Таяу Шығыстағы ахуал: Трамп айтқан «алтын дәуір» бастала ма?

cover Фото: Ашық дереккөзден

АҚШ пен Иран Пәкістанның араағайындығымен екі апталық атысты тоқтату туралы келіскені белгілі. Шахбаз Шариф пен Пәкістан қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің келіссөздері арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Orda.kz.      

Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниетінің арқасында мүмкін болды. 

Трамп Таяу Шығыста «алтын дәуірдің» басталатынын мәлімдеді.  Сонымен қатар АҚШ президенті бұл күнді «бүкіл әлем үшін ұлы күн» деп атады. Қазіргі уақытта тағы не белгілі? Соған тоқталайық.

«Иран қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастай алады. Біз әртүрлі қорларды жинақтай бастаймыз және бәрі дұрыс жүріп жатқанын қадағалау үшін жақын маңда боламыз. Мен бәрі солай болатынына сенімдімін. Америкадағы сияқты, бұл Таяу Шығыстың алтын дәуіріне айналуы мүмкін!»  деп жазды Трамп.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран жарияланған екі апталық бітім кезінде Ормуз бұғазын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында бұғаз арқылы қауіпсіз өту тек Иранның қарулы күштерімен келісім және техникалық шектеулерді ескеру арқылы ғана мүмкін болады.

Трамп екі апталық бітім жариялағаннан кейін Израиль премьер-министрі Нетаньяху атысты тоқтату режимі Ливан бағытына қатысты емес екенін айтты. Бұл бағытта Израиль әскері «Хезболлаға» қарсы соғысын жалғастыруда. Нетаньяхудың сөзінше, бітім тек Иранға қарсы шабуылдарға қатысты, яғни Ормуз бұғазы ашылып, Иран АҚШ, Израиль және аймақ елдеріне соққыларын тоқтатқан жағдайда ғана күшіне енеді.

Сонымен қатар, түнде Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи АҚШ келіскен 10 тармақты жариялады. Олардың ішінде «барлық бағыттарда, соның ішінде Ливандағы «Хезболлаға» қарсы соғысты тоқтату» бар. Сондай-ақ тармақтар қатарында бастапқы және екінші деңгейлі санкцияларды жою, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарларының күшін тоқтату, Иранға өтемақы төлеу және америкалық әскери күштерді өңірден шығару мәселелері қамтылған.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер 10 сәуірде Пәкістан астанасы Исламабадта өтеді, деп хабарлады Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесі. Иран тарапы келіссөздерге екі апта уақыт бөлетінін, алайда өзара келісім болған жағдайда мерзімді ұзартуға дайын екенін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар