«Қазақтың Робин Гуды» Сәриев өліп қалған адам үшін «емге» деп 20 млн жинағаны рас па?

cover Коллаж Orda.kz

«Қазақтың Робин Гуды» атанып кеткен блогер Ілияс Сәриевтің соты аяқталуға жақын. Жарыссөзге таяу сәтте Сәриевтен жапа шеккен тағы да бір азаматша пайда болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматыда «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сәриев пен MM Travel турфирмасының басшысы Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот ісі аяқталуға таяды.

Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан іс бойынша екеуіне де қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни «ірі көлемдегі алаяқтық» айыбы тағылған.

Сот отырысында Сәриевтің ұялы телефоны тексерілді, алайда құрылғыны қосу мүмкін болмады. Осыған байланысты қорғаушы тарап Ілиястың көмекке мұқтаж отбасылар үйлерінде түсірілген екі бейнежазбасын ғана көрсетті. Қорғаушының айтуынша, Сәриев қайырымдылық жұмыстарын атқарған, бірақ әлеуметтік желідегі белсенділік төмендеп кеткендіктен, бейнероликтерді жариялауды кейінге қалдырыпты.

Бұдан бөлек, сотта Сәриевпен бірге жұмыс істеген мобилографтың бейнеүндеуі көрсетілді. Ол да кейбір бейнероликтердің жарияланбауы парақша белсенділігінің төмендігімен байланысты екенін түсіндірді.

Алайда жәбірленуші тарап бұл дәлелдермен келіспеді. Олар айыпталушы бейнероликтерді әдейі жарияламай, соған қарамастан «көмек» ретінде алдын ала қомақты қаражат алғанын еске салды.
Фото: Orda.kz.
Фото: Orda.kz.

Келесі сот отырысында Сәриевтің қорғаушысы соттан Ақтоты Дүйсеева тарапынан айыпқа қатысты қосымша дәлелдер ұсынуды міндеттеуді сұрады. Адвокаттың айтуынша, іс материалдарына тек расталған деректер тіркелуі тиіс. Ол Дүйсееваның мобильді қосымша арқылы Сәриевтің өз шотына қаражат аударғаны және ол ақшаның құмар ойындарға жұмсалғаны жөніндегі мәліметтерді талап етті.

Судья Ернар Қасымбеков өтінішті ішінара қанағаттандырып, келесі сот отырысына Дүйсееваның телефонын зерттеу үшін алдыртуды тапсырды.

Соттың соңына қарай жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов Сәриевтен зардап шеккен тағы бір азаматтың пайда болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл азаматшаның баласы онкологиялық дертке шалдыққан, әрі баспанасыз екен. Сәриев оның жағдайын түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған соң, жұртшылық 20 миллион теңге жуық жинап берген. Алайда ақша отбасыға жетпей, бала қайтыс болған.
«Сариевтің әркетінен тағы бір зардап шегіп, алданып қалған адам маған шықты. Сол кісінің оқиғасын Сәриевке тағылып отырған іске мінездеме ретінде айтып берейін. Сәриевке баласының онкологиялық диагнозы бар әрі басында баспанасы жоқ ана хабарласып, елден көмек сұрап беруін өтінген. Сәриев отбасының мүшкіл халін түсіріп алған, артынша бірден әлеуметік желіге де жариялапты. Тіпті осы жанұяға деп 24 млн-ға жуық қаражат жиналған. Алайда ақшаны әне беремін, міне беремін деп жүргенде науқас бала қайтыс болып кетеді. Ақырында не үй жоқ, не бала жоқ. Осы азаматша Сәриевтің бұл әрекеті үшін де жауапқа тартылуын сұрап отыр», – деді Палманов.

Судья бұл іс қазіргі сот аясында қаралмайтынын айтты. Егер полиция бөлек іс қозғалса, онда ол жеке қаралады.

Айта кетейік, Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсеева кінәсін ішінара мойындады. Сәриев 26 эпизодтың алтауы бойынша жауап беріп жатыр. Ал Дүйсеева өз кінәсін MM Travel компаниясына қатысты эпизодтар бойынша мойындаған.

Сот барысында ауыр дертке шалдыққан балалардың туыстары Сәриевке сеніп, емге ақша жинауға көмек сұрағандарын айтты. Алайда олардың сөзінше, жиналған қаражат жеке қарыздарды өтеуге жұмсалған, ал уәде етілген қайырымдылық қорлары ашылмаған.

Келесі сот отырысы 6 қарашаға жоспарланған.

Еске сала кетсек, Ақтоты Дүйсеева журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, Ілиястың құмар ойындарына миллиондап ақша тіккенін жайып салды. 

Orda.kz тілшісі бұған дейін Ілияс ашқан қорға сеніп қор болған жандардан сұхбат алған болатын. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар