Пандемия салдарынан неше адам жұмыстан кетуге мәжбүр болды?

cover Фото: careerist.ru

Пандемия кезінде әрбір бесінші адам қашықтан жұмысқа көшті. Деректерге сай, елімізде жыл басынан бері 73,7 мың адам қашықтан жұмыс істеген, оның 70,2%-ы қалалық әйелдер.

Бұл туралы Orda.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская:

– Ел бойынша әрбір үшінші ауыл тұрғыны қашықтықтан жұмыс істейді және жұмыс берушілер қашықтықтан жұмыс жасайтын қызметкерлердің тек 14%-ына ғана коммуникация құралдарын берген, - деді.

Пандемия басталғалы 139,6 мың адам (74%) жұмыссыз қалды.

Сондықтан коронакризистің салдарын оңалту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері 9 млн 232 мың адам жұмыспен қамтылған, ол дегеніміз жұмыс күші 35 мыңға (0,4%) артқан.

Пандемия кезінде жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артқан:

  • 6 млн 703 мың адам жалдамалы жұмыста істейді;
  • 2 млн 078 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған.

Айта кетсек, басшылар мен кәсіби мамандар саны 16,2 мың және 13,5 мың адамға қысқарған. Алайда басқа мамандар саны артқан:

  • техник-мамандардың саны 41,2 мың адамға;
  • өндірістік жабдық операторларының саны 33,5 мың адамға;
  • қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердің саны 8,7 мың адамға;
  • фермерлер мен ауыл шаруашылығы жұмысшыларының саны 6,3 мың адамға өсті.

Біліктілігі жоқ қызметкерлер 6 мың адамға көбейді.

Жыл басынан бері 451,3 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелді, осылайша жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды.

Жұмыссыздық көрсеткіші бойынша көшбастап тұрған:

  • Алматы қаласында (5,2%);
  • Түркістан облысында (5,2%);
  • Шымкент қаласында (5,1%) тіркелді.

Ал ең төменгі деңгейі:

  • Қарағанды облысында (4,5%);
  • Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%) байқалды.

2021 жылдың сәуірінде жұмыспен қамту орталығында 215 мыңға жуық адам жұмыссыз есебінде тұр. Тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,3%-ға теңелді. Түркістан (4,6%), Атырау және Батыс Қазақстан (екі өңірде де 4,4%) облыстарында жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі тіркелді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар