Қазақтың келінге қатысты салт-дәстүрлері мен ат тергеудің тәрбиелік мәні
Жасанды интеллекттің көмегімен жасалған иллюстрация
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері жас келінді жаңа ортаға бейімдеп, оның ибалы, көргенді болып қалыптасуына ерекше ықпал етеді. Жаңа түскен келінге қатысты салт-дәстүрлерді Orda.kz жинастырып шықты.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері жас келіннің жаңа ортаға сіңісіп кетуіне, тәрбиесі мен ибалығын қалыптастыруға үлкен мән берген. Солардың бірі – «беташар». Бұл рәсімде келіннің беті ашылып, ол жаңа туыстарымен танысады. Арнайы жыршы әрбір туыстың атын атап, келінге сәлем салғызады. Ал туыстар өз кезегінде көрімдік беріп, ақ тілектерін білдіреді. Бұрын мұндай сыйлық ретінде мал берілсе, қазіргі уақытта көбіне ақшалай немесе бағалы заттар ұсынылады. Айта кетейік, 2024 жылы қазақтың ең көне дәстүрлерінің бірі беташар ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне кірді.
«Түйе мұрындық»
Жаңа түскен келінге қатысты тағы бір ерекше дәстүр – «түйе мұрындық». Ертеректе ұзатылған қызды көшпен алып келе жатқанда, жолдан әйелдер шығып, көштің алдын бөгеп, алдыңғы түйенің бұйдасынан ұстап тұрып, кәде сұраған. Бұл дәстүрдің қазіргі заманға бейімделген түрі де бар: келінді көлікпен әкелгенде, оны қарсы алушылар түрлі сый-дәм ұсынып, кәде алады.
«Құрсақ той»
Келіннің өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – «құрсақ той». Келіннің жүкті екені белгілі болғанда, енесі мен жақындары қуанып, арнайы дастархан жаяды. Қонақтар әртүрлі тағам әкеліп, келіннің жерігін табуға тырысады. Бұл – ана мен болашақ баланың амандығын тілеуден туған ізгі дәстүр. Сонымен қатар, келген әйелдер үй босағасына орамал іліп кетіп, «бақыт осы шаңырақта қалсын» деген ниет білдіреді. Келін түскен кезде жасалатын жоралғылардың бірі – оны тулаққа отырғызу. Бұл келіннің мінезі жұмсақ, биязы болсын деген ырым. Сонымен қатар, келін үйге оң аяғымен кіріп, үлкендерге сәлем салып, бата алады. Осы арқылы оның инабаттылығы мен тәрбиесі байқалады.
«Ілу салу»
Тағы бір қызықты дәстүр – «ілу салу». Келін өзімен бірге әкелген киім-кешектерін іліп қояды, ал көрші-қолаң мен туыстар оны бөлісіп алады. Бұл адамдар арасындағы сыйластық пен жақындықты арттырады. Келін шай құйып, қонақтарға қызмет көрсету арқылы өзінің ептілігі мен ұқыптылығын көрсетеді.
«Есік ашар»
Сонымен қатар, «есік ашар» дәстүрі бойынша келін туыстардың үйіне барып, танысып, сыйлық апарып, үлкендерден бата алады. Ал туыстары болса, жас отауға келіп, «өңір салу» жасап, үйге қажетті заттарын әкеледі. Бұл – жаңа отбасының тұрмысын жақсартуға бағытталған дәстүр. Қазақ салтында келінге арнайы табақ тарту да маңызды. Оған төс пен үлпершек салынып, «ұрпақты бол, елге сыйлы бол» деген ниет білдіреді. Келін тағамнан дәм татып, оны өзгелерге ұсынады. Ал төркінге бару дәстүрі де өзіндік тәртіпке бағынады. Бұрын қыз ұзатылғаннан кейін бір жыл өтпей төркініне бармаған. Бұл оның жаңа отбасына бейімделуіне мүмкіндік берген. Төркінге көбіне сәбиімен бірге барғаны жақсы ырым саналған. Туыстары оларды құрметпен қарсы алып, сый-сияпат көрсеткен. Осылайша қазақтың әрбір салт-дәстүрі терең мағынаға ие болып, жас келінді тәрбиелеуге, отбасы бірлігін нығайтуға бағытталған.
«Ат тергеу»
Ат тергеу – қазақ халқының келінге қатысты ерекше әдептік дәстүрлерінің бірі. Бұл – жаңа түскен келіннің қайын жұртындағы үлкендердің және туыстарының атын тура атамай, өзіне лайықтап, құрметпен басқа атаулар беруі. Яғни, келін атасы мен енесіне, қайнаға-абысындарына, қайын інілері мен сіңлілеріне, сондай-ақ ауылдағы жасы үлкен адамдарға арнайы ат қояды. Жас келін барған үйіне бірден сол әулеттің мүшесі ретінде қабылданады. Сол себепті ол күйеуінің атасын көбіне «ата» немесе «әке» деп атайды, ал әжесін «әже» дейді. Ал күйеуінің әкесін «үлкен ата», «ата» немесе «кіші ата» деп атау да кездеседі. Күйеуінің ағаларына келін түрлі құрметті атаулар береді. Мысалы, оларды «үлкен аға», «жақсы аға», «ағакем», «көке» деп атауы мүмкін. Ал інілеріне «сал жігіт», «мырза жігіт», «молда жігіт», «ортаншым», «тетелес», «інішегім», «кенже» сияқты еркелетіп, ізет білдіретін атаулар қолданылады. Қайын сіңлілеріне де келін өзінше ат қояды.
Мәселен, «еркем», «шырайлым», «кекілдім» деген сияқты жылы әрі жақын сөздермен атайды. Ал бұрын ұзатылып кеткен қыздарды көбіне «апа» деп немесе олардың күйеулеріне байланысты атап, «пәленшенің қызы», «түгеншенің қызы» деп айтуы мүмкін. Сонымен қатар, келін тек ер адамдарға ғана емес, олардың жұбайларына да арнайы атаулар береді. Абысын-ажындарын «үлкен апа», «кіші апа», «жақсы апа», «жеңешем» деп атап, өзара сыйластық пен татулықты сақтайды. Осылайша ат тергеу дәстүрі келіннің әдептілігін, үлкенге деген құрметін көрсетіп қана қоймай, отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға да үлкен әсер етеді.
Қазақта келін түсіруде көптеген салт пен дәстүрдің орындалуы осы жаңадан құрылған отбасының келешегінің жарқын болуы мен болашақ сәбилердің берекесі мен бірлігі жарасқан жанұяда өсуіне де ықпал ететіні ақиқат. Сондықтан да үлкендер ырым мен салтты тек той-думан үшін емес үлкен мән мен мағына және қасиет бар болғандықтан сақтап әрі жасап келген.
Оқи отырыңыз:
- Баян Алагөзова: Радикализм, «Алтын Ханым» және әл-Фарабидегі апаттар
- Беташар ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енді
- Никаб киюге шектеу: Заң қалай жұмыс істеп жатыр?
Жаңалықтар
- Перизат Қайрат түрмеде тазалықшы болып жұмыс істеп жүр
- Тоқаев Корея президентінің арнаулы өкілімен қазақ-корей ықпалдастығын одан әрі нығайту жолдарын талқылады
- Қазақстан Түркияның әскери мүлкі мен әскери қызметкерлерінің транзитіне рұқсат береді
- Мәжіліс депутаты радикал діни ағымдарға заңмен тыйым салу мәселесін қайта көтерді
- Мемлекеттік қызметкердің есірткіге әуестігі тексеріледі: Мәжіліс заң жобасын қарап жатыр
- Магнус Карлсенмен суретке түскен Алуа Нұрман халықаралық турнирден 2-орын алды
- Қаңғыбас иттерді өлтіруге рұқсат берілді
- Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында болған өрттің алдын ала себебі белгілі болды
- Алматыда 2030 жылға дейінгі қаланың бас жоспарына сай қай жолдар ұзарып, қандай нысандар сүріледі?
- Әділетхан Молдахан 2 айға қамауға алынды
- Коуч пен психологтардың құқықтық мәртебесі заңмен айқындалмақ
- Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мерекесі жайлы не білеміз?
- Сағатына 100 мың жалған хабарлама: Құпия деректер мен банктегі қаражатты қолды қылатын алаяқтардың жолы кесілді
- Таяу Шығыстағы ахуал: Трамп айтқан «алтын дәуір» бастала ма?
- Әкімдіктегілер түстен кейін жұмысына оралады — Ақтөбе облысының әкімі
- Солтүстік Корея екінші күн қатарынан белгісіз снарядтарды ұшыруда — Оңтүстік Корея
- Қазақтың келінге қатысты салт-дәстүрлері мен ат тергеудің тәрбиелік мәні
- АҚШ пен Иран 14 күнге бітім жариялады: Тоқаев құптады
- Әкімдіктегі тілсіз жау: Ақтөбе облысының әкімі мәлімдеме жасады
- Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимараты өртке оранды