Жамбыл облысында әскерге шақырылған сарбаздың өліміне не себеп болды

cover Фото: Әлібек Қалбайдың жеке мұрағатынан

Orda.kz редакциясы Әлібек Қалбайдың өлімі қарсаңында әскери бөлімде төбелес болғанын анықтады.

«Қатардағы жауынгер Ә.С.Қалбай Жамбыл облысы Қордай аудандық сот-медициналық сараптама орталығында марқұмның бастың желке аймағында, оң жақ мықын аймағында, оң жақ бүйрегі мен бауырында гематомалардың бар екені анықталды».

Бұл Қорғаныс министрлігі басшылығының ресми құжатынан үзінді.

Сараптаманың түпкілікті қорытындысы шамамен бір айдан кейін ғана дайын болатынына қарамастан, әскерге шақырылушыны «казармада аяусыз ұрып-соққаны» белгілі болды. Бұл туралы жас жігіттің қайғыға батқан жақындары да айтып отыр.

«Бауырымның денесі көгала қойдай болып кеткен. Сау жері жоқ. Әскери бөлімде бізге қылмыскердің ұсталғанын, ол оның қатарласы, тура сондай жас жігіт екенін айтты. Бірақ ненің шын, ненің өтірік екенін білмейміз. Кінәлі баланы ешкімге көрсетпей отыр. Тек бір жерде темір тордың ар жағында отырғанын хабарлады. Бұл әскерге барған алғашқы баланың өлімі емес. Бәріміздің жүрегіміз жараланған. Кінәлілердің жазасын алғанын қалаймыз. Мұның қалай болғанын және осы әскери бөлімнің қай офицері кінәлі екенін анықтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» дейді марқұм сарбаздың әпкесі Әлия.

Жерлеу рәсімінде Әлібек Қалбайдың екінші әпкесі Динара Тілесова оны 12 сәуірде әскерге күшпен алып кеткенін айтты. Ол әскерге барғысы келмеді. Оқуын жалғастыруды жоспарлап жүрген.

«Әскери комиссариатта оған әскерге бармасаң, сотталасың немесе 3 миллион теңге айыппұл төлейсің деп қорқытқан. Әскери бөлімде болған кезде анасына телефон соғып, 4000 теңге аударып жіберуін сұраған. Іші ауырып тұрғанын, дәрі алатынын айтқан. Мен мәйітханада болғанымда оның сау жері қалмағанын көрдім. Іші, бүйрек жағы, бәрі көгерген, қолы, басы көгерген. Шыдай алмай, шығып кеттім… Кейін сол оқу орталығының командирі мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары полковник Доспаев пен подполковник Нұралиннің есімдерін білдік. Дені сау, көңілді жігітті қолдарына алып, бар болғаны 7 күннің ішінде жансыз денесін бізге қайтарған солар еді. Оларды қалай кешіруге болады?!» дейді марқұмның әпкесі.

Кездесетін оғаштықтар

Orda.kz тілшілері жас жігіттің өліміне нақты не себеп болуы мүмкін екенін анықтау үшін журналистік зерттеу жүргізді. Мерзімді сарбаз Әлібек Қалбай жұма күні, сәуірдің 22-сі Гвардейский ауылындағы әскери госпитальда қайтыс болғаны белгілі.

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі журналистерге, қатардағы жауынгер Қалбай «таңертеңгілік жасақтау кезінде есінен танып қалды. Оған медициналық көмек көрсетілді, бірақ ол есін жимай қайтыс болды» деп хабарлаған.

Жас сарбаз курсын аяқтап, Әскери ант қабылдауға да үлгермеген қатардағы Әлібек Қалбайдың қазасы жұртшылықтың наразылығын туғызды. Әлеуметтік желіде бұл қайғылы оқиғаға қатысты дөрекі пікірлер айтылып жатыр. Бұл қалай болды?! Қазақ армиясында соғыссыз, қарулы қақтығыстарсыз жас балалар өліп жатыр.

Инсайдерлік ақпараттан Orda.kz тілшісі сол таңғы оқиғаның мән-жайын білді. Таңғы астан кейін сарбаздарға 30212 әскери бөлімінің шеру алаңында сапқа тұруға бұйрық берілген.

Фото: Orda.kz

Оң жақта соңғы қатарда тұрған қатардағы Әлібек Қалбай өзін жайсыз сезінген. Кенет есінен танып, тепе-теңдігін жоғалтып, арқасымен асфальтқа қатты құлаған. Қасында тұрған әскери қызметшілер Қадырбеков, Аманжолов, Абдурахымов қатардағы Қалбайды көтеріп, солдаттардың казармасына жеткізген.

Ресми хабарламаға сүйенсек, «Қатардағы Қалбайдың тыныс алуы мен тамыр соғысының болмауына байланысты медициналық қызмет бастығы капитан Сарыбаев санитарлық нұсқаушы Чарбасовамен бірге зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріскен. Алайда бұл шаралар оң нәтиже бермеген. Осыдан кейін ес-түссіз жатқан Қалбайды жедел түрде Гвардейский ауылындағы әскери госпитальға әкелген».

Ауруханаға түскен бойда кезекші дәрігер сағат 10:30-ды белгілеп, клиникалық өлімді жариялады.

Тергеу нені анықтады?

Қайтыс болған сарбаздың қатарластарынан жедел түрде сауалнама жүргізіліп, оқу бөліміндегі әскери тәртіпті талдау көрсеткендей, бір күн бұрын әскерге шақырылғандар арасында кикілжің болған.

Қызметтік тергеу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының аға уәкілі әділет капитаны Келдібаев 21 сәуірде сағат 18:00 шамасында 1-оқу ротасының жеке құрамы кешкі асқа дайындалып жатқан кезде жауынгерлер казармасында қатардағы жауынгер А.А.Аманжолов пен Ә.С. Қалбай арасында төбелес шыққанын анықтады. Олар бір-бірімен жұдырықтасып жатқан. Бұл көрініске қатардағы жауынгер К.Николай еріксіз куәгер болып қалған. Ол қолын жууға бара жатқан. Кенеттен екі сарбаздың арасында ауызша кикілжің пайда болып, артынша олар жұдырықтасып жатқанын көрген.

Оларды ажырататын ешкім болмаған. Сол сәтте онда екі сарбаз бен куәгер ғана болған.

Осыған байланысты марқұмның ата-анасы 30212 әскери бөлімінің қолбасшылығына орынды сауалдарын қойып отыр. Офицер мырзалар жас сарбаздарды неге қараусыз қалдырған?! Ол кезде жас сарбаздың курсын жүргізу тапсырылған сержанттар мен жауапты офицерлер қайда болған? Полковник Алмас Доспаев пен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Ерлан Нұралиннің жеке құрамымен оқу орталығының жеке құрамымен қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілді? Марқұм жауынгерді жерлеуде бөлімше командирінің айтуынша, ол шынымен де өзіне сеніп тапсырылған оқу орталығында болып жатқан жайттардың барлығынан бейхабар.

«22 сәуірде таңғы астан кейін рота казарманың алдына жиналды. Әлібек соңғы қатарда тұрды. Ол кенеттен құлап түсті. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол дереу ауруханаға жеткізілді. Неге құлағанын білмеймін, бірақ жасақтау кезінде күн сайын кем дегенде 2-3 сарбаз басы айналып құлайды» деді полковник Алмас Доспаев.

Полковниктің сөзіне сүйенсек, күніне бірнеше сарбаз есінен танып құласа және ол оның неден екенін білмесе, неліктен дабыл қағылмаған?! Ондай жағдайларды алдын алу үшін шұғыл іс-шаралар өткізу керек. Алайда офицерлердің аузына құм құйылған.

Курсанттар арасындағы төбелес

Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы Гвардиялық гарнизонда болған оқиғаны тексеріп жатқанда, жақында Алматыдағы Құрлық әскерлері Әскери институтының (ВСВ) курсанттары да суық қару қолданып, бір-бірімен айуандықпен төбелескені белгілі болды.

Куәгерлердің айтуынша, курсанттар арасындағы жанжал 2 курстың 5 ротасы орналасқан жерде телебағдарлама көру кезінде болған. Бұндай қақтығыстар мұнда бұрын да болған. Мәселен, былтыр желтоқсан айында аталмыш білім ошағында взвод командирі соққыға жығылды. Оның үстіне төбелеске қатысушы курсанттар мен жанжал тудырушылар ештеңе болмағандай жаттығуларын жалғастыруда. Олардың ешқайсысы оқудан шығарылмаған. Басқа елдің өкілі болғандықтан ба?

Бұл оқу орнында ҰҚШҰ келісімі бойынша Тәжікстан мен Қырғызстан жастары білім алуда. Көбінесе олар өздерін ерсі ұстайды, бірақ қандай да бір себептермен оларға қарсы ешқандай шара қолдану мүмкін емес. Неге?

Былтыр 1 желтоқсанында сол әскери институтта болған жағдай ештеңе үйретпеген сияқты. Өте қорқынышты. Болашақта ашулы, өзін-өзі ұстай алмайтын курсанттар өздерінің әрекеттеріне лайықты бағасын алмағандықтан, полигонда қолдарына Калашников автоматын алған бойда бірін-бірі атып салуы мүмкін. Мұны әскери психологтар ғана емес, кейде бағынышты курсанттарды әскери тәртіп пен құқық тәртібін бұзудан сақтай алмайтын бөлім командирлері де ескертеді.

Әскеріміздегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселесінде әзірге бәрі біз ойлағандай жақсы емес екен. Бейбіт уақытта жауынгерлік емес шығындарға жол беру – қылмыс. Армия жауынгерлік әзірлікпен қатар тәртіпті де болуы керек. Балаларын әскерге жіберіп жатқан ата-аналар ұлдарының елге аман-есен оралатынына сенімді болуы керек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар