Шешімнің орнына: ҰҚШҰ Тәжікстан мен Қырғызстанға көңіл айтты

cover Фото: РИА Новости / Алексей Никольский

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) хатшылығы Қырғызстан мен Тәжікстанға шекарадағы соғыс қимылдарының құрбандарына байланысты көңіл айтты.

Олардың айтуынша, 2022 жылдың 14-17 қыркүйегі аралығында болған қақтығыстардың құрбандары туралы хабар қабырғаларын қайыстырған. Хатшылық елдердің аймақтың ұжымдық қауіпсіздігі мәселесінде маңызды рөл атқаратынын, сондықтан бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін тараптар конструктивті диалогқа келу керек деп мәлімдеді.

«Біз даулы мәселелерді шешу үшін күш қолдану әрекеттерін қабылдауға болмайды деп санаймыз және саяси, дипломатиялық тәсілдерге балама жоқ екеніне сенімдіміз. ҰҚШҰ тұрақты ымыраға қол жеткізу үшін делдалдық күш-жігерді жан-жақты арттыруға дайын» делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының даулы учаскелерінің бірінде екі мемлекеттің шекарашылары арасында атыс болған. Оқиға Қырғызстанның Баткен облысында болған. 970 шақырымдық қырғыз-тәжік шекарасының жартысына жуығы әлі демаркацияланбаған, бұл тұрақты шиеленіс пен кезеңді қанды қақтығыстарға алып келді.

Қырғызстанның Баткен облысы Тәжікстанның Соғды облысымен шектеседі және қазіргі қақтығыстың негізгі ошағына айналған Тәжікстанның Ворух эксклавын қамтиды. Тәжікстан Ворухты эксклав деп санамайды, шекараның даулы учаскесін өз аумағы деп атайды.

Айта кетсек, Орталық Азия елдері арасындағы шекаралық қақтығыстар мен арандатушылықтар бұрыннан жалғасып келеді. 2022 жылдың наурыз айының соңында Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында атыс болды. Екі аптадан кейін, 2022 жылдың сәуірінде қырғыз тарапы шекарада орналасқан ауылдарды минометпен атқылағанын хабарлады. 2022 жылдың мамыр айында Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында үш адам қаза тапты.

Ұйымның мақсаттары - «бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық түрде қорғау»

Ал, Армения ресми түрде ҰҚШҰ-ға мүше елдерден көмек сұрағанымен, қолдау таппады. Хатшылық бітімгершілік күштерді әкелуден бас тартты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар