Полиция бастығы журналистер наразылығынан кейін кешірім сұрады

cover Азаттық Радиосы

5 сәуірде Шымкент қаласы полиция департаментінің алдына «КТК», «Астана» және «31 арна» телеарналарының үш тілшісі барып, полициядан журналистерге қысым жасауды доғаруды талап етті. БАҚ өкілдерін қолдап, тағы 20 шақты тілші мен белсенді жиналды.

Ақпарат Азаттық Радиосында жарияланды, деп хабарлайды Orda.kz.

Телеарна тілшілері 4 наурызда Алтынтөбедегі наразылық кезінде полиция қызметкерлерінің журналистердің кәсіби қызметін атқаруына кедергі жасап, қысым көрсеткенін алға тартты. Тілшілер «полиция бассыздығынан» шаршағандарын айтты.

4 сәуірде Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылында тұрғындар алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына наразылық танытқан. Полиция ондаған адамды ұстаған. Осы оқиғадан хабар тарату кезінде өзге тілшілермен қатар Азаттық тілшісі де кедергіге ұшырады. Жай киінген 3-4 ер адам полицияның жолды жапқан наразыларды ұстауын түсірмек болған Азаттық тілшісін қайта-қайта итеріп, қолшатырларымен камерасын көлегейлей берді. Бірі тілшінің телефонын тартып алуға тырысты. Полиция «камераны көлегейлеген қолшатырды ысырып тастамақшы болған» Азаттық тілшісіне «қолшатырға тиіспеңіз» деп ескерту жасады. Жай киім кигендердің бірі Азаттық тілшісіне «қазір сені де көлікке отырғызып алып кетеміз» деп кіжінген.

Қазақстанда журналистер кәсіби міндетін атқару кезінде жиі кедергіге ұшырайды. Мұндай қысым әсіресе бейбіт жиынға шығу құқығын пайдаланып, митингіге келген азаматтарды ұстауы кезінде күшейе түседі. Азаттық тілшісі Дилара Иса сондай ұстаулар кезінде бірнеше рет кедергіге ұшыраған. Кедергі келтіргендердің бірі «ішкі саясат басқармасынан екенін» де айтып қалған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар