«Соғыс болмасыншы»: «Целинный» орталығының символына айналған жан

cover Фото: Orda.kz

5 қыркүйекте қайта жөндеуден кейін «Целинный» орталығының есігі ашылды. Кеңес дәуіріндегі модернизмнің айшықты ескерткіші, кезінде Алматыдағы ең ірі кинотеатр болған бұл ғимарат енді заманауи мәдениет орталыққа айналды. 

Orda.kz тілшісі мұнда отыз жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан Амантай Құсайынбайұлымен тілдесті.

Ол әлеуметтік желілерде әр қонақты жылы жүзбен қарсы алған бейнежазбасынан кейін танымал болған еді. Қарапайым жымиыс, десек те, мұндай мейірбан болмыс қазіргі қоғамда сирек кездеседі...

– «Целинныйға» алғаш қашан келдіңіз?

— 1998 жылдың күзі болатын. Әкімшілік-шаруашылық бөлімге жұмысқа орналастым. Ол кезде мұнда «Бауыржан шоу» өтетін. Екі жыл істедім, кейін шоу басқаға сатылды. 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай күрделі жөндеу жасалды. «Целинный» шамамен 2015 жылға дейін жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап жаңа қожайыны Қайрат Боранбаев қайта жөндеп, жаңартулар енгізді. Ал биыл, 5 қыркүйекте, біз қайта ашылдық.

– Алматыдағы өзге кинотеатрлардан «Целинный» несімен ерекшеленді?

— «Целинный» 1964 жылы тың игерудің 10 жылдығына орай салынған. Бұл қаладағы ең үлкен кинотеатр еді. Залы 1600 көрерменге арналған. 1999 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеді. 2001 жылғы жөндеуден соң екі шағын зал ашылды. Қызыл және Жасыл зал. Әрқайсысында 230 орындық бар. Сол форматта 2015 жылға дейін қызмет етті. Бірақ уақыт өте келе көрермен азайып, өзін-өзі ақтамаған соң жабылды.

– Ол кезеңнен есте қалған ерекше сәттер бар ма?

— Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін айрықша оқиғалар болмады. Ал күрделі жөндеуден кейінгі ашылу біз үшін үлкен қуаныш еді. Жаңа залдар, музыкалық жүйе, заманауи жабдықтар орнатылды. Сол кезде ол үлкен жетістік болып көрінгенімен, техниканың ғұмыры қысқа болды. Қазіргідей сапалы дыбыс, бейне, жаңа құрылғылар ол уақытта жоқ еді.

– «Целинный» ұзақ уақытқа жабылғанда немен айналыстыңыз?

— Шын мәнінде, оны толық жабылды деуге келмейді. Ғимаратта жарық та, жылу да болды, біз тек жаңа жобаны күттік. 1964 жылы салынғандықтан, 60 жылдан кейін ол әбден ескірді. Қабырғалардың беріктігін тексеріп, сейсмикалық қауіпсіздігін қарадық. Көрермендер болмағанымен, ғимараттың өзі «тіршілігін» тоқтатпады.

– Сол бос тұрған залдарда өзіңізді қалай сезіндіңіз? Қайта жанданатынына сендіңіз бе?

— «Целинный» мен үшін екінші үйім сияқты. 27 жылдан бері осы жерде әкімшілік-шаруашылық жұмыстарын атқарып келемін. Әрдайым бұл жер қайта жаңарады деп сендім. Жобалаушылар мен сәулетшілер келгенде кездесулерге қатысып жүрдім. Кейбіреулер ғимаратты сүріп тастап, жаңа нысан салуды ұсынды. Бірақ біз көненің көзін сақтап, бастапқы қалпына ұқсатып қалдыруды жөн көрдік.

– Қазір «Целинный» — арт-кеңістікке айналды. Осы шешім қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

— Әрине. Арт-кеңістік дегеніміз — шығармашылық еркіндік. Бұрын біз тек кинотеатр деп ойлайтынбыз. Ал қазір адамдарға ойларын жеткізіп, жаңалық әкелуге мүмкіндік береміз. Енді келушілермен бірге дамимыз. Өткенді қайтару мүмкін емес, сондықтан алға қадам басуымыз қажет. Дәл осы мақсатпен «Целинный» жаңа форматта — Заманауи мәдениет орталығы ретінде ашылды.

– Өзіңіз қазіргі мәдениетке қалай қарайсыз?

— Жақсы көремін. Мен маман емеспін, бірақ бұл бағыттың маңызы зор деп ойлаймын.

– Сізді «Целинныйдың» жүзі деп атайды. Әлеуметтік желідегі танымалдыққа көзқарасыңыз қандай?

— Танымалдық — бір басқа, 5 қыркүйекте ұжымымыз бен басшылықтың еңбегінің арқасында қайта ашылғанымыз — бөлек дүние. Маған сол күнді қарсы алуды сеніп тапсырды. Қонақтарымызды, алматылықтарды шын ықыласпен, ізгі ниетпен қарсы алдым. Әрбір келуші бізге қуат пен шабыт береді.

– Өмірден түйгеніңіз қандай? Жастарға айтар өсиетіңіз бар ма?

— Өмір тегіс асфальт сияқты жол емес. Өткел де бар, ой-шұқыр да бар, асу да бар. Мен Кеңес дәуірін де көрдім, одан кейінгі өтпелі кезеңді де бастан өткердім. Қазір нарықтық экономика, капитализм. Бүгінгі жастар білімді, тәрбиелі, көкірегі ояу, интеллектуал. Барлық технология оларға қызмет етіп жатыр. Ал біздің буын — олардың қолдаушысы.

Өмірде баршаға денсаулық, бақ-береке тілеп, аспанымыз ашық болсын дер едім. Соғыс болмасыншы. Өйткені әркімнің тағдыры әрқалай. Бірақ тіршіліктің ағысы тоқтамайды. Соғыстың бетін аулақ қылсын, қалғанының бәрін еңсереміз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Нұртөре Жұмағұл

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар