Түлкібаста шаруалардың қорасынан өрт шықты

cover Фото: Orda.kz / Дилара Иса

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылында мал бордақылап, сататын екі шаруаның қорасы өртеніп, 40 миллион теңге шамасында шығын келді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Төтеншеліктер өртті әлі өшіріп жатыр.

Қорасы өртенген шаруаның бірі Бақтияр Қасымовтың айтуынша, өрт 19 қыркүйекке қараған түні малдың қыстық азығы жиналған қорадан шыққан.

– Екі қора өртенді. Бір қораның ішінде 15 мың пресс шөп, 5 тонна кебек бар еді. Екі қораны қосқанда шамамен 40 миллион теңгенің мал азығы күл болды. Малымыз аман. Енді өртеніп кеткен малдың қыстық азығын жинауды айтпағанда мына қораны тазалап, жөндеудің өзі мұң болып тұр, – дейді шаруа.

Шаруа өртті қасақана әлдекімдер қоюы мүмкін деп санайды.

– Қорадан шамамен бір шақырым жерде қоқыс палигоны бар. Бір апта бұрын ауыл тұрғындары сол палигонды жабуды талап етті. Бізге «сойған малдың қаны мен ішек-қарнын сол палигонға төгесіңдер, сасып кетті, демалу мүмкін болмай жатыр» деді. Біз ол жаққа қоқыс төкпейтінімізді айттық. Бейнебақылау камерасын орнатайық дедік. Көп өтпей өрт шықты, – дейді Қасымов.

Тастұмсық ауылдық округінің әкімі Қайрат Сәрсембаев өртті қоқыс палигонынан шыққан шумен байланыстырмайды. 

Оның айтуынша, шаруалар күдіктенетін адамдардың атын атап, түсін түстеп берген. Полиция ауылдың екі тұрғынын бөлімшеге шақырып, тергеп, қайтарған. Өзге адамдардың үйінде болғанын көрші-қолаңдары растаған.

Екі шаруаның заңды тіркеуде бар екенін аудан әкімдігі растады. Әкімдіктің мәліметінше, екі кәсіпкер мал бордақылаумен айналысады.

Шаруалардың қорасындағы жем-шөптің көптігінен төтеншеліктер әлі өртті толық өшіре алмаған. Қорадағы шөп әлі бықсып жанып тұр.

Төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себебін анықтау үшін сараптама тағайындаған. Түркістан облысы полиция басқармасы оқиғаға байланысты тергеуді бастаған.

Дилара Иса, Шымкент қаласы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар