ЖСДП-ның сайлауға бойкот жариялауына Әблязов мәлімдемесінің әсері болды ма?
ЖСДП бұл шешімін 27 қараша күні Нұр-Сұлтанда өткен партия съезінде мәлімдеді. Съезд делегаттарының 32-сі "сайлауға бойкот жариялайық" деген ұсынысты қолдап, үшеуі қарсы шықты, бесеуі дауыс беруден қалыс қалды.
Бұған дейін Францияда тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов өз жақтастарын сайлауда өзі "биліктің қуыршағы" деп атап жүрген ЖСДП-ға дауыс беруге шақырған еді. ORDA тілшісі "ЖСДП-ның сайлауға бойкот жариялау туралы шешіміне Әблязов мәлімдемесі әсері етті ме?" деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.
"ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУҒА КЕПІЛДІК ЖОҚ"
ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжановтың партия жиынында айтқан сөзіне қарағанда, саяси ұйымның бойкот жариялау туралы шешімге келуінің басты себебі - сайлаудың әділ өтетініне кепілдік жоқ.

"Бұл сайлаудың бұрынғылардан еш айырмасы жоқ. Сол ескі ереже, сол баяғы заң, сол шаралар мен бұрынғы саяси партиялар. Билік қажетті дауыс пен нәтижені қазірден әзірлеп жатқанына сенімдімін. Ол солай бола береді, баяғы тірлік. Билікке біздің сайлауға қатысып, оны легитимді жасағанымыз ауадай қажет. ЖСДП биліктің қолындағы құрал болмауға тиіс. Сондықтан сайлауға бойкот жариялауды ұсынамын" деді Асхат Рахымжанов.
Ол өз сөзінде Әблязовтың жуырда жасаған "Сайлауда ЖСДП-ны қолдау" туралы мәлімдемесін сынап, оны "арандату әрекеті" деп атады. Сонымен қатар Рахымжанов Әблязов мәлімдемесіне байланысты "партияның экстремистік ұйым деп танылып, мемлекеттік тіркеуден айырылуына жол беруге болмайды" деген сөз айтты.
Ал партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай “ЖСДП-ның ешқашан ұялатын жері жоқ. Біз ешқашан ешкімнің ала жібін аттаған жоқпыз. Сондықтан өз шешімімізді өзіміз шығара аламыз. Қазір таза, әділетті сайлау қамтамасыз етілмейді… Мәслихат пеп мәжіліс сайлауына бойкот жариялайық” деді.

Сәмбетбай өз сөзінде “күрес әлі жалғасатынын” айтып, “Біз елімізге демократия алып келеміз. Біз - еліміздің болашағымыз. Біз күресті жалғастырамыз, біз қаймықпаймыз. ЖСДП партиясы түбі билікке келеді” деді.
“САЙЛАУДАН БАС ТАРТУ - БИЛІКТЕН БАС ТАРТУ”
Саяси сарапшы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаевтың пайымдауынша, ЖСДП билік қысымынан соң бойкот жариялауға мәжбүр болған.
"Менің ойымша, Әблязовтың "сайлауда ЖСДП-ны қолдайық" деп жасаған мәлімдемесінен билік қатты қорықты. Сондықтан да ЖСДП-ға қысым көрсетті. Биліктің қысымынан соң партия осындай шешімге келуге мәжбүр болды деп ойлаймын" дейді Бейсебаев.
Саяси сарапшы бұлай ойлауына не себеп болғанын да түсіндіріп өтті.

"Қазіргі саяси жағдаймен бағамдар болсақ, ЖСДП-ның парламентке өтуіне мүмкіндік бар еді. Біріншіден, билікте екінші президент. Қалай айтсақ та, саясат сахнасында бұрынғыдан гөрі сәл де болсын өзгеріс бар. Екіншіден, қазір халықта наразылық басым, жүйеге деген қарсылығы қатты. Соны пайдаланып, өзге емес, дәл осы партияның парламентке өтуге мүмкіндігі мол еді. Бірақ партия осыларды ескерместен, бойкот жариялады. Сондықтан да ЖСДП-ға билік қысымының әсер еткен болуы мүмкін деген ойдамын” дейді сарапшы.
Бейсебаев өзін "оппозициялық партиямыз" деп атап жүрген ұйымның сайлауға қатысудан бас тартуы “өте дұрыс емес” деп есептейді. Ол "Сайлаудан бас тарту - биліктен бас тарту" деген пікірде.
“Саяси партияның сайлауға бойкот жариялауы өте дұрыс емес. Олар бойкот жариялау себебін биліктің әділетсіздігімен түсіндірді. Саяси партияның мақсаты - билікке бару. Сол жолда бәрін істеуі керек еді. Билікке қол жеткізу үшін әрдайым бәсекеге дайын болғаны жөн” дейді ол.
"БОЙКОТ ЖАРИЯЛАҒАН ЖСДП ЕМЕС, АҚОРДА МЕН "КНБ"
2019 жылы президент сайлауы қарсаңында ЖСДП-ның төрағалығына сайланып, төрт айға жетер-жетпестен партиядан шығарылған оппозициялық саясаткер, журналист Ермұрат Бапидың айтуынша, ұйымның сайлауға бойкот жариялауына Әблязов мәлімдемесінің әсер еткені сөзсіз.

"Сөз жоқ, бойкот жариялауға Әблязов мәлімдемесі әсер етті. Бұған қоса, "ЖСДП үшін сайлау насихатын жүргіземіз" деген азаматтық қоғамның белсенділігінен билік шошып кетті. Ақыр соңында ЖСДП екінші "коллективтік Қосанов" болып шыға келді. Әлбетте, сайлауға бойкот жариялаған партияның өзі емес, оның ту сыртындағы қожайыны - Ақорда мен "КНБ". Ал партиялық бюрократ функционерлер биліктің нұсқауын сьездің шешімімен бекітіп берді. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Себебі ЖСДП басқа бес партия сияқты "Нұр Отанның" клоуны болатын. Мұндай қуыршақ партиядан саяси, қоғамдық-әлеуметтік мәндегі мүдде күту мүмкін емес" дейді ол.
Бапидың пайымдауынша, осы сайлауға қатысса, ЖСДП-ның парламентке өту мүмкіндігі мол болған.
Былтыр партияны мен қабылдап алған соң, азаматтық қоғамды біріктіру бағытында біраз іс-шара жүргізген едім. Билік менің жалпыұлттық праймериз жүргізіп, соның негізінде "100 азаматтық лидер" жобасы бойынша парламенттік сайлауға партиялық тізім жасай бастаған кезімде, партиядағы сатқындардың көмегімен төңкеріс жасады. Содан бері бұл партияның қыңқ еткен үні шықпады. Егер тәуелсіз бақылау күшті болғанда, ЖСДП-ның парламентке өту мүмкіндігі мол еді. Ондай мүмкіндік партияның күштілігінен емес, "Нұр Отанға" қарсы дауыс беретін халықтың наразылығынан туындайтын еді. Ал партияның билікке жұмыс істейтін жандайшаптары азаматтық қоғамның үмітін быт-шыт қылып, халықтық мүддені сатып кетті" дейді ол.
ЖСДП-сыз өтетін сайлау
Бұл 2006 жылы құрылып, 2007 жылы ресми тіркелген ЖСДП-ның сайлауға алғаш рет бойкот жариялауы емес. Бұған дейін саяси ұйым 2019 жылы өткен президент сайлауына да қатысудан бас тартқан. Ал 2007, 2012 және 2016 жылдары парламент сайлауына қатысып, мәжіліске өтпей қалған.
ЖСДП өзін “елдегі жалғыз оппозициялық партиямыз” деп атап жүргенімен, оларды сынаушылар өте көп. Сынаушылардың басым бөлігі саяси ұйымға "биліктің қуыршақ партиясы" деген уәж айтады. Ал партия өкілдері мұны жоққа шығарады.
Қазақстанда парламент сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі (ЖСДП-дан басқасы) сайлауға қатысатындарын мәлімдеп, кандидаттарының тізімін ұсынып қойды.
Жаңалықтар
- «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы президентке 3,3 триллион теңгенің 16 жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын айтты
- Әдептік кеңес БҚО-да мас болып қызметтік көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығаруды ұсынды
- Қостанайда қамаудағы бес азаматты сотқа алып бара жатқан полиция көлігі апатқа ұшырады
- Ұлттық ұланның 1 млрд теңгеден астам тұратын жері мемлекетке қайтарылды
- Әскери кафедрада оқығандар екі жылдық қызметке шақырыла ма?
- Елімізде найзағай ойнап, аптап ыстық +43 градусқа дейін көтеріледі
- 62 жастағы әйел 34 әшекейді интим жеріне жасырып, заңсыз өткізбек болған
- Президент Ішкі істер министріне «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді
- Астанада Ақордаға қарама-қарсы орналасқан Триатлон паркінде өрт шықты
- Қайрат Сатыбалдының меншігі болған Kaisar Plaza бизнес-орталығы миллиондарға арзандаса да ешкімге керек болмай тұр
- ДДСҰ және World Population Review дерегі бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең көп ішетін елге айналған
- АҚШ-та Қазақстан азаматы терроризм күдігімен ұсталды
- Боралдайда сушидан 19 адам уланып, аруханаға түсті
- СҚО-да жұмыс іздеп барып, далада қаза тапқан тракторшының өлімі туралы не белгілі?
- Израильдік БАҚ: Иран АҚШ-пен келіссөздердің 60 күндік кезеңі арқылы «уақыт ұтуды» көздеп отыр
- G7 құрамындағы елдер Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, Украинаға көмекті арттырмақшы
- Павлодар облысының тұрғыны өзінің үш жасар қызын өзгеден деген күмәнмен азаптап өлтіріп, өмір бойына сотталды
- Қазақстан мен Чехия полициясы азаматтардың жеке деректерін таратқан халықаралық арнаны әшкереледі
- Жазушы Өтебай Қанахиннің немересінің өлімі қоғамдық резонанс пен депутаттың қозғау салуынан кейін ғана алға жылжыды
- Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі отырысын өткізді