Шымкенттік мал дәрігерлері жұмыссыз қалмай ма?

cover

Шымкенттік мал дәрігерлері жалақысын өсіруді сұраймыз деп бастары дауға қалды. Қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринарлық басқарманың «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринарлық басқармасына қарасты «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қазіргі кезде 70-тен аса мал дәрігері жұмыс істейді. Наурыз айында осы мекеменің мал дәрігерлері еңбекақыны өсіруді сұрап жаппай ұжымдық хат жазған екен. Алайда өз сұраныстарына оңды жауап аламыз ба деп үміттенген шымкенттіктер енді жұмыссыз қаламыз ба деген уайымға түскендерін айтады.

Бірер күн бұрын «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мал дәрігерлерінің 25 пайызы жұмыстан қысқаратыны туралы хабарлама келіпті. Жалақысын көбейтуді сұраған ветеринарлар енді мынадай қысқару жүрер болса, біріміз жұмыссыз қаламыз, ал енді біріміздің жұмысымыз екі-үш есеге артуы мүмкін деп алаңдаулы. Осы мекеменің мал дәрігері Әшірбек Жолдасов мамырдың 12-сі күні ветеринарлардың қысқаратыны туралы хабарлама алғанын, алайда таныстым деп қол қоймағанын айтады. Оның айтуынша, бір мал дәрігеріне 800 бас малды қарау жүктелуі керек екен.

— Өкінішке қарай, менде қазір 1200-1300 бас мал бар. Артық жұмыс істеп жатырмын. Өзім соған әрең үлгеріп жүрмін. Егер қысқартып тастайтын жағдай болса, мен үлгере алмаймын. Мен шығып кетсем, орнымдағы адам тіпті үлгере алмайды, - дейді Әшірбек Жолдасов.

Мал дәрігерлерінің айтуынша, жалақылары 100 мың теңгеге де жетпейді екен. Ал жұмыс жүктемесі екі есе артық. Мысалы, күніне 600-700 бас мал қараудың орнына, олар қазір 1300 бас малға дейін қарайды. Биылғы наурыз айында жұмыс жүктемесіне қатысты мәселені көтеріп, арнайы хат жазған мал дәрігерлері хаттарына жауап алмапты.

— Енді мал дәрігері қысқарылған жағдайда не болатынын... Норматив бұрын 600-700 бас мал болды дейді, қазір 1200- қара мал бір дәрігердің қарауында. Мысалыға айталық, бір ауылға екі дәрігер істеп жатырмыз. Қазіргі уақытта Ақжар ауылында. Біреуі қысқарған жағдайда... Мүмкін емес, - дейді ветеринар Сапар Сұрымбаев.

Ал бұл мәселеге қатысты Шымкент қаласы ауылшаруашылығы мен ветеринарлық басқармасының ветеринарлық бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов:

Манарбек Ержігітов

— Экономика басқармасымен қайта қайта жылда жұмыс жасап жатырмыз. Ертең 25 пайыз мамандардың қысқаруы есебінен осы кісілерге айлық қосылып берілетін болады. Бұл мекеменің кеше ғана басшылығы ауысты. Ішкі есебін жасайды. 130 миллион бөлінген. Жалақы соған байланысты есептелетін болады, - деп қысқа ғана қайырды.

Мал дәрігерлері жұмыстан қысқарту туралы мәселе өздері жалақыны көтеруді сұрап хат жазғаннан кейін орын алғанын айтады. Өз жұмысының ауыр екенін айтқан Азамат Баймаханов Шымкент маңындағы 4 елдімекеннің малдарына жауапты екен. Бір ғана Азаматтың жүктемесінде мың жарым ірі қара, мыңнан астам уақ мал мен 10 мыңға таяу үй құстары бар. Ал алатыны небары 87 мың теңге.

— Керісінше жұмысқа адам алудың орнына, енді қазір қысқартамыз деген әңгімелер болып жатыр. Кеше қағаздары келді. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Былайша айтқанда, біз аса ауыр, қауіпті аурулармен жұмыс істейміз. Мысалы, «сібір жарасы», «құтыру» деген сияқты, - дейді Азамат Баймаханов.

Біз хабарласқанымызда, Шымкент қалалық ауыл шаруашылық басқармасының өкілі мал дәрігерлерінің ешбірі де жұмыстан қысқармайтынын жеткізді. Оған қоса осы басқарманың бөлім басшысы Манарбек Ержігітов те өз сөзінде жұмыстың ауқымдылығына байланысты ветеринарлар жұмыстан қысқармайтынын қадап айтты.

«Бір-бірін қайталайтын ішкі әкімшілік жұмыстар қысқартылады», - деген М. Ержігітов президент тапсырмасына байланысты 25 пайыздық қысқарту жұмысының барлық жерде жүріп жатқанын алға тартады.

— Қысқарту жасап, керісінше бұл кісілердің айлығын көтеруді қарастырып жатырмыз. Ветврачтар, ветдәрігерлер, веттехниктерге ешқандай қысқарту болмайды. Оны уайымдамай-ақ қойсаңыздар болады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринарлық басқармасының «Ветеринарлық қызмет» шаруашылық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жалпы 102 адам жұмыс істейді. Олардың 12-сі – әкімшілік қызметкер.

Пандемия кезеңінде көбінің онсыз да қолда бар жұмысынан айрылып, жұмыссыздар саны күн санап артып жатқаны жасырын емес. Ал ең бастысы, еліміздегі тапшы мамандықтың бірі саналатын мал дәрігерін жұмыстан шығару қаншалықты қисынға келеді? Десек те, шымкенттік ветеринарлардың көкейіндегі күмән мекеме басшысы мен орынбасарының сөздерінен кейін де сейілмей тұр. Наразы топ егер заңсыз жұмыстан шығарылса, тағы жиналып, қарсылық білдіретінін мәлімдеді.

Меруерт Хусаинова, Шымкент

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар