Трамп өзін қолдамаған НАТО одақтастарын жазаламақшы

cover Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Бұған дейін Трамп Еуропадағы одақтастарын АҚШ пен Израиль Иранға қарсы жүргізіп жатқан соғысқа қосылудан бас тартқаны үшін өкпесі қара қазандай екенін қайта-қайта айтқан еді. Бұл одан кейінгі алғашқы кездесу, деп хабарлайды Orda.kz.      

Осыдан кейін АҚШ президенті Америка бұл ұйымнан шығуы мүмкін екенін мәлімдеді. АҚШ бұл ұйымның негізгі рөл атқарушысы, ал Трамп бұған дейін оны «қағаз жолбарыс» деп атаған. Ақ үйдің баспасөз хатшысының айтуынша, бұл мәлімдеме Трамп пен Рютте арасындағы әңгіменің тақырыптарының бірі болуы мүмкін.

Кездесу жабық есік жағдайында өтті. CNN арнасына берген сұхбатында Рютте әңгімені «өте ашық әрі шынайы» деп сипаттады, алайда Трамп НАТО-дан шығу туралы айтты ма деген сұраққа нақты жауап бермеді.

АҚШ президенті кездесуге қатысты пікірін Truth Social желісінде білдіріп, «НАТО бізге қажет кезде көмектеспеді» деген ренішін тағы қайталап айтты және Гренландияны уысына түсіргісі келетінін айтуды да ұмытпады. 

«Гренландияны еске түсіріңдер — бұл үлкен, дұрыс басқарылмай отырған мұз кесегі! Осы мұз кесегін ұмытпаңдар!»

Трамптың Дания құрамындағы автономия — Гренландияны «алу» ниеті НАТО ішінде кәдімгідей алаңдаушылық туғызғаны рас. Кейінірек АҚШ президенті аралды күшпен басып алуды жоспарламайтынын мәлімдеді.

Бірақ НАТО-дағы одақтастарының оның идеясына теріс реакциясын «ұмытпайтынын» айтты. Осы аптада Wall Street Journal басылымы дереккөздерге сүйене отырып, Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына қатысудан бас тартқан еуропалық елдерді «жазалауды» көздеп отырғанын жазды.

The Wall Street Journal басылымының дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ Иранға қарсы әскери операцияны қолдамаған НАТО-ға мүше кейбір елдерді жазалау жоспарын шынымен қарастырып жатыр. Газет мәліметінше, АҚШ альянс елдерінен өз әскери контингентін шығарып, оны операцияны көбірек қолдаған елдердің аумағына орналастыруы мүмкін.

Еске салсақ, биылғы жылдың басында Данияның бірқатар қалаларында АҚШ-тың Гренландияға қатысты талаптарына қарсы ауқымды наразылық акциялары өтті.Гренландия Дания корольдігінің құрамына кіреді. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп бұл арал АҚШ-тың бір бөлігі болуы тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеген. Дания мен Гренландия билігі Вашингтонды аралды басып алудан сақтандырып, өздерінің аумақтық тұтастығына құрмет көрсетілуін күтетінін мәлімдеген болатын.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар