«Қорқынышты фильмдегідей»: Шығыс Қазақстандағы сүрең тартқан ауруханаларға тұрғындар наразы болды
Фото: Елена Медведева, Orda.kz
Шығыс Қазақстан облысындағы бірнеше медициналық мекемеге қатысты үлкен дау туды. Науқастардың айтуынша, бұл ауруханаларға арнайы заттар әкелмей-ақ, қорқынышты фильм түсіруге болады.
Orda.kz тілшісі жағдайды өз көзімен көру үшін өңірге барып қайтты.
Алғашқы дау болған мекеме — Шемонаиха аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімі. Мұнда балалар емделіп жатыр. Кішкентай қызын емдеп жатқан ананың палатадан түсірген бейнежазбасы жұрттың жағасын ұстатты.
«Қызымның екі айлық кезінде балалар бөліміне жатқызды. Палатада жылу болмады. Екі күннен кейін суыққа шыдай алмай, үйге шығару туралы өтініш жаздым. Бірақ тағы екі күн өткенде қызымның дене қызуы көтеріліп, амалсыз қайта жаттық. Осындай жағдайда он күн жаттық. Төрт адамдық палата, жасымыз әртүрлі», – дейді әйел.
Алайда аурухана басшылығы айыптауларды жоққа шығаруға тырысты. Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, бейнежазба жылыту маусымы басталмай тұрып түсірілген, сондықтан қазіргі жағдайды көрсетпейді.
«Қазір палаталардағы температура санитарлық талаптарға сай. Тәулігіне тұрақты +20–21 °C. Бұл күнделікті бақылаумен дәлелденеді. Былтыр балалар бөлімінде қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін жөндеу жүргізілді», – деді аурухана әкімшілігі
Бейнежазба жергілікті биліктің де назарын аудартты. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен оның бірінші орынбасары Жақсылық Омар шұғыл түрде бөлімге барды.
Шенеуніктің айтуынша, бұл корпус 1970 жылдары салынған және көптен бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.
«Қазір аудандық аурухананы толық жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Техникалық мәселе бойынша денсаулық сақтау министрлігімен келісімдер жасалып жатыр», – деді ол.
Жаңарту жұмыстары басталып кеткен. ШҚО әкімдігі мен KAZ Minerals компаниясы арасындағы келісім аясында келер жылдың басында жаңа инфекциялық бөлімнің құрылысы басталады. Нақастар уақытша басқа бөлімге көшіріледі.
Екінші даулы нысан — Өскемендегі облыстық мамандандырылған медициналық орталық. Мұнда жақында блогер Руслан Кабиров (REIS_UKG) шұғыл жеткізілген. Оны бөлімшеге аурухананың жертөле дәлізі арқылы апарған. Алғашында блогер өзін мәйітханаға әкелді деп ойлаған.
«Мені әкелгенде, қай жерде жүргенімді түсінбей қалдым. Сыртқы көрінісінен адамның жүрегі ауырып қалады. Жертөлемен алып өтсе, расымен мәйітханаға бара жатырмын деп ойладым. Төбе шашым тік тұрды, ауруханаға жөндеу керек», – дейді Кабиров.
Оның айтуынша, сол жертөледен науқастарды да, мәйіттерді де, тамақты да тасиды. Еденде су жиналған, үш дөңгелекті арбаның іздері жатыр. Бұл жертөле бүкіл аурухананың ішкі «төте жолы». Мәйітханаға, қабылдау бөліміне және басқа корпустарға баруға болады.
Қабырға сылағындағы «1998» деген жазу соңғы жөндеу осыдан 25 жыл бұрын жасалғанын меңзейтіндей. Қабырғалар көгерген, төбеден су сорғалап тұр, еден су-су. Әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін, қызметкерлер тексеру болады деп, дәлізге тіпті егеуқұйрық уын да сеуіп тастаған.
Оның үстіне, аурухананың дәліздерінен нашақорлыққа қолданылатын қысқыштар, инелер және бос арақ құтылары табылған. 30 қараша күні жағдайды ресми түрде тіркеу үшін полиция шақырылды.
Науқастар мұздан тайып құлап қалмас үшін корпустан корпусқа осы жертөле арқылы өтеді. Бірақ бірнеше мақала шыққаннан кейін дәлізді құлыптап тастады. Енді дәрігерлер де, науқастар да мұзды алаңмен жүріп, ғимараттарды айналып өтуге мәжбүр.
Ауруханада жөндеу тек бірнеше бөлімшеде және қабылдау бөліміне кіреберісте ғана жасалған. Одан әрі әлі қираған қалпы сүрең тартып тұр. Өскемендік тағы бір блогер танысын көруге келгенде жөндеудің жағдайын бейнежазбаға түсірген.
Мекеме басшылығы әзірге ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін билік өкілдері ауруханадағы ұзақ күткен жөндеу жұмыстары басталғанын, олар 2026 жылы аяқталатынын хабарлаған еді.
Еске сала кетсек, 1 желтоқсан күні таңертең қарулы күштер Orda.kz кеңсесіне басып кірді. Ешқандай қаулы көрсетпестен, қорғаушыларды кіргізбей, журналистерді тінтіп, жауап алу басталды. Адвокаттардың айтуынша, қарулы күштер қорғаушыларды ғимараттан күштеп шығарып жіберген.
Күні бойы редакция қызметкерлерімен хабарласа алмадық. Журналистер тергеушілердің дөрекілік көрсеткенін айтты. Оларға тамақ беруге тыйым салынып, туыстарымен сөйлесуге де бес сағаттай мүмкіндік берілмеді. Ал кешке бас редактор Гүлнәр Бажкенованы сотқа дейін 2 айға үйқамаққа қамады.
Айта кетейік, Қазақстан Журналистер одағы 274-баптың белсенділер мен журналистерді қудалайтын тетікке айналғанын атап өтіп, бұл бапты алып тастау қажет екенін айтты. Журналистер одағының Гүлнәр Бажкеноваға қатысты мәлімдемесін мына сілтемеден оқыңыз.
Сондай-ақ, кеше құқық қорғаушы Галым Агелеуов «Дождь» телеарнасында Orda.kz жайлы сөз сөйледі. Ол Қазақстанда журналистерге еркіндік жоқ екенін атап өтіп, Гүлнәр Бажкеноваға қарсы қозғалған істердің саяси тапсырыс екенін ашық айтты.
Қадірлі оқырман, Orda.kz ары қарай ақпарат таратуын жалғастырады. Әлеуметтік желілеріміз бен сайтымыздан елдегі жаңалықтарды оқи аласыздар.
Автор: Елена Медведева
Жаңалықтар
- Тоқаев әскердегі сарбаздардың қазасына қатысты кеңес өткізді
- «Қорқынышты фильмдегідей»: Шығыс Қазақстандағы сүрең тартқан ауруханаларға тұрғындар наразы болды
- Қостанайда полициядан қашқан ер адам опат болды
- Қоғамдық орындарда никаб кигендерге 43 мың теңге айыппұл салынады
- Әскерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өтті
- Ақтөбеде пойыз бастығын пышақтап өлтірген ер адам 20 жылға сотталды
- Белгілі қазақ философы Жабайхан Әбділдин көз жұмды
- Астанада медициналық колледждегі аудиторияға қаза тапқан фельдшердің есімі беріледі
- Алматы әуежайында өзіне өрт қойған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылды
- «Журналистерді қорғау комитеті» билікті Бажкеноваға қарсы істі доғаруға шақырды
- Бесағаш ауылына сел қатері төнді: тұрғындар президенттен көмек сұрайды
- Ақтаудағы ұшақ апаты: Қазақстан тергеудің соңғы кезеңіне келді
- Көлсай маңындағы жол апатынан флиппиндік турист қаза тапты
- «Петропавлда гимназия асханасынан тарақан табылды»: Директор қызметінен босатылды
- Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданды деген күдікке ілінді
- «Мен мойыған жоқпын»: «Орда» сайтының бас редакторы өз адвокаты арқылы үндеу жолдады
- Балқаш ауданындағы жер дауы: мәслихат депутаты әкімнің орынбасарына ықпал етті ме?
- Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар өз еркімен елден кете алады
- «Ордабасы» клубының экс-президенті Түркияда жасырынып жүр: Бас прокуратура Анкараның жауабын күтуде
- Павлодар облысының әкімі қамауға алынған туған әпкесіне қатысты пікір білдірді