Павлодарлық шенеуніктер 7 баланың анасын сотқа беруге ниетті

cover Скриншот

Павлодар облысы әкімдігі 7 баланың анасы 670 мың теңге «заңсыз» жәрдемақы алғаны үшін оны сотқа бермекші.

Астана телеарнасының хабарлауынша, мүгедек баласы мен күйеуін қарап отырған, келіншек ондай соманы қайтара алмайды.

Оның айтуынша, үш жыл бұрын әр баласына мемлекеттен 21 мың теңге алған. Бірақ әкімдік оны мүгедек баласына қаражат алып отырғанын жасырды деп кінәлап отыр.

«Неге бізді аямайды. Мүгедектерге неге қамқорлық жасамайды. Менің кінәм не сонда? Осылай зар жылап отырған адамды білмеді, көрмеді, өтірік айтады дейді. Мен қалай өтірік айтам мына түріммен отырып. Мына мүгедек қызды сенің отбасыңа табыс кіріп отыр - дейді. Жатқан түрі мынау. Бір түгіл екі мүгедек бағып отырмын» дейді көпбалалы ана Сайрагүл Молдабайқызы.

Отбасының жалғыз табысы – мүгедек баласы мен күйеуіне берілетін жәрдемақы.

Олар шенеуніктердің сұратып отырған 670 мың теңгесін өтей алмайды. Екі жыл бұрын бұл мәселе көтерілген, бірақ ол кезде әкімдіктегілер қарызды демеушілер есебінен жабылады деген.

«Бұл кісі айтқан жоқ жұмыс істедім деп. Бала күтімімен жүрдім деді. Түсініп отырмыз. Оңай емес. Сондықтан мен де сізге айтып отырмын. Демеушілік тарапынан көмек көрсетілді. Әлі де көрсетеміз» дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов.

Заңгер Камиша Есмұхамедқызы әкімдіктің әрекеті заңсыз дейді. Оның айтуынша, олар өз қателерін ешкімді араластырмай өздері жөндеу керек.

«Өзінің қаражаты жетіп тұрса, мемлекетке қол жаймайды және сұрамайды. Заңсыз алды деп танылғаны не сот шешімі жоқ. Не оны қандай да бір қағаз жүзінде тергеу амалдары заңсыз пайдаға кенелгенін дәлелденген жоқ. Сондықтан көпбалалы анаға 3 жылдан кейін қойып отырған талап арыз негізсіз» деп түсіндірді заңгер Камиша Есмұхамедқызы.

Ақсу қаласы әкімінің орынбасары мәселе шешімін табатынына сендірді, бірақ нақты қашан реттелетінін түсіндірмеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар