Шерзат ісіндегі күдіктілер соңғы сөзінде не айтты?
Талдықорғанда қоғамда үлкен резонанс тудырған 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін тараптардың жарыссөзі аяқталды, сотталушылар өз пікірлерін айтты. Судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға соңғы сөз айтуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Orda.kz.
Алғаш болып сөз алған әрі араларында соңғы сөзде ұзақ сөйлеген Азамат Тоқтаубаев судьядан өзін 7 жыл 2 ай мерзімге бостандығынан айыруды сұрады.
«Бір үйден екі азамат кетіп отырмыз. Бала-шағамыз асыраушысыз қалды. Бұрын істі болдым. Бірақ үйленіп, балалы болған соң өмірге деген көзқарасым өзгерді. Ішкі арпалысыммен алысып жүрмін. Қуықтай уақытша ұстау изоляторында жатырмыз, бала-шағаны ойлаймыз. Мен өзімді қоғамға қатты бір қауіпті адам деп санамаймын. Қазақ елінен кешірім сұраймын, халық жауы емеспін. Сонымен қатар блогер Жан Ахмадиевтің әлеуметтік желіде айтылған сөздеріне де айтарым, мен жауыз емеспін. Мені 7 жыл 2 ай мерзіммен қалдыруыңызды сұраймын. Сонымен қатар, анамнан кешірім сұраймын. Анашым, кешіріңіз бізді» – деп сөзін аяқтады Азамат Тоқтаубаев.
Азаматтың ағасы Нұрбол Тоқтаубаев қасындағы жігіттер мен оның ата-аналарынан кешірім сұрайтынын айтты. Еске сала кетейік, ол Дархан Әскентайға барып, ары қарай қоңырау шалып, қалған күдіктілерді шақырған еді. Көпшіліктен кешірім сұрап, судьядан жеңіл жаза беруді сұрады.
Дархан Әскентай 2006 жылы әкесінен, араға екі жыл салып анасынан айырылғанын, енді үйленгелі жүргенде осындай қайғылы оқиға болғанына өкінетінін айтты. Әскентай судьядан кешірім беруін, әділ жаза тағайындауын сұрады.
Шыңғыс Белғожаев өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза беруді сұрады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған Думан Ысқақ судьядан өзін ақтауды сұрады. Думан Ысқақ бұл оқиға оған өмірлік сабақ болғанын жеткізді. Ілиясов Нұрқияс істеген әрекетін мойындайтынын, Ғайыпбаевқа қорғану мақсатында ғана соққы жасағанын айтып, әділ шешім шығаруды сұрады.


Ал Дидар Қалиахмет өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтып, өзін ақтауды сұрады. Равиль Сәкиев Шерзаттың анасынан өкініп тұрып кешірім сұрайтын айтты. Төбелесте тек Ғайыпбаевты ғана ұрғанын, қолында не пышақ, не мылтық болмағанын айтты. Ол өзін түбегейлі кінәлі емес демейтінін, алайда тек жасаған әрекетіне қарай ғана жаза беруді сұрады. Абзал Шынасыл Ғайыпбаевты мылтық атқаны үшін ашуланып, үш рет пышақ сұғып алғанын айтып, әділ шешім шығаруды сұрады. Ол бұған дейін Шерзатқа пышақ сұққанын жоққа шығарған еді.
Сот қылмыстық іс бойынша үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім 5 маусым күні сағат 16:00-де шығады.
Қоғамды дүр сілкіндірген Шерзат Полаттың ісі бойынша негізгі сот отырыс осымен бітті. Алдағы уақытта үкім шығады. Бүгін сот залында сотталушыларға соңғы сөз берілгенде олардың ата-аналары да, өздері де көздеріне жас алды. Сот залындағы адамдар күйініп, сезімге ерік беріп, үлкен бір толқыныста болды. Судья тоғыз сотталушыға уақыт шектеуінсіз-ақ соңғы сөздерін айтуға мүмкіндік берді. Олардың кейбірі кінәсін мүлде мойындамаса, кейбірі тек жартылай ғана мойындайтынын айтты. Бір айта кетерлігі, ақыры сотталушылардың ешқайсысы Шерзатты нақты кім өлтіргенін мойындамады.
Еске сала кетсек, 2024 жылы Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.
9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.
12 қазан күні Азат ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті.
Еске сала кетсек, 15 қазан күні ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов және ІІМ тергеу департаментінің бастығының орынбасары Самат Аисов брифинг өткізген еді. Осы оқиға басталғанда ел арасында Талғардағы хуторлық қылмыстық топтың бар екені және олардың елді қорқынышта ұстайтыны жайлы ақпарат тарады. Алайда дәл осы баспасөз мәслихатында бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Жаңалықтар
- Израиль қорғаныс министрі: Жаңа басшы «ескі саясатты» қолдаса — көзін жоямыз
- Жұманғарин: Азық-түлік бағасы көтерілгенін ҚҚС-қа жаба бермейік
- «Мумия» деп мазақтап, ұрған: Алматыдағы түзету орталығы даудың ортасында қалды
- Шығын — 40 млн теңге: Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан 9 адам ұсталды
- Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізіп, сынға қалды
- Дубайда қырғын болғаны рас па? Х желісі қарулы қақтығыстар туралы фейк видеолармен күрес бастады
- 8 наурыз мерекесінің шығу тарихы
- Соғыстың төртінші күні: Иранда не болып жатыр?
- БАҚ: Хаменеидің ұлы Иранның жоғары көшбасшысы болды
- Ақтөбеде пауэрбанк кесірінен бір отбасы баспанасыз қалды
- Иранға шабуыл: Әлем басшылары дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе деп алаңдаулы
- «Ақиқат пен есептің арасы жер мен көктей»: Арал теңізінде не болып жатыр?
- Рудныйда аулада ойнап жүрген баланы көлік қағып мерт қылды
- Көкпардан әлем чемпионаты 15–21 наурыз аралығында Түркістанда өтеді
- Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялай бастады: Шиеленіс аймағынан 467 адам шықты
- Семейдегі ойын-сауық орталығында алапат өрт шықты
- «Бәрі жақсы, қала сол баяғыша»: Дубайдағы қазақстандықпен сұхбат
- Тоқаев энергетика министрін қабылдады
- Тоқаев Оман сұлтанына эвакуациядағы жәрдемі үшін алғыс айтты
- «Ақша қателесіп түсті» дегенге сеніп қалмаңыз: Банк қосымшасы арқылы жасалатын алаяқтық схема