Судандағы қырғын: Екі күнде көтерілісшілер екі мың бейбіт тұрғынды қырып тастады

cover Фото: X.com (@African Hub)

Суданның Эль-Фашир қаласында көтерілісшілер перзентханада бейбіт тұрғындарды жаппай қырғынға ұшыратты. Ел үкіметінің мәліметінше, екі күннің ішінде олар екі мыңға жуық адамды өлтірген, деп хабарлайды Orda.kz.

Судандағы азаматтық соғыс 2023 жылдың сәуірінде басталған. Алайда қазір ел тарихындағы ең қанды кезеңдердің бірі өтіп жатыр. «Жедел әрекет ету күштерінің» (ЖӘК) бүлікшілері биыл көктемнен бері қоршауда тұрған Эль-Фашир қаласын басып алғанын мәлімдеді.

Осыдан кейін Судан үкіметі бүлікшілердің қаланы басып алған соң, екі мыңнан астам бейбіт тұрғынды қырып салғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде әскери киім киген адамдардың бейбіт тұрғындарға оқ атып жатқан сәттері көрінетін бейнежазбалар тарап жатыр.


28 қазанда бүлікшілер Эль-Фаширдегі «Сауди» перзентханасын басып алғаны белгілі болды. Бұл қаладағы соңғы жұмыс істеп тұрған аурухана еді. Көтерілісшілер аурухана ішіндегі науқастарды да аямаған. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ресми мәлімдеме жасады.

«ДДСҰ бұл оқиғаны қатаң айыптайды. Алынған деректерге сүйенсек, 28 қазанда Эль-Фаширдегі “Сауди” перзентханасында 460-тан астам науқас пен олардың туыстары өлтіріліп, алты медицина қызметкері ұрлап әкетілген», — деп мәлімдеді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. 

Болып жатқан оқиғаға Біріккен ұлттар ұйымы да өз наразылығын білдірді.

«Тараптар бейбіт тұрғындарды қорғау жөнінде мәлімдеме жасағанымен, Эль-Фашир халқының өміріне әлі де зор қауіп төніп тұр. Қалада қауіпсіз эвакуация жолдары жоқ»,  деп мәлімдеді БҰҰ. 

Суданда болып жатқан сұмдық кадрларды нидерландиялық журналист әлеуметтік желіге жариялап отыр.

БҰҰ дерегінше, Эль-Фашир – қырғын болған жалғыз қала емес. Бара қаласында да елуге жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Ұйым Судандағы қақтығыстың екі тарапын да келіссөз үстеліне қайта оралуға шақырып, өзге мемлекеттерді бұл соғысты қолдауын доғаруға үндеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар