Қазақтың ұлттық киімін дәріптеген Ақтау жұрты Гиннесстің жаңа рекордын паш етті

cover Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Ақтау қаласының тұрғындары ұлттық киімдерін киіп, Каспий теңізінің жағалауындағы алаңға жиналып, Гиннес кітабының жаңа рекордын орнатты, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

Ақтаудағы арнайы алаңға бес мыңнан астам адам жиналып, «Қазақтың ұлттық киімін киген адамдардың бір жерде ең көп шоғырлануы» номинациясында Гиннес кітабының рекордын жаңартты.

Ақтаудағы ауа-райының салқындығы мен жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан ұлттық киіммен жиналған халықтың көңіл-күйі көтеріңкі, қала жұрты небір ұлттық нақыштағы ою-өрнегімен қазақтың ұлттық киімінің сән-салтанатын дүние жүзіне паш етті. 

Ақтаудағы рекордты тіркеу үшін судьялық комиссия ретінде Лондоннан Гиннесстің рекордтар кітабының штаб-пәтерінен арнайы өкіл келіп, қазақ халқын Наурыз мерекесімен құттықтап, рекорд орнатылғаны туралы сертификат тапсырды.

Рекордқа қатысатын жұрт алаңға таңғы 9-дан бастап жинала бастады. Күннің суығын да елемеген халық ұлттық құндылыққа деген  құрметтерін көрсетіп, түске дейін тапжылмай тұрды. Таңертең сағат 11-де ұйымдастырушылар төрт мың қатысушы келгенін жариялады. Қатысушылар саны сағат 12: 01-де бес мыңнан асты. Сол кезде алаңның төбесінен дрон ұшырылып, нақты жиналған халық саны таблодан көрсетілді. 

Гиннестің арнайы өкілі сертификат тапсырған соң ән мен биге бөленген алаңда мерекелік концерт жалғасты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар