Жапония Бейжің Олимпиадасына үкімет делегациясын жібермейді

cover

Жапония үкіметі  мұндай шешімді бойкот деп санамайтынын айтты.

Жапония өз министрлері мен үкімет қызметкерлерін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына жібермейді. Бұл туралы Жапония үкіметінің бас хатшысы Хироказу Мацуно мәлімдеді.

 — Бейжіңге үкімет делегациясын жіберу жоспарымызда жоқ, ел атынан спорт шенеуніктері, соның ішінде ұйымдастыру комитетінің төрағалары қатысады, - деп нақтылады жапон министрлер кабинетінің бас хатшысы.

Сонымен бірге, Мацуно Жапонияның Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына үкімет делегациясын жібермеу шешімін дипломатиялық бойкоттың мысалы ретінде қарастырмайтынын, мұндай шешімнің тәуелсіз қабылданғанын атап өтті.

— Біздің делегацияның Бейжіңдегі Ойындарға қатысуына қатысты біз нақты терминдерді қолданбақ ниетіміз жоқ. Менің білуімше, Америка Құрама Штаттары айтқан «дипломатиялық бойкот» деген сөз бізде қолданылмайды,- деді ол.

Неліктен олар Олимпиадаға бойкот жариялады?

Бірінші болып АҚШ бойкот жариялады. Президент әкімшілігі Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуына алғашқы күннен бастап қарсылық білдірді. Америкалықтар ҚХР-ды Шыңжаңда «қайта тәрбиелеу лагерлерін» тұрғызды деп айыптады, олардың мәліметтері бойынша, онда миллионнан астам ұйғырлар мен басқа аз ұлттар өкілдері қамауда.

2018 жылдың қазан айында Қытай «қайта тәрбиелеу лагерлерін» құрғанын мойындады.

АҚШ-тан кейін Австралия да Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялады. Бұл туралы 8 желтоқсанда премьер-министр Скотт Моррисон мәлімдеді.

Британ билігі де  2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялауға қосылды. Бұл туралы 9 желтоқсанда премьер-министр Борис Джонсон мәлімдеді.

Қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялауға Канада да қосылды. Бойкотты премьер-министр Джастин Трюдо жариялады.

Orda.kz  бұған дейін Шыңжаң тақырыбын жеке мақалада қозғаған болатын.

Қазақстандықтар да Шыңжаңға қатысты сауалдарын қойып жатыр. Кейбіреулерінің Қытайдағы жақындарымен байланысы үзілген.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар