«Қол-аяғы дірілдеп кетті»: Шерзаттың сотындағы сұмдықтар жайлы Мейірман Шекеев ашық айтты

2024 жылы 4 қазанда Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жасар Шерзаттың соты қоғамды дүр сілкіндіріп, жұрттың назарын аударды. Екі ай елдің аузынан түспеген Талдықорғандағы ашық сот несімен есте қалды? Неліктен Қаржаубай Нұрымов азаматтық-талап арыздан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсауға бел буып отыр? Үкім шықса да, елдің көкейіндегі сұрақ әлі толастай қоймады.
Orda.kz Қазақстан сотындағы ашықтық пен әділеттілік принциптері қаншалықты сақталғаны жайлы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің пікірін сұрады.
Талдықорғанда өткен бұл сотты тікелей эфирден 42 елдің көрермені көрген. Бас-аяғы 36 трансляция жүргізіліп, эфир уақыты 80 сағаттан асқан.
Осыншама адам бей-жәй қарамаған бұл соттың үкімі шыққанда сотталғандардың туыстары үкіммен келіспей, наразылық білдірді. Сот залында сотталғандар тұрған жерлерінде терезені ұрып, шу шығарды.
Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат Нұрымова соттан соң, жалпы үкімге қанағат ететінін айтты. Алайда, олар әу баста топтасып істеген қылмыс айыбымен емес, жеке-жеке бұзақылық баптарымен кеткеніне осы істі әуелде қолға алған құқық қорғаушы Айтым Амангелді бастаған қорғаушылар тобы кінәлі деп ашық айтқан еді.
Осы орайда істі соттың басталуына небары 10 күн қалғанда қолға алған заңгер Мейірман Шекеевтен сот үкімімен қаншалықты келісетіні жайлы сұрадық.
– Жалпы сот шығарған үкіммен келісеміз. Алайда, Қаржаубай Нұрқияс Ілиясовқа қатысты жазаның бір жерімен келіспейтінін айтты. Мүмкін осы бойынша апелляциялық шағым түсіріп те қалармыз. Ал қалған сотталғандарға берілген үкімнің бөліктеріне толық келісіп тұрмыз десек те болады.
– Қазіргі таңда, үкім шыққан соң әлеуметтік желіде оларға кесілген үкімнен де ертерек босап шығуы әбден мүмкін деген пікірлер жүр. Мысалы сотталғандар осы уақытқа дейін отырған уақытша ұстау изоляторындағы тоғыз ай, яғни әрбір күнінің 1,5 күн деп есептелетіні бар. Оған қоса егер жазаның үштен екі бөлігін өтеген соң, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігін қосқанда үкімнің жылдары азайып шыға келеді деген пікірлер де бар. Осы жайлы не айтасыз?
– Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Себебі бұл аса ауыр қылмыс, біріншіден үштен екісін отыруы керек. Екіншіден азаматтық талап арызды сот ішнара қанағаттандырғанын тағы ұмытпайық, оның жалпы сомасы 120 млн теңге. Қаржаубай негізінен олардан бір тиын да алғысы келмеді. Бірақ біздің мақсат — олардың сол шартты жазадан ертерек шығып кетпеуі болды. Яғни, қазір Абзал Шынасыл 60 млн қарыз. Жәбірленушілерге ол соны толық төлемейінше шыға алмайды. Оған қоса шарты түрде мерзімінен бұрын шығарар кезде кәдімгідей сот болады. Ол жерде жәбірленуші тарап қатысады және олардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Сондықтан мен заңды тұрғыда жақын арада шығады деп ойламаймын. Ал бұзақылық бабымен сотталғандарға мен азаматтық талап қойғанда бәрінен ортақ бір үлестен алып беруі керек деп сұрадым. Яғни, олар шығуы үшін барлығы бірдей қаражатты төлеуі тиіс. Демек оларды бір-бірімен байланыстырдық, егер жеке-жеке төлейтін болса, шартты түрде мерзімінен бұрын шығаруға арыз бере алмайды. Оның үстіне бұл іс резонанс тудырған сот болған соң оңайлықпен бостандыққа шығады деп ойлаймын.
Тағы айтарым Қаржаубаймен бастапқыда азаматтық талап-арызды талқылағанда ол маған қылмыскерлерден бір тиын да керек емес деп айтты. Алайда, мен оған мұның заңды тұрғыда не үшін керек екенін түсіндірдім. Қаржаубай болашақта ол қаражат түсіп жатса, қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.
– Енді үкім шыққан күнге оралсақ. Иә, бәріміз сотталушы тараптың үкімге наразы боларын білдік. Бірақ дәл 5 маусым күні болған реакцияны ешкім күтпеді. Сотталғандардың өзі сот залында тұрып сіздерге қолмен қорқытатын ишара көрсетіп, қоқан-лоқы болатын сөздер айтты. Терезені сындыруға әрекет жасап, сіздерге қарай ұмытылғанда не сезіндіңіздер?
– Сол үкім шығаратын күні Талдықорғанға барар жолда әріптесім Бағдагүл Әжіғалиевамен сөйлестік. Шыны керек, жүрегімізде бір қиналыс болды. Өйткені сотталғандар жарыссөз бен соңғы сөздерінде кешірім сұрап, өкінетінін айтып жатты. Әрине, іс барысында салқынқандылық сақтағанмен біз де адамбыз. «Мейірман, қалай болар екен, шынымен де жазықсыз біреуі кетіп қалмай ма екен?» деп бір сөйлесіп алған едік. Алайда, үкім оқылған кезде олардың шынай бет-бейнесін көрдік. Бізге қарай ұмтылған кезде әйнек бері қарай шығып кете жаздады. Қасымда тұрған Бағдагүл ханымның аяқ-қолы дірілдеп кетті. Қаншама күзет, халық тұр сол жерде соған қарамастан бізге қоқан-лоқы көрсетіп тұрса, демек ол оқиға болған түні де өздерін дәл солай ұстады деген сөз. Сот залында олардың әрекеттерін көргенде шынымызды айтсақ, иығымыздан жүк түскендей болды. Себебі сол әрекеттен қылмыскердің шынайы бет-бейнесін көрдік.
– Енді сот процесінде көпшілікке ұнаған тактикаңыз — көліктің бейнетіркегішіндегі жазбасын қолданғаныңыз болды. Дәл осы жазбаны сотталғандар мен куәлер жауап беріп болған соң, сотқа ұсыну әу баста жоспарыңызда болды ма? Себебі көп жерде сөздері кереғар болған куәгерлер мен сотталғандардың сөздерін теріске шығарған, шындықты ашып көрсеткен осы бейнетіркегіштегі жазба болды ғой.
– Мен әрбір істе стратегия құрамын. Яғни, айғақтарды соңына қалдыруға тырысамын. Бастапқы жағында сұрақтар қойдым. Өздері мойындауларына да мүмкіндік бердік. Сонымен қатар, айыптауды мемлекеттік айыптаушылар прокурор бірінші жасайды. Біз бақылап отырдық: «мүмкін осылар ұсынып қалар сол дискіні» деп. Бірақ олар сол жерді аттап өтіп кетті. Сол кезде біз өзіміз іштей қуанып қалдық. Соңында ол бейнетіркегіштің жазбасын ұсынып, стеноргаммасын жарияладық. Ол жазбада былапыт пен боқауыз көп. Біз оны жариялағанда бір «бомба» жарылғандай әсер болды. Себебі дәл сол жазбада кімнің қандай әрекет жасағаны, кімнің қалай сөйлеп, қандай әсерде болғаны, бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ешкімнің де шок әсерінде болмағанын да дәлелдеп бердік. Сол бейнежазбаны жариялаған соң ғана екі куә қызға қатысты талап-өтінішті оқып бердім. Содан соң соттың күмәні болмады деп санаймын. Артынша куә қыздарға қатысты жеке қаулы шықты.
— Бәрінің көкейін тескен сұрақтардың бірі де дәл осы Дана Жақсыкелді мен Эльмира Нұрбековаға қатысты болды. Сотта Абзал Шынасыл маған пышақты жууға Дана көмектесті деп айтты. Оны Жақсыкелдінің өзі де жауабында растады. Неліктен қылмыс жасаған қаруды жуғандарын екеуі де мойындап тұрса да, Дана Жақсыкелді куә болып шыға келді? Мұны тергеудің салғырттығы деп ойламайсыз ба?
– Шыны керек, бұл сұрақ бізді әу баста-ақ толғандырды. Бұған қатысты болжамымыз бар. Енді ол нақты дәлелденбеген соң дәл осындай деп айту қиын. Бастапқыда барлығының әрекеттері 99-баптың 2-тармағымен сараланған. Кейінірек Қазыкенов пен Розбакиев та қорғануға құқығы бар куә ретінде жауапқа тартылған. Бірақ артынша олар жәй куә болып шыға келеді. Олардың қасында сотталған кәмелеттік жасқа толған Думан Ысқақтың іс-әрекеті «баланың ойыны» болып қалады. Себебі ол жеке көлікте отырған. Ал мына төртеуі барлығы оқиғада бастан-аяқ бір көлікте отырған. Олар қандай қылмыс болғанын бірге талқылайды әрі бәрінен хабардар еді. Менің ойымша бұл тергеудің салғырттығы деп ойлаймын. Ал Элмира Нұрбековаға келер болсақ, ол сотта қазақша білмеймін деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. Алайда бейнетіркегіште қазақшасы судай екенін әрі оның ешқандай да шок жағдайында болмағанын, қалыпты күйде көліктің ішінде бәрін тайға таңба басқандай сайрап, оқиғаны баяндап отырғанына бәріміз куә болдық.
Үкім шыққан күні судья Ержан Жанұзақов осы куәгерлерге қатысты олардың іс-әрекетін қайтадан саралауға қатысты жеке қаулы шығарды. Оның жауабы қашан шығады деген сұрағымызға Шекеев, бір айдың ар жақ бер жағында жауабы шығып қалатынын айтты.
– Сотталушылар соңына дейін мойындамады. Сіз бір сөзіңізде егер олар істеген қылмыстарын мойындағанда мүмкін алған жазасына қарағанда жеңіл жаза тағайындалар еді дегендей пікір айттыңыз. Аз дегенде қанша жыл берілер еді?
– Қылмыстық кодекстің 53 және 54-баптарына сәйкес жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар бар. Яғни, адамның өзінің қылмысты мойындап тергеумен бірге әрекет жасауы жазаны жеңілдететін мән-жайларға жатады. Сот оның шынай өкінгенін әрі мойындағанын есепке ала отырып жазасын төмендетеді. Әрине, түптеп келгенде ол соттың қарауында. Менің ойымша олар мойындаса, екі-үш жыл азайтар еді.
– Көпшіліктің көкейінде жүрген бір сұрақ бар. Ол оқиға орнына мылтықты кімнің әкелгені жайлы. Тергеу бойынша оны белгісіз тұлға әкелді делінген. Алайда сот барысында нақты кімнің әкелгені сол күйі анықталмады. Енді бұл сұрақ жауапсыз қала ма?
– Соттың қазір қарар бөлігі жарияланды. Алда толық нұсқасы шыққанда мүмкін соның ішінде мылтық жайлы дерекке құқықтық баға беріп кетер. Бірақ тергеуде оны белгісіз тұлға әкелді деген нұсқамен де сот шектелуі мүмкін. Себебі сот барысында ол мылтық кімге тиесілі екені анық нақтыланбады. Иә, сотталғандардың көбісі Нұрғанат Ғайыпбаевты көрсетті. Бірақ олардың сотталушылар екенін ұмытпайық. Менің ойымша мылтықты кім әкелгені қатты маңызды емес. Себебі дәл сол қарудан ешкім зардап шеккен жоқ. Оған қоса ол қылмыстың басты нысаны емес.
– Енді сол үкім шыққан күні де одан кейін де өзіңіз естіп жатқан боларсыз. Сотталғандардың тарабы Қаржаубай да қамалсын деп ұрандатып жатты. Яғни, ол осы төбелеске итермеледі, арандату жасады дегендей пікірлер айтып жатыр. Тіпті сотталғандардың туыстары жиналып Қаржаубай Нұрымовтың іс-әрекеті саралансын деп президент пен бас прокуратураға үндеу жолдапты. Бұған қатысты не дейсіз?
– ТикТок-та доктор деген лақап атымен танымал Бауыржан Әбдірахман атты азамат қазіргі таңда, тіпті сот процесі өтіп жатқанда да Қаржаубайға неше түрлі жала жапты. Біз оны назардан шығармадық. Иә, ол оқиға болған түні пышақ алып шықты. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ пышақпен ол ешкімге не шабуыл, не соққы жасаған жоқ. Ол пышақты тек қорғану мақсатында алып шықты. Сотта сотталушылардан да сұрадық: «сол пышақтан біреуі зәбір көрді ме?» деп. Ешкім Қаржаубайдың пышағынан зиян шекпегенін айтты. Оның үстіне бір топ адам келіп тұрса, қорғану мақсатында пышақ түгілі мылтықпен де қорғануға құқығы бар. Себебі ол өз шекарасында тұрды. Ойлап қарасақ, ол жерге көлікпен келген жігіттер бөтен жерге біреудің шекарасына келіп тұр. Ал Қаржаубай тек қорғанды. Енді қазір ол тараптың айтып жүргенін қалыпты жағдай деп қабылдайық. Басқа айтар ештеңе жоқ болған соң, сол Қаржаубайды сылтауратып жүр.
– Ал енді Қаржаубайдың өртенген үйіне «жылу» жинай ма? Өртке қатысты қылмыстық іс қай деңгейде? Оған қоса Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі үй салып бермейтіні жайлы ақпарат тарады. Сонымен үйді кім салып береді?
– Бұл істі біз кейінге шегеріп қойдық. Бастапқыда өртке қатысты іс қысқартылып кейіннен қайтадан жанданды. Қазіргі таңда үйге қатысты тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар, біздің құқық қорғау органдары Ресейге жер серікпен сол сәтте үйдің айналасында кісілер болғаны жайлы ақпаратты қарауын сұрадық. Мен жақында тергеушімен сөйлескенде әлі ешқандай хабар жоқ деді. Енді үйге қатысты айтар болсақ, иә, бастапқыда әкімдік салып береді деген ақпаратты мен де естідім. Бірақ әлі күнге дейін салынбады. Ал Қаржаубайдың ұстанымын тікелей оның өкілі ретінде айтарым Қаржаубай ешқандай ақша көздеп отырған жоқ. Ол тек әділдік іздеген адам. Ал үйге «жылу» жинау туралы Қаржаубайдың туыстары көтергені рас. Алайда Қаржаубай әзірге оған келісім берген жоқ. Осы орайда айта кетейін, басында Айтым Амангелді айтқан «меценаттар көмектеседі, үй алып береміз» деген ақпарат болды. Артынша білгенім, Астананың шет жағында бір түпкірден 44 шаршы метрлік үйді ұсынған. Алайда ол жаққа бару тиімсіз әрі 44 шаршы метрге бала-шағамен кім сыяды?
– Нұрғанат Ғайыпбаевтың ісі қандай деңгейде?
– Оған қатысты іс те бір жабылып, қайтадан жанданды. Қазір болжап айта алмаймыз. Нұрғанаттың өлімі бойынша да Абзал Құспанға айттым. Ресейден жер серік арқылы білейік деп. Өлген кезде қасында кімдер болды дегендей... Енді бұл істің де деңгейі жайлы тергеу әлі де жүріп жатыр деп айта аламыз. (Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімі жайлы толық мәліметті мына репортаждан оқи аласыздар).
– Ал Қаржаубай Нұрымовқа келер болсақ, Нұрымов інісі қайтыс болғанда жаназада Талғарда елді митингке шақырды, бүлік жасады әрі полиция қызметкерінің көлігіне зиян келтірді деп 15 тәулік отырып шықты. Бұл іске де қатысты сот отырысы бола ма? Істі неге Антикор қарап жатыр?
– Иә, Қаржаубай әкімшілік тәртіп бойынша жазаға тартылып, 15 тәулік отырып шықты. Одан бөлек «бөгденің мүлкін қасақана бүлдірді» деген қылмыстық іс қозғалған еді. Соңғы рет осы іске сұрау салғанымда маған прокуратура істі Антикор алды деп жауап берді. Себебі бүлінген мүлік полицияға тиесілі болған соң, олар өздерінің қызметін пайдаланып істі бұрмалауы мүмкін деген мақсатта алып кеткен. Ал істің нақты қандай деңгейде екенін қазір айта алмаймын. Себебі бар назарым Шерзаттың ісінде болды.
– Жалпы бұл ашық сотты 42 елдің тұрғындары көрген. Жас аралығы 25 пен 34 жас. Тіпті 13–17 жас аралығындағы көрген адамдар 1,5% болған. Яғни, басым көпшілігі жастар. Бұл ашық сот қоғамға қаншалықты сабақ бола алды деп ойлайсыз?
— Мен осы сотты елге сабақ болды дегенге толықтай келісемін. Біздің азаматтар сенуден қалған. Яғни, біреудің жасаған қателігінен сабақ алу, ондай істерден аяқ тартып жүру деген түсінік қалыптаспаған. Мысалы, Тайландқа жұмысқа барып, құлдыққа қамалған қазақ жастары сондай құрықтың бар екенін теледидардан көріп тұрып, сондай істерге ұрынып жатты. Сонда олардан: «әлеуметтік желіден әрі теледидардан көрмедіңдер ме?» десем, олар: «көрдік, бірақ бәрін шоу деп ойладық» дейді. Ал мынау Шерзат ісі таза өмірдің оқиғасы болды. Кеше ғана бір келіншек маған баласына осы істі көрсеткенін айтты. Ол баласын екі ай бойы отырғызып, сабақ болсын деген мақсатта сот отырысын қосып берген.
Біріншіден, көбісі қылмысты хабарламаудың өзі қылмыс екенінен бейхабар. Бізде керісінше ондай төбелес болып жатса, бәлесінен аулақ деп өте шығады. Себебі тәрбиені де солай береді, төбелес көрсең, араласпа деп айтады. Әрине, бұл дұрыс емес. Екіншіден, болмашы бір сыраның, менмендік пен эгоның талай жерге апарып тастайтынын көрдік. Бір сәттік намысшылдықпен екі рет адамды тебу қанша жылға темір тордың артына тоғытары көпшілікке сабақ болды деп ойлаймын. Үшіншіден, кәмелетке толмаған өрімдей балалар түнделетіп не істеп жүр? Ата-ананың қадағаламағаны Думан Ысқақты мектеп бітіріп үлкен өмірге қадам басар шағында темір торға тоғытып қойды.
— Бұл соттан ата-ана да, бала да сабақ алуы тиіс. Сотта көрдіңіздер, сотталғандардың ата-анасы қалай шырылдап қалғандарын. Сол үшін тәрбиені дұрыс беру керек. Жағдайды ушықтырып, болары болған соң шырылдамай. Әйтпесе, ол кезде бәрі тым кеш болуы мүмкін. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін түсінбейтін бір сәт бар. Мен де жас болдым. Иә, көше заңы деген түсінік бар. Бірақ, 90-жылдардағы бандит сымақтардың өзі жерде дараланып жатқан жас баланы жабылып теппеген. Оның үстіне қасында шырылдап жанұшыра айқайлаған анасы барда... Не болса да, кішкентай балаға жабылу ешқандай санаға сыймайтын әрекет.
Екі айға созылып, қоғам назарын аударған сот процесін Orda.kz Талдықорғаннан тікелей бақылап, оқырманға ақпарат таратып отырды. Бұл сұхбат – үкімнен кейін көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап бере алды деп үміттенеміз.
Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты өзге істер де алдағы уақытта редакция назарынан тыс қалмайды.
Жаңалықтар
- Қытай аспанындағы отты шоу: дрондар көрермендердің үстіне құлап, өрт шықты
- Елімізде 11 қазаннан бастап дүкендерге жаңа ереже енгізіледі
- Шіріген құбырлар Алматының тұтас бір ауданын сусыз қалдырды
- Қазақстанда техникалық байқау тәртібі өзгермейтін болды
- «Робин Гуд»: 6 млн несиені қайтармаған Сариев сотта көз жасына ерік берді
- «Қазтелеком» Орталық Азиядағы екінші ірі AI-кластерді іске қосты
- «Қайратпен» өткен матчтан кейін «Реал» жұлдыздарының бағасы құлады
- Руслан Берденов жаңа лауазымға тағайындалды
- Белгілі жазушы Еркін Жаппасұлы қайтыс болды
- ХАМАС бейбіт жоспар аясында Газа тұтқындарын босатуға дайын екенін мәлімдеді
- Алматыдағы тергеу абақтысында судья қайтыс болды
- «Тозақ отын жаудырамын»: Трамп ХАМАС-қа соғысты тоқтату туралы шарт қойды
- Украин дрондары Қазақстан шекарасына жақын орналасқан мұнай өңдеу зауытына соққы жасады
- Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысу үшін Әзірбайжанға барады
- «Өлімші етіп сабаған»: Алматы колледжінде төбелескен қыз бен жігіт полицияға жеткізілді
- Ұлтаралық араздық туғызған Алика Мұхамедиеваның ісі сотқа жіберілді
- Алматы қаласында заңсыз БДСМ студиясын ашқандар ұсталды
- Павлодар облысында әкім фельдшермен төбелесті
- «Өлім жазасы»: Қырғызстанда 17 жастағы Айсулуу Мукасеваның өлімі қоғамды дүр сілкіндірді
- «10-12 жасар қыздар туып жатыр»: Қарағандыда 15 жастағы қызды «ұзатқан» ата-ана жазасыз қалмақ