Тараздағы жарылыстан зардап шеккен азамат есін жиды

cover Скриншот

Тараздағы жарылыс кезінде өрт сөндіруге барған Байбек Сембеков оқиғаның қалай болғанымен бөлісті.

Бұл туралы Orda.kz 7 арнаға сілтеме жасап хабарлады.

Байбек Сембеков Тараздағы жарылыстан аман қалғандардың бірі. Ол қазір ем қабылдап жатыр.

– Оқиға орнына келе сала әскерилерден жарылатын ешнәрсе жоқ па деп сұрадым. Олар арнайы жарылғыш заттар жоқ деді. Біз бірден жұмысымызды бастадық. Мен су көзін іздей бастадым. Біздің көліктерде максимум 5-8 тонна су болды, бірақ бұл жеткіліксіз еді, - деді Сембеков.

Өрт сөндіруші жарылыс туралы да айтты.

 – Барлық машиналар ангарға жақын келсін деген бұйрық болды. Мен көлікке отырдым, менімен бірге бір жауынгер мен жүргізуші болды. Мен көлікке отыра салып, жақындауға бұйрық берген кезде жарылыс болды. Көлігіміз аударылып кетті. Артқы орындыққа ұшып кеттік. Терезеден бе, есіктен бе есімде жоқ, әйтеуір бір жерден шықтық. Айқайлап жатты, жылаған дауыс та естілді. Қатты соққы болды. Аузым әйнекке толып қалған. Қан түкірдім. Барлығында сондай еді, - деді Байбек.

Оның айтуынша, жарылыс қатарынан болған.

– Бірінші жарылыстан он минут өткен соң, екіншісі болды. Біз бәріміз жерге жатып, қорғана бастадық. Бірінің қолы, енді бірінің аяғы жұлынып кеткен. Ең бірінші ой жарылыс орнынан кету болды. Біз бір-бірімізге көмектесіп, қаша бастадық, - деді өрт сөндіруші.

Еске салсақ, 26 тамызда Тараздағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында жарылыс орын алды. 10-ға жуық жарылыс болды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар