Малмен ғана күн көріп отырғандар аштыққа ұшырауы мүмкін

cover

Маңғыстаудың Қызан және Ақшымырау ауылдарының тұрғындары күндерін тек малмен көріп отыр. Алайда олар қуаңшылықтың жайлап жатқанына қатты алаңдаулы. Шенеуніктер жем-шөпке 204 млн теңге бөлгенімен, тұрғындарға көмек әлі келмеген.

Бұл туралы Orda.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлады.

Қызан ауылында 2 мыңға жуық адам тұрады. Барлығы дерлік күнін малмен көріп отыр. Ал қуаңшылық халықтың басты қиындықтарының бірі болды.

– Малымды аман алып қалам деп. Басы-көзіне қарамай, пенсиясын, ақшасын соған салып, күнелтіп жасап жатыр. Өлетіні өліп жатыр далада, - деді жергілікті тұрғын Әлімбай Аманов.

Ал Балатөре Алтыбаевтың айтуынша, қуаңшылық, жоқшылық бәрі қабаттасып кеткен. Мұндай қуаңшылық 72 жылдан бері бірінші рет болып отыр.

Еске салсақ, ауыл шаруашылығы министрі Маңғыстауда малды аман алып қалу үшін 204 млн бөлген. Бұл қаражатқа Маңғыстау, Түпқараған, Мұнайлы, Қарақия ауданы мен Жаңаөзен қаласының әр қайсысына 130 тонна арпа  әкелінген.

Бірақ көмек шалғай аудандарға жетпей қалған. Жергілікті әкімдік көмек сұрап, өтініш тастап қойдық дейді.

Анықталғандай  мал азығын тасымалдаумен айналысатын «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арпаны тек аудан орталықтарына жеткізген. 110 шақырым жердегі Қызан ауылының тұрғындары арпа қажет болса, өздері тасып алулары керек екен.

– Біз енді халықтан керек адамдардың тізімін жасаймыз. Соған байланысты аудандық ауыл шаруашылық бөліміне ұсынысымызды түсіреміз шөп керек деп, - деді ауыл әкімі Қонай Сүлейменов.

Ал министрлікте әкімдік ауыр ахуалды уақтылы айтпағандықтан, қазіргі жағдай осындай дейді.

– Өлген малға қаржы қарастырылмайды. Тек қазір бар малды сақтауға қаражат бөлінеді. Аудандық әкімдіктер қуаңшылық жөнінде ертерек хабарламады. Жағдай ушыққанша күтпеу керек еді, - деді ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары Қайрат Мутаев.

Қазір Қызан ауылында 5500 жылқы, 2700 түйе, 13 мың қойы мен ешкі аман қалған. Ендігі күш қалған малды сақтап қалуға жұмсалады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар