Шымкенттіктерді «қызыл аймақ» қызықтырмайды

cover

Шымкент қаласындағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі ұзартылды. Осыған байланысты қаланың бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шымкент қаласындағы карантин режимі 2021 жылғы 16 мамырынан басталып, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылсын», - делінген қалалық бас санитар қол қойған құжатта.  

Ә. Төлебаевтың қаулысына сәйкес, қала тұрғындары мен қонақтарына адам көп жиналатын кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынған, 65 жастан асқан адамдардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Көшеде және қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтық пен маска режимін сақтау керек. Жалпы, жаңа қаулының ескісінен аса бір ерекшелігі жоқ. Бұрынғыша той, жиын, жаназа, туған күн тойлауға тыйым салу, қоғамдық орындарға (оның ішінде қалалық қоғамдық көлікте жүргенде) және қызметіне рұқсат етілген нысандарға барған кезде, сондай-ақ, ашық ауада орналасқан қоғамдық орындарда болған кезде (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану...

Қалалық бас санитардың қаулысынан гөрі шымкенттіктерге карантин режимінің «әрі қарай ұзаратыны» жаңалық болған сияқты. Себебі, бізбен тілдескен азаматтар бұл қалада әлдебір карантиндік режимнің жүріп жатқанынан да хабарсыз екендерін жасырмады.

«Шымкент қызыл аймаққа өтіпті, карантин режимі созылды. Карантин талаптарын сақтап жүрсіз бе?» деген сұрағымызға жол-жөнекей кезіккен шымкенттіктерден алған жауаптарымыз төмендегідей болды.

— Қандай карантин? Басқасын айтпағанда, жұрт маска киюді де ұмыта бастады емес пе?! Былтыр ырымын жасап болса да дүкендерге міндетті түрде маска киіп баратын. Қазір маскамыз сөмкенің бір бұрышында бүктетіліп жатқалы қай заман!, - деп күлді өзін Балшекер деп таныстырған апамыз.

— Біресе, қызылы, біресе сарысы жанған дәп бір көшенің бағдаршамы сияқты болды ғой бұл коронавирус. Шымкент карантин режимінде осыған дейін болғанын тіпті білмеппін де. Басқа аймақты қайдам, біздің тұрғындар бұрынғы қалыпты өмірін бастап кетті ғой әлдеқашан! Антисептіктің құтысы тұр, іші бос. Аяқ сүрткіші тұр, құрғап кеткен. Ал масканы санаулы бір жерлерге барғанда ғана тағамыз. Айнала қаптаған кафе, шайхана қайнап жұмыс істеп жатыр. Адамдар топырлап көшеде жүр. Базарлар ғой вирус түгілі, бомба түссе де жұмысын тоқтатпай істеп жатыр. Қандай карантин болды бұл енді?!, - деді өзін зейнеткермін деп таныстырған Зейнеп апамыз.

Сонымен қатар біздің сауалымызға жауап беруден гөрі күлкіге айналдырып, мәз болғандар аз емес.

«Вакцинаны жаппай салдыртудың амалы ғой. Карантин енгізгеннен өзгеріп жатқан ештеңе де жоқ», «Бүгін қызыл, ертең сары аймаққа енуіміз қиын емес. Өткенде де осылай деген. Наурыз мерекесінен кейін. Қызыл аймаққа енсек, жаппай ма бәрін?! Бос сөз ғой», «Карантин енгіздік дейді де, оқушыларды мектепте оқытып жатыр. Монша да, дүкен де, базар да ашық. Автобус толы адамдар. Әрі-бері шапқылап жүріп жатыр. Мұның несі карантин?». 

Біз жауап алуға ұмтылған бірнеше адам осылайша жүре жауап берді. Өкінішке орай, аты-жөндерін айтпады. Дәл қазір Шымкент қаласы шыжып ысып тұр. Мынадай ыстықта тұмшалап маска тақпақ тұрмақ, бетіңе түскен бір тал шашыңның өзі жаныңды қысып жіберердей. Мұндай ауа-райында белгілі бір карантин талаптарын сақтаудан гөрі, шымкенттіктердің күйкі тіршілікпен бас ауыртуы әлдеқайда қисындырақ болса керек.

Меруерт Хусаинова, Шымкент.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар