Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Алматыдағы алаңға барып құран бағыштады

cover Фото: Orda.kz

Orda.kz журналисі Республика алаңында болды. Бүгін Тәуелсіздік таңы ескерткішінің қасына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагерлер жиналды.

Олар қаза болғандарды еске алып, гүл шоқтарын қойып, намаз оқып, «Желтоқсан желі» әнін шырқады.

Желтоқсан оқиғасының куәгерлері қанды оқиғаларды қорқынышпен еске алады.

«Бізге өрт сөндіретін көліктермен шу шашып, темір құралдармен ұрды. Автобустарға итеріп тиеп,  белгісіз бағытқа апарады. Көптеген жастар оқудан шығарылды, Алматыдан қуылды. Ең қайғылысы сол кездегі құрбандардың қайда көмілгені белгісіз»,-  деп еске алады сол жылы наразылықтарға қатысқан Мәдина Хабиболла. 


Катира Егембердиева бүгін мектеп оқушыларын осы алаңға әкелгісі келіпті, бірақ мұғалімдері рұқсат бермепті.

 

«Мен ол кезде 38 жаста едім. 1987 жылғы қаңтарда мен балаларды қорғау үшін әйелдерді жинағым келді. Бірақ олар келіспеді. Негізі сол шешім дұрыс болған сияқты, себебі олар  тіпті әйелдерді де аямас еді. Олар ешкімді аяған жоқ. Жазықсыз жастардың басын күрекпен ұрды. Осы алаңда боздақтардың миы шашылып жатты» , - деп бөлісті Қатира. 


«Менің көз алдымда ұзын шашты қыз қайтыс болды. Бізді бас көтермесін деп мұзға отырғызып қойды. 17 күні біз алаңда тұрдық. Ал 18 күні таңертең алаң қоршауға алынды. Ортасында үш ұшақ жазалаушылар келді. Бірінші қатарға күш құрылымдарын, одан кейін ішкі әскерлерді қойды, ортасында жазалаушылар тұрды. Біз әскери госпитальдің жанында болдық. Қараңғы түскенде, кешкі сағат жеті-сегізден кейін бәрімізді соға бастады. Қаншама адам зардап шекті», - дейді желтоқсан оқиғаларына қатысқан Сүйентай Бесебаев. 


 

Алаңда күш құрылымдары, шағын нарядтар мен патрульдік машиналар кезекшілік етіп тұр. Жалпы жағдай тыныш.

Бүгін  Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, сонымен қатар телемұнараның келбеті жаңартылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар