Назарбаевты «Бабай» дейтін Рысқалиев һәм оппозициядағы алауыздық

cover

17 маусымда «Дат» газетінің жетекшісі Ермұрат Бапи экс-бизнесмен, қазіргі оппозициялық саясаткер болып жүрген Барлық Меңдіғазиевпен сұхбаттасты. Меңдіғазиев сұхбат кезінде өзінің Рысқалиевпен кездесуін, Жанболат Мамаймен қарым-қатынасын айтқан.

Orda.kz мақаланы ықшамдап, сарапшылардың пікірін сұрап көрді.

Жанболат Мамай мен Барлық Меңдіғазиев

Жанболат Мамай мен Барлық Меңдіғазиев

Барлық Меңдіғазиев Батыс Қазақстан облысындағы KSS building мұнай сервистік компаниясының басшысы болған. Кейін өзінің компаниясын 40 млн долларға бағалап, ұжымға өткізген. Экс-бизнесмен Меңдіғазиев шетелге кеткеннен кейін Қазақстанда әкімшілік жауапқа тартылған азаматтық белсенділердің айыппұлдарын төлеп беріп отырғанын айтады. Бірақ нақты соммасын жария етпейді.

Шетелде тұруға мәжбүр деп көрсетілген оппозиционер Лондонда жүрген кезінде Бергей Рысқалиевпен кездескен. Кездесуді «Демократиялық партия» бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай ұйымдастырған дейді.  

– Лондондағы локдаун кезінде, желтоқсан айында маған Жанболат Мамай хабарласып, Бергейдің менімен кездескісі келетінін айтты. Мен ол адамның 100 пайыз «Нұр Отанға» қызмет еткенін, менімен не туралы сөйлесетінін сұрадым. Бір жағынан мен ешқандай саясаткер және ешкімнің жағында болмаған соң «нұротандықтың» менімен неге кездескісі келетіні қызық болды.

Меңдіғазиев пен Рысқалиев кездесуі

Меңдіғазиев пен Рысқалиев кездесуі

Атырау облысының экс-әкімі болған Рысқалиев бірінші кездесу кезінде Меңдіғазиевқа өзінің Назарбаевқа қарсы екенін және Жанболат Мамайды қаржыландыратынын айтқан.

Бергей:  Мен, сен және Жанболат сияқты жігіттерді қолдаймын. Мен Демократиялық партияны толық қаржыландырамын. Сенің де Жанболатты қолдайтыныңды білемін. Мен Қосановтың жобасын қаржыландырдым, Қажыгелдин мен Медетбековке көп ақша бердім. Олар тек ақшаны іздейді, мен олардан күткен функцияны орындамайды.

Әрмен қарай шетелдегі оппозиционер «Рысқалиев айтты» деген әңгімелерді жіктеп береді. Ол жерде Қазақстанның ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтың да есімі аталады.

Сұхбат беруші Рысқалиевтің елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Бабай» деп атайтынын да айтқан.

Рысқалиев пен Бапи

Шетелде жүрген оппозиционер неге «Дат» газетіне сұхбат берді?

Ермұрат Бапи Оrda.kz тілшісіне жауап берді.

– Барлық Меңдіғазиевтің «ДАТ»-қа сұхбат берген себебі - мен оған хабарласып, нақақ жаламен қамауға алынған інісі Бекежанның жағдайын білмек болдым. Екіншіден, әлеуметтік желіде Бекежанның қамалуына экс-әкім БР пен КНБ-ның төрағасы Кәрім Мәсімовтың тікелей қатысы бар деген хабар тарады. Мен журналист және газеттің шығарушы-жетекшісі ретінде бұл ақпараттың анық-қанығына қызығушылық таныттым. Міне, желіні жарған сұхбаттың пайда болу тарихы осы. Әлдекімді жағадан алу, басқадай бір амал-айла болған жоқ. Видео режимде өткен сұхбаттасу барысында сөзден - сөз туып, біраз тақырыпты аударыстырып тастағанымыз - әңгімелесудің табиғи өрбу сипатынан туған жағдай.

Рысқалиев пен Бапидың арасындағы қарым-қатынас қандай?  

– Бергей Рысқалиевпен неге «араласпай кеттіңіз» дегенге келер болсақ, біріншіден, экс-әкім қоғамдық тұрғыда жақын араласуға тұрарлық адам емес. ЖСДП партиясында төңкеріс ұйымдастырып, оны билікке сатып жіберген жексұрынмен қалай араласуға болады?! Ол өзінің материалдық мүддесін азаматтық қоғамның мүддесі есебінен шешіп жүргенін Барлық мырза өз сұхбатында егжей-тегжейлі айтты.

Ал әлдекімдер «ДАТ» газетін, сіз айтқандай, Рысқалиевтың тас-талқанын шығаруға арналған алаң ретінде көретін болса, ол адамның өресі өте тар болғаны. «ДАТ» үшін Бергей, шахмат тілімен айтқанда, «пешка» фигура. Біздің газеттің негізгі нысанасы - елдің ең жоғарғы билігі мен назарбаевтық режимге қарсы күрес. «ДАТ» - Рысқалиев бандит болып жүрген 90-жылдардың соңында танымал газет болған. Ол Бергейге дейін де 23 жыл болған, одан кейін де халық сүйіп оқитын газет болып қала береді. Оған мен газеттің жалғыз құрылтайшысы ретінде кепілдік берем,- дейді Бапи.

Мамай мен Әбләзов

Мамай мен Әбләзов

Сұхбатта айтылған қаржыландыру туралы әңгімеге белсенді Жанболат Мамай жауап берді. Пікір біржақты болмасын деп Ермұрат Бапи Мамайға да сауал жолдаған.

Мамай Рысқалиевпен байланысының жоқтығын, тек бір рет «Политон» бағдарламасына тікелей эфирге шақыратын кезде көмекшісіне хабарласқанын айтты. Ол Барлық Меңдіғазиевпен осы оқиғадан кейін де араласқан. Мамайдың айтуынша Меңдіғазиев тек Қазақстанда экстремистік деп танылған ҚДТ қозғалысының құрылтайшысы Мұхтар Әбләзовтың айтқанын істеп жатыр.

Шетелде жүрген оппозиционер Мұхтар Әбләзовқа Қазақстандағы қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың көзқарасы қандай?

– Мен бұрын да айтқанмын, әлі де айтамын. Әбләзов өзін Қазақстанда қайраткер оппозиционер көрсеткісі келеді. Шындығына келетін болсақ оның тірліктері мен әрекеттеріне қарасаң, ол саяси өзгеріс емес, бірінші кезекте өзінің шетелдегі активтерін қорғап қалғысы келетін азамат сияқты. Түрмеде отырмай, бостандығын сақтап қалу. Қазір Әбләзовты қолдайтын қасында бір адам жоқ, барлығы қашып кетті. Ол өз мәселесін шешу үшін жүрген азамат. Мен Әбләзовпен бір сапта, бір жолда тұрамын деп айта алмаймын. Оның жапқан жаласы мен түрлі өтіріктерінен кейін бірге жүру болмайды деп есептеймін,- дейді Мамай.

Саясаттанушы Расул Жұмаұлы оппозияциядағы алауыздықтың ортақ мүддеден гөрі жеке бастың мүдделері алдыға шығып кететіндігінен туындайтынын алға тартады.

Расул Жұмаұлы

– Оппозицияның бірікпеуіне, көреалмаушылығына, алауыздығына демократиялық институттардың орнықпағаны, саяси сауаттың, ұстамдылықтың жетіспеуі, ортақ мүддеден гөрі жеке бастың мүдделері алдыға шығып кететіндігі, бірталай жағдайлар да саяси мәдениеттің жетіспеуі және оны «хайп» қуушылық басып кететіндігі. Дәлелсіз қаралау, айып тағу, ұпай жинағысы келетіндігі болған және болып жатқан істер. Оппозицияны немесе өкілдерін әшкерелеумен, соларды сынаумен мәселе шешілмейді. Себебі дәл осы қалыпта біздің қоғам 20 жыл жүріп келе жатыр. Айналып келгенде кез-келген оппозиция осы қоғамның бөлігі,- дейді саясаттанушы

Оппозиция ішіндегі өзара сенімсіздік, дағдарыс, бірауыздылықтың жоқтығы бұл қоғамдағы жақсылы-жаманды тұстардың көрінісі.

Жанболат Мамай мен Қосановтарға қатысты айтылған сөздер қаралау ма?

- Кез-келген айып тағылған жерде дәлел болу керек. Дәлел болмаған жерде, менің ойымша арандату, «хайп», қаралау, негізсіз қаралау. Әр сөздің артында дәлелдеу тұру керек. Әзірге ондай дәлел көріп тұрған жоқпын, - дейді Расул Жұмаұлы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар