Сақал – сән емес, салмақ: Қазақтағы сақал-мұрт қоюдың мәні мен міндеті

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалды

Қазақ қоғамында сақал-мұрт – жай ғана сыртқы келбет элементі емес. Бұл – адамның өмірлік кезеңін, әлеуметтік мәртебесін, ішкі жауапкершілігін көрсететін белгі. «Сөз көркі – мақал, жігіт көркі – сақал» деген түсінік бекер айтылмаған. Ер азаматтың бет-әлпетіндегі түк оның жасы мен жолын ғана емес, ойы мен орнының да өлшемі болған. Orda.kz тілшісі сақалдың қою тәртібін назарларыңызға ұсынады.

Қазақ дәстүрінде ер бала балиғатқа толғаннан бастап мұрт қоя бастайды. Бұл – оның жігіт қатарына қосылғанының белгісі. Бірақ мұрт қою да ретсіз емес: ол – уақытша кезең. Жігіт үй болып, балалы-шағалы болып, қыз ұзатып, келін түсіргенге дейін мұртпен жүреді. Ал нағыз сақал – тек сол өмірлік белестерден өткен соң ғана қойылады.

Яғни сақал – жасанды образ емес, өмірдің өзі «беретін» мәртебе. Немере сүйген ер азамат «болдым, толдым» деген ішкі тоқтамға келгенде ғана сақал қояды. Бұл – бір жағынан Құдайдың бергеніне шүкіршілік, екінші жағынан – «енді жастарға жол беру керек» деген ұстаным. Ал егер адам түрлі себеппен отбасылық кезеңдерден өтпесе, онда ол 50 жастан асқан соң барып сақал қоюға лайық деп есептелген.

Сақал қойған адам – бірден «ақсақал» атанбайды. Бірақ ол соған лайық болуға міндеттеледі. Қазақ түсінігінде сақал – жауапкершілік. Сақал қойған адам өзін тежейді, артық қылықтан бас тартады, жастарға үлгі болуға тырысады, сөзін салмақтап сөйлейді. Сол себепті «аузына ата сақалы шыққанша...» деген сөз – жай мысқыл емес, қоғамдық бақылау. Яғни сақал қойған адамның қателігі – екі есе айып.

Қазақ қоғамында сақал – моральдық фильтр қызметін атқарған. Егер адам сақал қойып алып, оғаш әрекет жасаса, оны қатты сынаған. «Аузыңдағы сақал ма, әлде жай ғана түк пе?» деген сөздер соның дәлелі.

Сыртқы күтім де маңызды болған. Қазақ ешқашан сақалды бейберекет өсірмеген. Мұртты ауызға түсірмей, ұқыптап қайырып жүрген, ал сақалды бет пішініне сай етіп қойған. Оны үнемі жуып, тарап, таза ұстаған. Қауғадай өсіріп жіберу ерсі саналған. Яғни сақал – эстетика мен тәртіптің де көрсеткіші. Ал 60-қа келгенше сақал қоймай жүрген ер адамды «қартайғанын білмеген ақымақ» деп атаған. Бұл да қоғамның нақты сигналы: жасына сай болу – міндет.

Қазақ қоғамында сақал тек адамның өзіне ғана емес, айналасындағыларға да әсер еткен. Жасы кіші адам сақалды көрсе міндетті түрде сәлем беріп, құрмет көрсетеді, сөзін бөлмейді, өзін ұстайды. Ал сақал қойған адам сол құрметті ақтауы тиіс. «Сыйға – сый» қағидасы осы жерде жұмыс істейді.

Яғни сақал – тек жеке таңдау емес, қоғамдық келісім. Ол – адам мен қоғам арасындағы үнсіз шарт. Қорыта айтқанда, қазақ дәстүріндегі сақал-мұрт қою – сыртқы тренд емес, ішкі дайындықтың белгісі. Бұл – «мен енді жауаптымын» деген үнсіз мәлімдеме.

Сақал қою ер адамды сабырға шақырады, мінезін қалыптастырады, қоғамдағы орнын бекітеді, беделін арттырады. Сондықтан қазақ түсінігінде сақалды кез келген адам емес, «қадіріне жете алатын» адам ғана қояды. Әйтпесе, оның мәні жоғалады.

Сақал – дәстүр ғана емес, тарих: адамзаттағы сақал қою мәдениетінің эволюциясы

Сақал – тек қазаққа тән белгі емес. Оның тарихы адамзат өркениетімен қатар жүріп келеді. Әр дәуір, әр қоғам сақалға өз мағынасын берген: бір жерде ол биліктің символы болса, енді бір жерде – тәртіптің немесе тіпті қауіптің белгісі болған.

Ежелгі Мысырда сақал қою құқығы қарапайым адамға берілмеген. Сақал тек перғауынға тән белгі саналған. Бұл – оның «жердегі құдай» ретіндегі мәртебесін көрсететін символ еді. Бірақ қызығы – перғауынның өзі табиғи сақал өсірмеген. Ол арнайы жасанды сақал таққан. Мұндай сақал жүннен немесе кесілген шаштан жасалып, алтын жіптермен тігіліп, иекке байланған. Яғни сақал мұнда табиғи емес, таза символдық атрибут болды.

Ал антикалық дәуірде сақалға деген көзқарас мүлде өзгерді. Александр Македонский өз сарбаздарына соғыс кезінде сақал қыруды бұйырған. Себебі шайқас кезінде жау сақалдан тартып, артықшылық алуы мүмкін еді. Осылайша сақал әскери тұрғыдан қауіпті элементке айналды. Айтпақшы, Македонскийдің өзі де сақалсыз болған.

Рим империясында да таза қырыну өркениеттің белгісі саналды. Қысқа шаш пен қырылған бет – римдіктердің өзін «жабайы халықтардан» ажырататын негізгі стиль болды. Бұл дәстүр император Адриан дәуіріне дейін сақталды. Кейін сақал қайтадан сәнге енді.

Ежелгі Грекияда да бастапқыда сақал кең тараған еді. Бірақ б.з.д. IV ғасырдан бастап қырыну мәдениеті қалыптаса бастады. Римдіктер Грекияны жаулап алған соң, осы әдетті өздеріне де енгізді. Яғни сақал мен қырыну арасында «мәдени алмасу» жүрді.

Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуірінде Еуропада сыртқы келбетке деген көзқарас үнемі өзгеріп отырды. Бір кезеңде ұзын шаш сәнге айналса, сақал қысқарып немесе мүлде жоғалып кететін. Ал керісінше, шаш қарапайымданғанда, сақал мен мұртқа ерекше мән берілетін. XIV–XV ғасырларда ер адамдар жас жігітке ұқсап көрінуді сән санағандықтан, қырыну кең тарады.

Ал 1500 жылдардан бастап Қайта өрлеудің соңына дейін сақал мен ұзын мұрт қайтадан трендке айналды. Бірақ бұл да ұзаққа созылмады. Барокко дәуірі басталған соң, сақал сирей бастады, ал 1680 жылдарға қарай мұрт та жоғала бастады.

Францияда бұл үрдіске саясат та әсер етті. Людовик XIV кезеңінде сарай элитасы патшаға еліктеп, бетін таза қырып жүрді. Мұртты тек әскери адамдар ғана қалдырған. Осылайша сақал әлеуметтік статус белгісіне айналды.

ХХ ғасырдың ортасына дейін қырыну ер адамның негізгі стандарты болды. Бірақ 1848 жылғы революциялардан кейін Еуропада сақал мен мұрт қайтадан сәнге енді. Бұл – қоғамдағы өзгерістердің көрінісі еді. Кейін ХХ ғасырдың екінші ширегінде қырыну қайтадан басымдыққа ие болды.

Қызығы, сақал әрдайым саясатпен де байланысты болды. Мысалы, Кубадағы көтеріліс кезінде Фидель Кастро бастаған көтерілісшілерді қарсыластары «барбудос» – «сақалдылар» деп атаған. Бұл сөз тек сыртқы келбетті емес, бүлікшіл, жүйеге қарсы күшті білдіретін ұғымға айналды.

Оқи отырыңыз: 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар