Жедел жәрдемнің алдына дымқыл шүберек төсеңіз, бұл министрліктің бұйрығы

cover

«7 қаңтар ауа жетпегендіктен шошып ояндым. 15 минуттай қиналып, ақырында Алматы қаласының жедел жәрдем қызметіне хабарластым. Диспетчер аты-жөнімді және мекен-жайымды жазып алды. Жедел жәрдем қызметі 20 минутта келді. Ауа жетпей жатқан адамға жарты сағат бір ғасыр сияқты көрінді. Алайда, олар келген кезде үй қожайынымен жанжал шықты. Үй қожайыны деп отырғаным құрбымның анасы. Ол кісі фельдшердің бахилсыз, еш қорғаныс киімінсіз келгеніне наразылық білдірді. Осылайша екі тараптан түсініспеушілік туындады. Нәтижесінде жедел жәрдем қызметкері көлікке мініп кетіп қалды. Маған әлі де ауа жетпей жатыр. Кейін құрбымның анасы жедел жәрдем қызметіне қайта қоңырау соқты. Фельдшер 5-10 минутта қайта оралды. Жағдай оңалып, дәрігер мені қарап шықты. Бірақ дәл сол кезде нақты диагноз қойылмады. Дем жетпей жатуымның бірнеше болжалды себептері болды. Біз қалалық жедел жәрдем ауруханасына келдік. Осында маған диагноз қойды».

Желіге кірсең мұндай оқиғалар жетіп жатыр. Адамдар жедел жәрдем қызметкерлерінің пандемия кезінде не себепті қорғаныш киімінсіз жүргенін түсінбейді. «Түрлі науқастарға баратын қызметкер үйге сырттан инфекция алып келуі мүмкін ғой» деп үрейленген халықты, дәрігерлер «коронавирус киім арқылы жұқпайды» деп сендіріп отыр.

Коронавирус жұқпаса да, одан басқа инфекция түрлері бар, оның ішінде тері ауруларын мысалға келтіруге болады. Олардың кейбірі тұрмыстық заттар арқылы таралады. Ендеше жаппай пандемия кезінде вирусқа қарсы шыққан «батырларды» қорғаныссыз жіберген қаншалықты орынды? Қызметкерлер мен науқастардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

Жандарбек Бекшин өткен жылы «наконец-то, коронавирус келеді» деп бірінші толқынды шақырып алды. Ендеше бұл Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың «наурызда вирустың екінші толқыны басталады» деген болжамын іске асыру еместігіне кім кепіл?

Сізге де бұл таныс па?

ORDA вирусолог және эпидемиолог мамандарына жүгінді. Өкінішке орай, олар жауап беруден бас тартты.

Ақыры редакцияны Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгінсін деп жол сілтеді.

«Біз тек эпидемиологиялық бақылау жүргіземіз. Сұрақтар бойынша Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарласу керек», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне хабарластық. Бұл сұрақтардың жауабын осы департаменттен табатынымызға сендік.

«Жедел жәрдем қызметінен сұрап көріңіз», - деді. Бұл редакцияның бастапқы нүктесі еді. Біз олар жауап бере алмағанын айтқанда, ақыры «министрлікте сұрақтың жауабы бар», - деді.

Редакция сонда да қоймай, Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласты.

«Жергілікті мәселені денсаулық сақтау ұйымдары шешеді», - деп, қайтадан Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне бағыттады.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті:

«Жедел жәрдемдегілер вирустың заттар арқылы таралмайтындығын айтты. Ол тек ауа арқылы жұғады», - деді.

Айта кетсек, медициналық ұйымдарда қызметкерлер қажетті қорғаныш киімдерімен қамтылған. Аймақтар «таза» және «лас» деп бөлінеді. Денсаулық сақтау департаменті:

«Бұл шаралар науқас пен қызметкердің қауіпсіздігі үшін жасалады. Емханаларда суық тиген немесе ЖРВИ белгілері бар науқастарды «лас аймаққа» орналастырады. Онда ол оқшауланып, тест тапсырады», - деді.

Ендеше, мұнда не себепті медициналық ұйымдарда қауіпсіздік шаралары қарастырылған, ал шақыртуға шыққан қызметкер мен науқастың қауіпсіздігіне ешкім алаңдамайды? деген сұрақ туындады.

Оған Денсаулық сақтау департаменті «ол Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес» деп қысқа ғана жауап берді.

Редакция министрлікке ресми сауал жолдады.

«Жедел медициналық жәрдем қызметкерлері дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустық инфекцияның пандемиясы жариялағаннан бастап, қорғаныш киімдерімен қамтылған.

Одан бөлек, 2020 жылғы 30 қазандағы COVID-19 коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға (бұдан әрі – әдістемелік ұсынымдар) сәйкес облыстық/қалалық жедел медициналық жәрдем қызметтерінің бригадалары, оның ішінде КВИ-ге күмәнді пациентке шақыруды орындайтын жүргізушілер шығу алдында тікелей жеке қорғаныш құралдарын (жоғары дәрежелі қорғаныс маскалары немесе респираторлар (кемінде 2 қорғаныс класы немесе FPP2), қолғаптар, бетті қорғайтын экрандар, таза, зарарсыздандырылған, ұзын жеңді су өткізбейтін халат (немесе суға төзімді бір рет қолданылатын костюм немесе суға төзімді комбинезон), резеңке етік немесе жоғары резеңкеленген аяқ киім) пайдаланады, жеке қорғаныш құралдары әр бір науқастан кейін ауыстырылып отырады. Облыстық/қалалық жедел медициналық жәрдем станциялары тұрақты негізде жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар қор да бар», - деп Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.

Үкіметтен бөлінген қорғаныш киімдері қайда? Неге қолданылмайды?

Сұрақтың жауабын қайтадан жедел жәрдем қызметінен сұрадық. Диспетчер бұл сұраққа жауап бере алмай, Қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігерімен (өзін таныстырмады) байланысқа шығарды:

«Біз аурухана емеспіз, міндетімізге тек жедел қызмет көрсету кіреді. Сондықтан да бахил киюге міндетті емеспіз. Қоңырауға жауап берген диспетчер науқастарды кіре беріс жерге дымқыл шүберек төсеп қойсын немесе үйдегі еденді сүртіп қойсын деп алдын ала ескертуі керек. Болмай жатса науқасты кіре беріс жерде қарауларына болады.

Қазір бізге министрліктен обаға қарсы қорғаныш киімі берілді. Бірақ ол тек вирус белгілері бар науқастардың шақыртуларында киіледі», - деді.

Жедел жәрдем қызметіне көмекке мұқтаж адам хабарласады. Ол өзіне диагноз қоя алмайды. Ендеше вирустың белгілері барын қалай анықтайтындықтарын сұрағанда:

«Қажетті мәліметтерді диспетчер жазып алады, кейін егер болжамды түрде вирус бар делінсе, қорғаныс киімдері қолданылады», - деп жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері жауап берді.

Еске салсақ, диспетчердің міндетіне науқас туралы ақпаратты тіркеу және бригаданың шақыртуды орындауын қадағалау кіреді. Ол ешқандай да диагноз қоя алмайды.

Науқастың симптомдарынан хабары жоқ жедел жәрдем қызметі неге қорғаныш киімінсіз келгеніне бас дәрігер жауап бере алмай, «мәселені нақтылап, қайта қоңырау шаламыз» деді.

https://www.youtube.com/watch?v=mDFBriKMKz8

Жедел жәрдем қызметінің №12 қосалқы станциясының меңгерушісі Көлбаев Жомарт:

«Біз барлығын қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етеміз. Шақырту түскен кезде оның себебін анықтаймыз. Белгілі бір жағдайда ғана қорғаныш киімін киеміз. Барлық шақыртуды қорғаныш киімімен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Науқаста температура, пневмония, КВИ белгілері болғанда ғана бригада қорғаныш киімін киеді», - деді.

Алайда қолда бар қорғаныш киімін қандай да бір белгілі жағдайда киетіндіктерін, сонымен қатар сол жағдайды қалай анықтайтындықтарын білу қиынға соқты. Қосалқы станциясының меңгерушісі де «мәселені нақтылап қайта хабарласамыз» деді. Бір күн бойы ешқандай жауап болмады.

Қорғаныш киіміне қатысты сұрақ қызметкерлердің өздеріне қойылды

Мәселенің неде екенін жедел жәрдем дәрігерлерінің өздерінен сұрастырып көрдік. Байланысқа шыққан қызметкерлер қорғаныш киімі туралы сұраққа келгенде бірден жауап беруден бас тартты. Айта кетсек, жеке адамның қатесі болар деген үмітпен редакция бірнеше фельдшерге хабарласқан. Барлығы бір ауыздан жауап беруге қарсылық танытты.

https://www.youtube.com/watch?v=YEnHGQeLGJA

Еске салсақ, 14 қаңтар Олжас Сүлейменов пен оның жұбайы Маргарита Владимировқызы Алматы қаласындағы Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Орталық клиникалық ауруханасында коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Бигелді Ғабдуллин өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Орталық клиникалық ауруханасының әкімшілігі Сүлейменовтер мекеме ішінде вирусты жұқтыруы мүмкін еместігін алға тартып, ұйымның сыртында инфекция жұқтырды деп хабарлаған. Екі бірдей адамның вирусты жұқтыруы кездейсоқтық па?

Пандемия кезінде үкімет қорғаныш киімдерін бөлген. Жедел жәрдем қызметкерлерінде ол бар. Бірақ вирусқа қарсы шыққан «қазіргі таңның қаһармандары» қорғаныссыз жүр. Себебі неде екені белгісіз. Сұрақ жауапсыз қалды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар