті деген сөздерін түбегейлі жоққа шығарады. 

- Мысалы, мола басына алып барып ұрып-соқты дейді. Ойлаңызшы, қай есі бүтін адам балаларының анасын олардың көзінше мола басына алып барып қорлайды? Ондай әңгіме болған емес. Ұрып-соғатын болсам үйім бар емес пе? Сол жерде де таяқтың астына алсам болады ғой. Қызына дискі шайнатты дейді. Дискіні ауызға салып  шайнамақ былай тұрсын, бала оны тістей ала ма? Бәрі – өтірік. Мұның бәрі оның менен кек алуы, -  дейді ол. 

Ерден Гүліммен екеуінің арасындағы қарым-қатынасты жарияға жар болуын қаламаған. Ажырасқаннан соң жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деген.

- Қыздарым бой жетіп, ұлдарым ер жетіп жатыр. Ертеңгі күні зияны тиеді, әке-шешесін бетіне басады. Бұл қатын оны ойлап отырған жоқ, - деп сөзін жалғады ол. 

- Мысалы, 9 жыл бұрын өз үйімде балаларымның бөлмесінде төсекте бөтен еркекпен жатқан жерінен ұстадым. Терезеге қарай ұмтылып қашқан еркектің артынан қуа бастағанымды білемін, есімді жисам дәретхананың алдында бір орында тұр екем. Стресс қой. Мұны көрген тірі куәлер де, видеодәлелім де бар... Бірақ оны ешкімге бермеймін. «Әйелің өзі шақырды. Бұдан бұрын да кездесіп жүрдік. Маған не дейсің?» деді әлгі еркек. Менен басқа еркек болғанда әйелін сол мезетте пышақ сұғып өлтіріп тастайтын еді. Мен олай етпедім. Ол өліп, мен түрмеге жатқанда балаларым жетім қалады дедім. Оның үстіне үшінші балама ота жасатуға дайындалып жүрген кез. Үйден де қуып жібере алмадым. Ол кетсе баламды бірге алып кетеді, онда балама ота жасалмай өледі дедім. Балам үшін кешірім бердім.  

Ерден сөйлегенде барынша сабырлы болуға тырысады. Маңдайынан бастап желкесіне дейін қасиды да бас киімін қайта киеді. Көлігінің рөлін екі қолымен қатты қысып: 

- Мынаны көрдіңіз бе? Жара. Бұл жара денемнің барлық жерінде бар. Өткен күндерім есіме түскен сайын ашуланам. Құлағым бітеліп, басым дың-дың етеді. Өзіме-өзім сыймай кетемін. Бір апта, кейде бір ай дел-сал күйден арыла алмаймын. Денеме жаңа жара шығады. Шыққан жара қайтып кетпейді, -  дейді қолын көрсетіп. 

- Дәрігерлер ашулануға болмайды дейді. Айтыңызшы, қалай ашуланбайсың? Бәріне көз жұмып, жаңа өмір бастаймыз деп уәделесесің. Бірақ жыл өтпей тағы жүріс жасағанын білдім. Сол кезде бірінші рет қатты ішімдік ішіп, аялдамаға өзімді-өзім асып қойдым. Ізімнен келген достарым құтқарып үлгеріпті, аман қалдым.   

Ерден Мұсағалиевтің жараның ізі қалған қолы. Түркістан облысы Төле би ауданы, 6 наурыз 2023 жыл.

«Ұрма» дегені үшін 11 жерінен пышақ сұққан»

Оңалту орталығының әлеуметтік қызметкері Нұргүл  Бердібаева отбасындағы зорлық-зомбылықтың бір себебі ерлі-зайыптылардың арасында ортақ әңгіме, дұрыс қарым-қатынас болмауынан деп санайды. Ол күнделікті ұрыс-керіс әйелді күйзеліске түсіретінін, зорлық-зомбылықты тек әйелдер емес, балалар да басынан өткізіп жатқанын өкінішпен айтады. Әкесі не ағасы зорлаған қыздар да, өзімен бірге балаларын өлтіруге талпынған жүкті әйелдер де зорлық-зомбылықтың құрбаны дейді.  

Көмек оңалту орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен олардың балалары жасаған бұйымда. Шымкент, 15 ақпан 2023 жыл. Фото авторы - Дилара Иса

- Орталыққа әйелдер өте ауыр жағдайда келеді. Қорқыныш, сенімсіздік, жасқаншақ, ашық сөйлесуден қашу... суицидке бейімділік. Олардың жас шамасы әртүрлі. 5 жасар баладан бастап, 78 жастағы әжеге дейін бар. Әлеуметтік жағдайлары да әрқилы. Мысалы, жақында сегіз баласымен бірге көпбалалы әйел түсті. Күйеуі – кәсіпкер. Әйелін үйде күштеп ұстаған. Ұрған, соққан. 15 жылдан кейін шыдамы таусылған әйел «ұрма» деп қарсы шыққан. Сол үшін күйеуі әйелінің 11 жеріне пышақ сұққан... Бұл іс бойынша тергеу бітпеді. Әйелге туыстарының тарапынан да қысым көп. Сондықтан оны оқшау ұстауға мәжбүрміз. Ал күйеуі жүйке аурулары диспансеріне жатқызылған, - дейді ол.

Орталықтың есебінше, Түркістан облысы бойынша Сайрам, Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарында зорлық-зомбылық оқиғалары көп тіркелген. Орталықтан күніне 2-3 әйел көмек сұрайды. Зорлық-зомбылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда жиі кездеседі. 

-  Бізге келгенде әйелдерді 3 күн еркіне қалдырамыз. Осы үш күнде олар тынығады. Одан кейін жылайды. Сосын барып керекті мамандарды шақырамыз, - дейді Бердібаева.  

Маманның пікірінше, отбасындағы жанжалға тек еркектер емес, кейде әйелдер де себепші болады. Мысалы, 10 жыл отбасылық өмірде тамақ істемеген, киімін дұрыс жуа алмаған, балаларының күтіміне қарамаған әйелдер бар. Бұл да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа түрткі болады. Нәтижесінде, ерлі-зайыптылардан бөлек балалардың өмірі ауырлайды. 

Күрес қарапайым сұрақтарға жауап іздеуден басталады

Психолог Мөлдір Төкенова тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелмен сөйлесіп отыр. Шымкент, 15 ақпан 2023 жыл. Фото авторы - Дилара Иса.

Психолог Мөлдір Төкенова отбасындағы зорлық-зомбылық бала өмірінде бейсаналы түрде қайталанатынын алға тартады. Оның пайымдауынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін отбасында дұрыс қарым-қатынас қалыптастырған маңызды. Зорлық-зомбылық көрсеткен және көрген адамның психологиялық жасы бала деңгейінде қалатыны байқалады. Олар іс-әрекетін ойланбай жасайды. Ересектерге тән саналы түрде шешім қабылдай алмайды. Көбі бала күнінде зорлық-зомбылық көрген не куәсі болған адамдар. 

-  Оңалту орталығындағы әйелдердің басым бөлігі өлімге бейім, өмір сүруге құлшынысы жоқ. Күйзеліске түскен. Жан-жағындағы адамдарға сенімін жоғалтқан. Әсіресе, әйелдердің ер адамдарға деген өкпесі қара қазандай. Жаны жаралы. Тұңғиыққа батқан, ашушаң, -  дейді психолог.  

Психолог әйелдер күйзеліске түсіп, қара түнекке батуын тек күйеуі, не жан-жағындағы адамдардан емес өзінен де іздеу керек деп біледі. Мысалы, ата-енесінің қабылдамай, жатсынуы түбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелуі ықтимал. Бірақ тұрмысқа шыққан соң, айталық, ізденуді қоятын, кітап оқымайтын, жан-жақты дамуды білмейтін, күтімі жоқ әйелдер көп. Мұндай жағдайда олардың психологиялық жасы есеймей, бала күйінде қалуы мүмкін. Кей ата-аналар балаларымен қалай тіл табысу керек екенін, олардың өтпелі кезеңдерін білмейді.  

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдық мәселе. Адам барлық нәрсені қоғамнан алады. Әр ата-ана бірімен-бірі келісімге келіп, отбасылық өмірді жоспарлай білгені абзал. Отбасы дұрыс бағытқа көшсе қоғам да өзгереді. Баланы тәрбиелеуден бұрын ата-ана өзін-өзі тәрбиелеуді үйрену керек. Күрес қарапайым сұрақтарға жауап іздеуден басталады. Кіммін? Қашан, қандай жағдайда ашуланамын? Ашу-ызаның себебі неде? Салдары қандай? Осы сияқты сұрақтарды әр адам өзіне-өзі қойып, кінәні өзгеден емес өзінен іздесе, жан-дүниесін дамытса, жеңіс деген - осы, -  дейді Төкенова.

20 әйел жарақат алып, төртеуі қайтыс болған

Көмек оңалту орталығының директоры Малика Жүсіпова. Шымкент, 15 ақпан 2023 жыл. Фото авторы - Дилара Иса.

Оңалту орталығы директоры Малика Жүсіпованың дерегінше, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық ауыл-аймақта көбейген. Себебі, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, күнкөрістің қиындығы мен жұмыссыздық. 

- Ерлі-зайыптылар ұрыс-керіс кезінде баланың ойын, өмірін ескермейді. Біз барынша отбасын сақтап қалуға тырысамыз. Екі жақтың ашық сөйлесуіне мүмкіндік береміз. Арнайы мамандарды тартамыз. Көмек сұрап келгендердің 70 пайызы отбасын сақтап қалады, 30 пайызы ажырасады. Татуласуға келіспеген еректердің дені екінші рет үйленген, - дейді ол.

Жүсіпова зорлық-зомбылық мәселесі қоғамдық деңгейге шыққанын идеологияның әлсіздігінен көреді. Отбасылық институттың жоқтығына сілтейді. Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арнайы заң қабылдап, мәселенің алдын алмаса бұл проблема ушығып кетуі ықтимал екенін айтады.  

- Соңғы 2 жылда зорлық-зомбылық көбейді. Оның ішінде сексуалдық сипаттағы, бала зорлау, адам өлтіру дерегі бар. Егер мемлекет арнайы заң қабылдамаса тұрмыстық зорлық-зомбылық тоқтамайды. Бірінші кезекте елдің тұрмысын түзеу, жұмыспен қамту сияқты әлеуметтік мәселелерді қолға алу маңызды, -  дейді орталық басшысы.  

Түркістан облысы прокурорының орынбасары Жомарт Нұрғалидің мәліметінше, 2022 жылы облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 48 қылмыстық іс тіркелсе, оның 25-і әйелдерге қарсы жасалған. 25 істің бесеуі сексуалдық сипатта. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен (99-бап) - 2, «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен (106-бап) - 6, «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен (107-бап) –12 іс қозғалған. 

2023 жылдың бастапқы екі айында «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен 3 қылмыстық іс тіркеліп, екі жақтың татуласуына байланысты өндірістен тоқтатылған. 

Аймақ бойынша Жетісай, Сарыағаш және Сайрам ауданында бұл бағытта қылмыс саны өскен. 

«2022 жылы және 2023 жылдың өткен екі айында 20 әйел әртүрлі дене жарақатын алған, олардың төртеуі қайтыс болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алу себептеріне спирттік ішімдіктерді ішу, өмір сүру деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық, есепте тұрған тұлғалармен жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесіздігімен байланыстыруға болады» делінген Нұрғалидің арнайы жауабында. 

Облыс прокурорының орынбасары тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан биылдың өзінде 51 баламен 14 әйел, 2022 жылы 147 баламен 46 әйел оңалту және дағдарыс орталықтарына жеткізілгенін хабарлаған. 

«Балаларым жетім қалды»

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашып Көмек оңалту орталығына қабылданған әйел мен оның баласы. Шымкент, 15 ақпан 2023. Фото авторы - Дилара Иса.

Ерден аялдамаға асылып қалған күннің ертеңіне Гүлім балаларымен бірге үйінен өз еркімен кеткен. Әуелі Гүлім, кейіннен Ерден ресми түрде ажырасуға арыз тастаған. 

Бұған дейін Гүлім ұрып-соқты деп полицияға бірнеше рет арызданғанымен арызын көбіне кері қайтарып алған. Бір рет Ерденнің үстінен әкімшілік іс қозғалған. Істі Түркістан облысы Төле би аудандық соты қараған. 

Сот қаулысында Ерден Гүлімнің «көйлегінің жағасынан қысып, мойнынан қылқындырып, еденге күштеп құлатып, тізесімен ішінен басып ұрып-соққаны» бірақ бұл «жеңіл жарақатқа жатпайтыны» көрсетілген. Ерден сотта Гүлімнің жала жапқанын айтқан. Сот Ерденді кінәлі деп тауып, айыппұл салған. 

- Қазақстанда еркектерден қарағанда, әйелдерге заңмен басымдық берген. Егер күйеуі ішіп келіп ұрып-соқса, себепсіз таяқтың астына алса жазаласын. Қазір ажырасқан жалғызбасты аналарға мемлекеттік жеңілдіктер көп. Соның өзі ажырасқандарды көбейтіп жіберді. Әкеммен оның бауырлары балалар үйінде өскен. Бізге үнемі «балаларды жетім етпеңдер» деп отыратын. Жұрт «жүріс жасағанын білсең неге бірден ажыраспадың?» дейді. Менде бір ғана тілек болды, балаларым жетімдік көрмесе екен дедім. Балаң болған соң сағынасың, еркелеткің келеді. Көре алмайтыным жаныма батады. Олардың өскенде ақ пен қараны ажыратып, әкесін іздеп келетініне сенемін. Күтемін, - дейді үмітін үзбейтіндігін айтқан Ерден.  

Ерден балаларымды көрсетпейді дегенімен, Гүлім оны балаларын іздемейді деп айыптады.  

- Бала-шағаммен бірге үйден қуып шықты. Біз одан кеттік. Қиналған соң екінші күйеуге шықтым. Бірақ заңды некеге тұрмадық. Жалғызбасты ана ретінде мемлекеттен көмек аламын. Қазір үйіміз жоқ. Үйсіз-күйсіз жүрсек те мейлі, енді қайтіп бармаймыз. Бастысы көңіліміз тыныш. Біз бар болғаны айқай-шусыз өмір сүргіміз келді, - дейді Гүлім.

«BIZ» жобасы Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. ЖК «Дилара Иса» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Авторы: Дилара Иса

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар