Қырғыз президентінің инаугурациясына Тоқаевтың емес, Назарбаевтың өкілі барды

cover

Бүгін, 28 қаңтарда Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаровтың ұлықтау рәсімі өтті. Оған Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың емес, елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілі барды.

Салтанатты рәсімде алғаш болып сөз алған Қазақстан халықтар ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Жапаровқа Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Ол «құттықтау Қазақстан халқы мен Назарбаевтың атынан» екенін жеткізді. Түймебаев елдің қазіргі президенті Тоқаевты сөзіне қосқан жоқ.

«Еліңіздің жарқын болашығы мен мүддесі жолындағы жауапты жұмысыңыз мемлекетіңіздің тұтастығын нығайтуға және халықаралық аренадағы беделін асқақтатуға бағытталған істеріңіздің табысты болуына тілектеспін. Қазақстан және Қырғызстан арасындағы достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктеске негізделген ынтымақтастық жаңа, сапалы деңгейге көтеріліп, халықтарымыздың игілігі үшін бұдан әрі нығайа беретініне үміттенемін» делінген Түймебаев оқып берген Назарбаевтың құттықтауында.

https://youtu.be/6Vm9rvf81qI?t=3218
Ж.Түймебаевтың Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып жатқан сәті. Видео Youtube желісіндегі "AKIpress" арнасынан алынды.

Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызында президенттіктен кетті. Алайда ол елдегі биліктің бір тармағын әлі өз қолында ұстап отыр. Оның орнына президент болған Тоқаевты сарапшылар «Назарбаевтың айтқанымен жүретін адам» деп жиі сынайды. Елде қос билік туралы жиі айтылады. Алайда билікшіл топ оны жоққа шығарады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар